Қырғызстан үшінші төртемге тұрғын үй салып бермек (Фото)

Қырғызстан үшінші төртемге тұрғын үй салып бермек (Фото)

Қырғызстан үшінші төртемге тұрғын үй салып бермек (Фото)
ашық дереккөзі
208

Таяуда Бішкек қаласындағы №6 перзентханада Гүлайым Абдылдаева деген 34 жастағы келіншек төрт бала туып жанұясын, туған-туысқандарын, жалпы жұртты қуанышқа бөледі. Қазіргі күндері қырқынан шығуға жақындап қалған сәбилердің де, анасының да денсаулықтары жақсы.

Төртеуі де ер бала. Үлкеніне Қырғызстан президентінің аты – Алмазбек, екіншісіне Жоғарғы Кеңештің төрағасын – Асылбек, үшіншісіне Бішкек мэрі – Қубанычбек, кішісіне Қырғыз ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығының директорының аты – Қамчыбек қойылған.

Республиканың жетекшілері төрт баланың дүниеге келгенін назардан тыс қалдырған жоқ. Президент аппаратының қызметкерлерінің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына орай, бұл жанұяға арнайы тұрғын үй салынып беріледі.

[caption id="attachment_3799" align="alignnone" width="720"]Нурлан жане Гулайым нарестелерімен Нұрлан жане Гүлайым нәрестелерімен[/caption]

Үкімет басшысы болса, төртемнің үйіне арнайы барып, жағдайларын өз көзімен көрді, Үкіметтің нысаналы сақтық қорынан 300 мың сом бөлді. Бішкек мэриясының басшысы жәрдемге деп 100 мың сом тапсырды. Гүлайым лаборант болып жұмыс істеген Қырғызстанның ананы және баланы қорғау орталығы 170 мың сом көмек көрсетуге уәдесін беріп, жанұяны қамқорлыққа алды.

«Әлбетте төрт баланы туу оңай болған жоқ. Алғашқыда мен төрт нәрестені көтеріп жүргенімді білген жоқпын. Дәрігерлер аяғым ауырлағаннан 5 апта өткенде егіз, 17 аптадан кейін үшеу, 22-ші аптада төрт бала туатын болдың деп айтты. Мұны естіп, күйеуіміз екеуміз қатты қуандық», – деген Гүлайым қырық жастан өткен соң тағы бір босанып, қыз туып алу арманын айтты.

Отағасы Нұрлан Зарнаев пен Гүлайымның үш ұл балалары бар болатын, енді жеті ұлды болды. Өлкенің заңнамасына сәйкес Гүлайымға «Батыр ана» атағы да берілуге тиіс. Айтпақшы, қырғыздар егізді – эгиз, үш егізді – үч эм, төрт егізді – төрт эм дейді.

[caption id="attachment_3804" align="alignnone" width="796"]Егіздер дарыгерлер колдарында Егіздер дәрігерлердің қадағалауында[/caption]

35 жастағы Нұрлан құрылысшы болып істейді. Олар бұдан он жыл бұрын Ыстықкөлден Бішкекке көшіп келген. Жұбайлар Бішкекке іргелес «Рухий Мұрас» жаңа қонысында жалға алған пәтерлерінде тұрып жатыр.

Қырғызстанда 1991 жылдан бері төртем туылған жағдай осымен үшінші рет тіркелді. Жалпы алғанда, 1992-1993 жылдары өлкеде адам өсімі азайған болатын. Одан кейін адам санының өсе бастағанын мына бір деректер де дәлелдей алады. 1997 жылы 21 мың 420 әйел «Батыр Ана» атағымен марапатталған. 2014 жылы мемлекет басшысына 5 мың 429 көп балалы ананы марапаттау ұсынылса, олардың 4063-інің құжаттары тура деп табылып, 3434-і «Батыр Ана» орденіне, 629-ы «Ана даңқы» медаліне ие болған.

[caption id="attachment_3805" align="alignnone" width="800"]Қырғызстан бойжеткендері Қырғызстан бойжеткендері[/caption]

Соңғы жылдары Қырғызстанда халықтың саны күрт өсуде. 2012 жылы 27 тамызда 5 миллионыншы нәресте дүниеге келген еді. Қырғызстанның статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, қырғызстандықтар орта есеппен алғанда, күн сайын 229 адамға көбеюде. Осы қарқынмен 2016 жылдың бірінші ширегінде елдің саны 6 миллионнан асқалы тұр. Бұл үш жарым жыл үшін жақсы көрсеткіш.

Республиканың Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының ақпаратына қарағанда, елде 100-ден астам ұлттың өкілдері тұрып жатыр. 2012 жылғы есеп бойынша 5,5 миллион халықтың 72,2%-ы қырғыз, 14,3%-ы өзбек, 6,8%-ы орыс, 6,7%-ы басқа ұлттың өкілдері болған. Дұнғандар – 1,1; ұйғырлар – 0,9; тәжіктер – 0,9; түріктер – 0,7; қазақтар – 0,6; татарлар – 0,5 пайызды құраған.

Уйдін улкен балалары

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ

Суретті түсірген С. Айылшиев

Серіктес жаңалықтары