1588
Ұраны - Алаш, мұраты - азаттық
Ұраны - Алаш, мұраты - азаттық
Ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған Т.Жұртбайдың «Ұраным-Алаш!..» атты зерттеулер жүйесін құраған (түрме әфсанасы), үш кітаптан тұратын еңбегі оның ұзақ жылдарғы ізденісінің жемісі, зейінді зерделеулер жиынтығы, ойлар мен толғаныстар топтамасы, білім мен біліктің тағылымы екені айқын аңғарылады. Алғашқы кітаптың бастапқы бөліктерінен-ақ – Алаш идеясының азаттық пен бостандықты, тәуелсіздік пен тұтастықты ту еткен асыл мұрат-мүдделері терең танылады. Кітап авторының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мұрағатында «аса құпия құжаттармен» танысу негізінде «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісі материалдарын тиісінше пайдаланғаны, жан-жақты қарастыруға мол мүмкіндіктер алғаны, негізгі нәтижелер мен тың тұжырымдарға қол жеткізгені, келелі ойлар өрбітуге де кең өріс ашылғаны терең танылады. Іргелі ізденіс пен мол материалдар жиынтығы-тақырыпты еркін меңгеруге, уақыт пен кеңістік сырларын ашуға, өмір-уақыт шындығын танып-таразылауға жаңа өріс, соны сипаттар бергені айқын аңғарылады.
Ақиқатын айту керек, кітап авторы Алаш мұраты мен мирасына қаламгерлік қызығушылықпен қатар, ұлт мұратына адалдық танытқан, елдік мүдде жолында жеке бастарын қауіп-қатерге тіккен аға буын – ұлағатты ұрпақтың жанкешті һәм жауапкершілік жүгі мол өмір-тағдырларына, шығармашылық мұраларына жіті ден қояды. Әрбір дәйек пен дерек көздеріне, материалдар жиынтығына мұқият қарайды. Бастысы, әрине, Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің өмірі мен қызметін, көзқарас мұраттарын арғы-бергі кезеңдерде ғұмыр кешкен ұлт мақтаныштарының тағдыр-талайымен сабақтастықта сөз етеді. Тарих пен таным таразысына мән беру, өткен кезеңдер шындығынан сыр тарту, танымал тұлғалардың талайлы сәттері де зерттеу мен зерделеу жүйелерінен оңды сипат алған. Атап айтқан жөн, автор ұлт мұраты жолындағы қазақ оқығандарының өмірі мен тәжірибесін, қилы кезеңдердегі ауыр хал, қиналған сәттерін де ел тарихымен байланыс, бірлікте қарайды. «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі төңірегіндегі алуан көзқарас, түрлі әрекет, қауесеттер шындығын да тергеу ісі нәтижелерімен сабақтастықта сөз етеді. Осының негізінде өткен күндер шындығын, тарих сабағын, ұлт тәуелсіздігі жолындағы әрекет, қимылдарды барынша әділ, талап деңгейінде қарастырады. Бұл тұста, сөз жоқ кеше-бүгін байланыстарына, тарих пен таным арналарына, кеңестік жүйенің әміршіл-әкімшіл әрекеттеріне, «жекелеген қайраткерлердің» қырағылық қимылдарына, ұрда-жық, сиықсыз сипаттарына назар аударылады. Саясат пен парасат иірімдеріне енеді. Парасат әлемінің басым бағыттары, ақиқаттың бар асылдан да биік, үстем екендігі дереккөздері арқылы кеңінен көрсетіледі.
