Астана әкімі су басу қаупі бар учаскелерде кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды

Астана әкімі су басу қаупі бар учаскелерде кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды

Астана әкімі су басу қаупі бар учаскелерде кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды
ашық дереккөзі
504

Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің басшылығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиналыс демалыс күндері толассыз жауған нөсер салдарын жою мәселелері мен қаланың санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқылады. 16-17 мамыр күндері толассыз жауған жауын салдарынан Астананың 12 учаскесін су басып, көлік қозғалысы шектелді. «Қазгидромет» деректеріне сүйенсек, жауын-шашынның айлық мөлшері 34 мм-ді құрауы тиіс. Ал небәрі бір-ақ тәуліктің ішінде жауған жаңбыр мөлшері қалыпты нормадан асып, 38,5 мм-ге жеткен. Синоптиктердің елордада алдағы күндерде де көшпелі бұлт шығып, жаңбырдың көп мөлшерде жауу мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтіп, әр күн сайын кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды: «Демалыс күндері жауған жауын-шашын жалпы нормадан ауытқыған құбылыс. Жауған жаңбыр мөлшері қалыпты мөлшерден асып кетті. Синоптиктердің болжауынша, мұндай жағдай алдағы уақытта да қайталануы мүмкін. Сондықтан бұл күндері барлық техниканы жұмылдырып, күнделікті кезекшілік ұйымдастыру қажет. Су соруға арналған құрылғылар су басу қаупі бар жерлерде орнатылуы керек», – деді әкім. Айта кетейік, Астанада демалыс күндері 10 мың текше метр жаңбыр суы сорылған. Аппараттық жиын елорданың санитарлы-эпидемиологиялық жағдайын да талқылады. Қала әкімі тұрғындардың жаппай улануы қоғамдық тамақтану орындарындағы тиісті санитарлық нормалардың, азық-түлікті сақтау ережелерінің сақталмауынан екенін айтты. Сол себепті қысқа мерзімде Астанадағы қоғамдық тамақтану мекемелерінің бәрінде тексеріс жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді. «Азық-түлікті дұрыс сақтамау, антисанитарлық жағдай, тамақ өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің төмендігі, бақылаудың жоқтығы - мұның барлығы қаладағы түйткілді мәселеге айналып отыр. Дәмханалар мен асханалардың жұмысы бақыланбайды. Бұл мәселелерді шешу үшін қаланың барлық құзыретті қызметтері жұмылдырылып, арнайы рейд өткізіп, бақылауды күшейту қажет. 10 маусымға дейін Астананың барлық қоғамдық тамақтану мекемелерінде тиісті тексеріс жұмыстарын өткізуді бұйырамын», – деді Әділбек Жақсыбеков.

Серіктес жаңалықтары