Кітап авторы алғашқы тұста «Түрме әфсанасының тарихы» туралы келелі ойлар қозғап, ұлттық ақыл-ой алыптарының талайлы тағдырларына қатысты жазалау науқаны 1927 жылы басталып, үкім алпыс жылдан соң күшін жойғанына назар аударады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеу құжаттарының маңыз-мәні айқындалады. Саяси қудалау кезеңі, авторлық құқықтар мен тыйым салынған шығармалар тағдыры сөз етіледі. Сондай-ақ, сол тұстағы: «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан «Алашорда» қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» ден қойылып, зардапты-зиянды астары ашылады. Жиыны 14 томдық тергеу ісінің қалтарысты-қатпарлы қырлары көрсетіліп, тергеу барысында орын алған өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың көлеңкелі беттері ашылады. Нәтижесінде, Жоғарғы сот тарапынан: «СССР Халық Комиссарлар Советінің жанындағы ОГПУ-дің ІV коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсіпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әділев Дінмұхамед, Бірімжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битілеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрім т.б. жөніндегі қаулысының күші жойылсын, олардың іс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын» деген шешім шығарылады. Бұдан кейін қалың көпшілікке таныс «Алаш» қайраткерлерін ақтау туралы қорытынды жарияланады. Қоғамдық-саяси, ұлттық-тарихи, әдеби-мәдени бағыттардағы шығармашылық мұрасы, адамдық-азаматтық көзқарастары айқындалады. Алаштың қайраткер-қаламгерлеріне қатысты тергеу барысы, айыпкер актісі, сұрақ-жауап үлгілері тиісінше орын алады. Қысқасы, жазалау жылдарының шежіресі – адам мұраты мен еңбегі, тағдырлар талқысы төңірегінде кең өріс алады. Маңыздысы, әрине, қайсібір қайраткер һәм қаламгерге қатысты тергеу барысы мен хаттама қорытындысынан ұлт мұраты мен оған қалтқысыз қызмет етудің өнегелі үлгілері, өмірге құштарлық пен руханият ісіне сүйіспеншілік сипаттары айқын көрініс береді. Сол себепті, «Алашорда» үкіметі мүшелері эмиграцияға кетуге емес, ұлтқа қызмет етуді басты мұрат, абыройлы іс деп таниды: «Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс» деген қорытындыға келеді. Осы бағыт, көзқарасқа мықтап табан тірейді. Олардың өмір сапарлары қысқа болғанымен, еңбек-мұраларының ғұмыры ұзақ, рухани әсер-ықпалы зор болды. Асылы, Алаш мұраты мен мирасынан – ұлттық мемлекет құру, тәуелсіздік идеясы айқын көрініп, оның өзі арғы тарихымыздағы елбасылар мен қолбасылардың, ақын-жыраулардың арман-аңсарын сабақтастықта өрістетудің, жүзеге асырудың жарқын үлгісіне айналды. Бұл жолы да кедергілер кездесті. Зорлық-зобалаң, қуғын-сүргін көп болды. Биліктің құрығы ұзын, айла-амалдары да шектен тыс еді. Тергеу амалдары да бар-жоқты тізіп, кінәлілердің санын да, қарасын да көбейтті. Жолсыз жаза, жалған дақпыртқа кең өріс ашылды. Қазақ оқығандары, арлы азаматтар, әділеттілік жолындағылардың бәрі-баршасы сын садағына ілінді. Қара тізімге енді. Жазалау, қаралау, тергеу ісі тоқтаусыз жүргізілді.
Ақиқаты сол, Алашшыл қайраткерлер ұлт тәуелсіздігі жолында өмірін қиып, тағдыр талқысына түскенімен, елдік мұрат-мүддеге қатысты айқын көзқарас, ерен еңбектері араға ұзақ уақыттар салып халқына қайта оралды. Өмірі мен қызметі, шығармашылық мұралары бұлттан шыққан күндей жарқырап, бар жылу-жарығымен, нұрлы-сәулелі сәттерімен жетті. Қайта оралған қымбат қазынамен қалың көпшілік мәңгілікке қауышты. Алғашқы тұста – БАҚ жүйесінде жарияланды. Жеке еңбектері басылды. Көптомдықтары жарық көрді. Зерттеу жүйесіне енді. Ұлт тәуелсіздігінің басты байлықтары мен тағылымдарының бірі осыған келіп саяды.
Кешеден бүгінге жеткен өмір шындығының бір үлгісі осы еді. Мұның мазмұны – ұлт азаттығы мен тәуелсіздігіне келіп саяды. Қазақ зиялылары ұлттық мұрат-мүддені жоғары қойды. Елдік мәселелерге маңыз берді. Дербес ел, ұлттық мемлекет құру идеясы төңірегінде топтасты. Осы бағытта еңбек етті. Біртұтас Алаш мұраты, тағылымы да осында екені анық.
Осы реттен келгенде: «1905-1920 жылдардағы қазақ қайраткерлерінің мемлекеттік саясаты мен ішкі күресі – ұлт-азаттық қозғалыстың, тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылған ұлттық күрестің алғашқы сатысы еді. Қоянды жәрмеңкесіндегі бүкілқазақтық мойынсұнбау (петиция) қозғалысы дербес қазақ мемлекетін құрумен тиянақталды» (13-бет). Мұның өзі – Алаш идеясының бес түрлі тұжырымынан да кеңінен көрініс тапты:
«Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз – Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Үшінші ұстаным: толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттық тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді» (18-19бет). Бұл – ұлттық мемлекет құрудың, оған қатысты басты алғышарттар еді. Бұл – тәуелсіз ұлттың дербес даму, өмір сүру факторын айқындаған еді.
Сайып келгенде, Алаш идеясы, оны мұрат тұтқан қайраткер-қаламгерлердің көзқарас, бағыттары – «Жегі», «Тез», «Талқы» атты үш кітаптың бар бөлімдерінде кең орын алады. Азат һәм ұлттық мемлекет құру жолындағы жанкешті әрекет пен ерен еңбектер атқарған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, т.б. есімі мен игілікті істері көпке үлгі етіледі. «Алашорда» үкіметі мен қазақ автономиясы мәселесі, осы жолдардағы әр алуан бағыт, әрекеттердің сыр-сипаттары да тарих пен таным тұрғысынан таразыланады. Авторлық ұстанымға мән берсек, кезең-уақыт шындықтарынан, тәуелсіздікті тұғыр еткен тұлғалар табиғаты мен болмысынан – азаттыққа құштарлық, ел-жерге сүйіспеншілік, Отан алдындағы парыз-қарызға адалдық мұраттары жан-жақты сезіледі. Алаш жұртының азаттық жолды аңсап, бостандыққа ұмтылыстары ғасырдан-ғасырға созылғанын назарда ұстасақ, ХХ ғасырдың басында ұлтын сүйген қайраткер-қаламгерлердің тәуелсіздікті ту етуі, нақты әрекеттерге баруы – қазіргі кезеңнің шындығы ғана емес, тарих тағылымы да, әрі бүгінгі буынның құрмет көрсетіп, тағзым етер басты нысаны, басым бағыттарының бірі. Біртұтас Алаш мұраты, елдік мүдде де осы еді.
Маңызды тұстары ретінде еске аларымыз – Алашшыл азамат-қайраткерлер елдік мұратты бар асылдан да биік қойды. Ұлттық мемлекет құру жолына арман- аңсарларын да, мұратты, кәделі істерін де арнады. «Ұраным – Алаш!..» деп бастарын қатерге тікті. Өмірін, өнегесін сарп етті. Қилы кезеңде, істі болған сәттерде, түрменің түпсіз терең, қапасты бөліктерінде болған тұстарда – ұлттық мұратты, елдік аманатты, азаматтық қарыз-парызды ұмытпады. Алаш мұраты да осы еді.
Кітаптың – «Жер жегісі», «Жан жегісі», «Жүйке жегісі» тарауларында «Алашорданың» қайраткер-қаламгерлерінің кеңес өкіметіне әр бағыттағы қарсылығы мен көзқарастары ұлттық сана, тарихи таным тұрғысынан таразыланады. Бұл ретте А.Байтұрсынов пен З.Валидов төңірегіндегілердің ұлттық мемлекет құру, оның мақсаты мен құрылымы хақындағы нақты іс-әрекеттері, ортақ мұраттар мен қилы көзқарастарға кең орын беріледі. Сондай-ақ, Түркістан мемлекетін құру идеясы, Семей губревкомы төңірегіндегі М.Әуезов пен С.Сәдуақасовтың әрекеттері, 1921 жылғы алапат аштық, «Ақ жол», «Қазақ» газеттеріндегі ол туралы хабар-ошарлар, осы тұстағы Ж.Аймауытұлы мен И.Байменов т.б. үстінен қозғалған сот мәселесі, Орынбордағы, Ташкенттегі контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты тергеу қорытындылары т.т. кеңес өкіметінің билік тізгінін оңды-солды қозғап, империялық саясатын шектен тыс қолданғанын кеңінен көрсетеді. Алашшыл қайраткерлердің ел алдындағы азаматтық борыш-қарыздары, ұлт тәуелсіздігі жолындағы жанкешті әрекеттері билік тарапынан «контрреволюциялық-ұлтшыл астыртын ұйым» ретінде бағаланады. «Аштарға көмек комиссиясының» жұмысы да кеңес өкіметін құлатуға қатысты түсіндірілді. Сайып келгенде, Алашшыл қайраткер-қаламгерлердің ұлттық мұрат жолында, ел тәуелсіздігіне қатысты, кемел келешек турасындағы әрекет-қимылдары ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде империялық билік тарапынан басып-жаншылып, қуғын-сүргінге ұшыраумен жалғасса, ал оның ақиқатқа айналуы ХХ ғасырдың 80-жылдарының еншісіне тиді. Ұлт тәуелсіздігіне сол ғасырдың соңғы он жылында қол жеткізу мүмкін болды.
Қысқа қайырып айтқанда, кітаптың алғашқы бөлімінде «Алаш ісі» төңірегіндегі құжаттар мен жауаптардан, көзқарастар мен қолтаңбалардан ұлттық мұрат жолындағы: Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, О.Жандосов, М.Тынышбаев т.б. азаттық пен тәуелсіздік, ел-жер жөніндегі берік ұстанымдары, батылдығы мен табандылығы терең танылады. Тергеу ісі барысындағы сұрақ-жауап үлгілері, қорытындылар мен көзқарастар, билік басындағылардың астыртын, жымысқы, зымиян һәм көпе-көрнеу «әрекет-қимылдары» ұлт зиялылары мен жанашырларының жолсыз жаза тартуларына, суық камераның кеміргіштері мен сұғанақ сұр түсті тергеушілерге тап болуына, сот залынан жауап беруге, «елі үшін» мерт болуға алып келеді. Ұлт мақтаныштары мен жазықсыз жандар – «ұлы құрбандықтың» сыйқырлы құрығына, шеңберлі қамытына мықтап маталған еді. Оның соңы белгілі: жат жерге айдалу, қуғын-сүргінге ұшырау, зорлық-зобалаңдарға тап болу, ату, асу еді.
Бұдан өмір жолының бұралаң екенін, тарихта ақтаңдақ беттердің мол екенін айқын аңғаруға болады.Тарих доңғалағын оң бағытқа бұру, кеше-бүгін байланысына ден қою, ақиқат жолына адалдық таныту – Алаш мұраты. Басты бағыттарының өзекті қайнары болып табылады. Алашшыл асыл ерлердің ел-жер азаттығы мен бүтіндігі, ұлттық мемлекетті қалыптастыру мен қорғау жолындағы жанкешті һәм жауапкершілік жүгі мол батыл қадам, тегеурінді әрекеттері – түрме әфсанасы, тергеу нәтижелері мен қорытындылары арқылы сабақтастықта беріліп, нанымды жеткізіледі.
Біздіңше, «Ұраным – Алаш!..» – алашшыл қайраткерлердің өмірі мен кезеңін, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасын аялау мен бағалау, зерттеу мен зерделеу ғана емес, сонымен бірге, кітап авторының адами һәм азаматтық бағытын айқындаған, өмірі мен уақытын арнаған, зерттеу мен зерделеу ісіндегі құнарлы, арналы салалардың бірі. Тұжырып айтсақ, алғашқы тұста профессор Х.Бекхожиннен дәріс тыңдап, Алаш арыстары мұрасымен жіті танысуы, академик Р.Нұрғалидің бағыттауымен нақты туындыларын оқуы, азаттық-бостандық маңызын терең түсінуі, сөз жоқ Т.Жұртбайдың азамат ретінде қалыптасуымен қатар, ұлтқа қызмет ету жолын, тарихтан тағылым алуды, алашшыл азаматтардың асыл мұраты мен еңбектеріндегі ел-жер, руханият төңірегіндегі ізденіс, көзқарастарын өмірлік ұстаным етуі – кеше мен бүгін байланысын, қазіргі кезеңнің шындығын айқын көрсетеді. Ұлт мұраты мен руханиятына шынайы қызмет етуін еселеп арттырады. Біртұтас Алаш идеясын, тәуелсіздік мұраттарын алға тартады.
«Ұраным – Алаш!..» атты түрме әфсанасының 2-3 томдары («Тез», «Талқы») – Біртұтас Алаш Идеясы тұжырымдамасын тиянақтауға арналады. Кітап мазмұнынан аңғарылатынындай, әрбір тарау – Алаш мұратына адалдық танытқан танымал тұлғалардың есімі мен еңбегін, азаттық жолындағы жанкешті әрекеттері мен ел алдындағы жауапкершіліктерін кеңінен көрсетеді. Ар алдындағы адалдық, уақыт таразысындағы өлшем, ұлт пен ұрпаққа қатысты қарыз-парыз ісі де шынайы шындықтар тұрғысында сөз етіледі. «Алаш ісі» көлемді зерттеу, талдау жүйесін құрайды.
Түрме әфсанасының 3-томы «Талқы» деп аталады. Аңғарту орнына берілген – «Талыс» бөлігінде ұлт пен тұлға, рухани бостандық пен тәуелсіздік табиғаты айқындалады. Автор бұл бағыттағы ойлар мен толғаныстарын төмендегіше жеткізеді: «Ең қасиетті де киелі күрес – рухани бостандық пен рухани тәуелсіздік жолындағы жан қысымы, ең жауыз және ең қастаншықпағыр саясат – бір ұлтты екінші ұлттың рухани тәуелді етуіне бағытталған саясат. Саяси, экономикалық, шекаралық тәуелділікке ұшыраған ұлт – құрып кетудің қаупі төнген ұлт. Ал, осыған қоса рухани тәуелділікке қаупі төнген ұлт – құрып кетуге бет алған ұлт. Саяси, экономикалық, шекаралық тәуелсіздігі бар, бірақ та рухани тәуелді ұлт – құрыған ұлт» (3-бет).
Ұлы адамдар өмірі мен берік ұстанымдарына назар аударады. Біртұтас Алаш идеясының мақсат-мұраттарына да осы тұрғыдан ден қояды. М.Әуезовтің өмірі мен қоғамдық қызметіне, шығармашылық мұрасына да осы бағыт, өлшемдер тұрғысынан қарайды.
Жалпы алғанда, әдебиет зерттеушісі, профессор Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық түрме әфсанасы //Алматы: Ел – Шежіре, 2008- 2011// ұлт мұраты мен руханиятына адалдық танытқан, Алаш мұрасы мен мирасын баянды ету жолында жанкешті еңбегі мен өнегелі өмірлерін арнаған танымал тұлғалардың (мысалы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Д.Әділев, Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, Х-Ж.Досмұхамедовтер, Ә.Ермеков, М.Тұрғанбаев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов т.б.) тағдыр-талайын, көзқарасы мен қолтаңбасын, бағыт-ұстанымдарын кеңінен көрсететін, мемлекеттік марапатқа толық лайық іргелі ізденіс, зерделі зерттеу болып табылады.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы,
профессор