Шетелдіктер өсімдіктер мен жануарларды оңай алып кетеді
Шетелдіктер өсімдіктер мен жануарларды оңай алып кетеді
Жазда тауда шетел азаматтарының жиі жүргенін байқап қаламыз. Қазақтың кең байтақ даласын кім қалай аралаймын десе де өз еркі ғой. Бөтен елден келгендерді ешкім тексеріп: «Қандай мақсатпен, не іздеп жүрсің?», – деп сұрамайды. Баршаға құшағын кеңінен ашқан, дарқан көңіл қазақтың жерін аралайтын қонақтарды бақылауға да қақымыз жоқ. Қала ішінде шетелдіктер жұмыс істейді делік, ал алыстағы тау бөктерінде не іздейді? Жәй ғана демалып жүр ме? Жаз айларында Алматыдан шығып, таулы өңірге барған сайын шөп терген шетелдіктерді жиі көретін болдық. «Бұл өсімдікті не істейсіз?» деп сұрай қалсаңыз, «зерттейміз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Қазақ жеріндегі шөптің сұрауы да, иесі де жоқ сияқты. Біраз уақыт бұрын «Мегаполис» басылымында американ, канадалық мамандардың казақ даласынан «Қызыл кітапқа» енген көксағызды бірнеше шамаданмен тасып әкеткені туралы жазылды. Содан соң бас-аяғы 7-8 жылдың ішінде бұл мемлекеттердің ғалымдары көксағызға қатысты жаңалық ашқандығын жаһанға жария етті. Бірнеше килограм көксағызды қазақстандық бір де бір мекеме тексерместен Америкаға оңай өткізіп жіберіпті. Күніне қаншама тауар шығарылып жатқан Қазақстан әуежайында құнды өсімдіктердің қаншама түрі мәңгілікке кетіп жатыр десеңші! Жергілікті тұрғындар немесе тиесілі мекемелер қадағаламаған соң, бөтендер иесі жоқ жер деп біліп, қалаған шөбін тамырымен жұлып, өз елдеріне әкетіп жатқан сияқты. ҰҚК шекаралық бекет маңынан бірен-саран шетелдікті ұстағаны туралы анда-санда айтылып қалады. Алайда таудағы демалысты сылтауратып өзен-көл жағасынан, шатқалдардан, тіпті кісі баласы шыға бермейтін таудың басына дейін өрмелеп жүріп, емдік шөптерді теретін жат жұрттықтардың тірлігіне біздің қазақ немқұрайлы қарайтыны аян. Осындайда табиғатын қорғауға барын салып жатқан елдердің ұқыптылығына қызығасың. Кейбір мемлекеттерде сырттан келетін шетелдіктер алдын ала қатаң тексеруден өтеді. Ауыл-аймағын аралайтын болсаңыз да, не үшін, қандай мақсатпен келгеніңіз туралы мәлімет беріп, алдын ала құжат толтыруыңыз қажет. Және сол құжатқа сай әрекет етесіз. Қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтын мемлекеттер таудағы гүлдерді жұлу сияқты бейберекет әрекетке шетел азаматын жібермейді. Тіпті туристер көп баратын Таиландтың өзінде ел аумағынан сирек кездесетін заттарды, өсімдіктер мен хайуанаттарды шығаруға тыйым салынған. Австралияда өсімдіктермен бірге өсімдік тұқымын, коралл, жануар қаңқаларын ел аумағынан сыртқа әкетуге болмайтын заң бар. Бұл елде сондай-ақ, Уэльс штатының жағалауындағы құмын алуға тыйым салынған. Бразилиядан көне заттармен қоса өсімдіктерді әкете алмайсыз. Вьетнамда маржандар, сирек кездесетін өсімдіктерді шетелге әкетуге болмайды. Үндістанға барған туристер аң терісін, піл сүйегінен жасалған заттарды және өсімдіктерді әкете алмайды. Бұл ережені бұзғандар айыппұл төлейді. Италияда табиғи өңірге шетелдік демалушылар аяғы тиген сәттен бастап арнайы топ бақылай бастайды екен. Жаңа Зеландия киви жемісін және одан жасалған сусындарды сыртқа шығармайды. Біріккен Араб әмірлігінен өсімдік тұқымдарын алғандар заң жүзінде жауап береді. Ал Қазақстанда өсімдіктерді республика территориясынан шығаруға тыйым салатын қатаң заңнамалық құжат жоқ. Керісінше «Өсімдіктер дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын, оның ішінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнгендер санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерін Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тысқары жерлерге әкетуге рұқсаттар беру қағидасы» тәрізді құжаттар бағалы шөптерден қарап отырып айрылуға жол ашуда. Кеденде өсімдіктер мен жануарларды ел аумағынан шығаруға қатысты тарифтер де бекітілген. Қажетті сирек шөбін тиеп алған соң шетел азаматы төмен деңгейдегі соманы әуежайда төлей салары анық. Өйткені қасиетті шөптерді тиісті мақсатта зерттеуден түсетін пайда шаш-етектен екені белгілі. Мәселен, біздің елден көксағызды стратегиялық мақсатпен тасыған америкалық, канадалық ғалымдар артынан орасан пайда түсіретін жаңалықтар ашқаны мәлім. Қазақстан жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне бай ел екендігін жатжұрттықтар біліп алған. Олар халқымыздың дархандығынан, шетелден келген қонақтарға барын беріп, көңілін табуға тырысатын қонақжайлылығынан да хабардар. Сондықтан өзіндік пиғылы бар бөтендер дәрілік өсімдіктерді Корея, Израиль немесе Жапониядан емес, нақ қазақ жерінен еркін алуға болатындығын ескеріп келеді. Бүгінде Қазақстан аумағында 11000-нан астам өсімдіктің түрі бар екен. Бұлардың ішінде түрлі дәрілік өсімдік сиреп барады, талайы жойылудың аз-ақ алдында. Оны бақылап, зерделеп отырған мекеме бар ма? Қазақстанда суда өсетін өсімдіктердің өзі 63 түрлі және дүниежүзі бойынша ең көнесі біздегі су бассейнінде екен. Алматының алмасы жер бетіндегі алманың алғашқысы екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Жабайы алмалардың алғашқы түрі Жетісу өңірінде шығыпты. Алайда бұрынғы жайқалған алма бақтар қазір сиреді. Алма ағаштарын құрылыс мақсаттарында отап тастап, Қытай мен Өзбекстанның алмасын тұтынатын болдық. Қазақстанның «Қызыл кітабына» 600-ге жуық гүлдер мен шөптер енгізілген. Оның 287 түрі гүлді өсімдіктер. Елімізде шөлде өсетін өсімдіктердің 250-ден астам түрі бар. Бұның ішінде әсіресе сексеуілді отау әрекеттері де белең алуда. Оңай пайда табуды ойлағандар сексеуілді заңсыз шауып алып, жәшік-жәшігімен сауда орындарына өткізуде. Кәуапханалар көбейген соңғы жиырма жылда қанша сексеуіл заңсыз оталды? Есептеп, тексерген мекеме бар ма? 2004-2014 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында сиреп кетуіне байланысты сексеуілді отауға мораторий жарияланды. Алайда осы уақыт аралығында кәуапқа пайдалану мақсатында отау әрекеттері азаюдың орнына жиілеп кеткен. Ал ұсталғандар аз мөлшерде айыппұл төлеп құтылған. Қазір бұл өңірде сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ өсуі баяу қатты ағаш тұқымдасының жуандауы үшін 20 жылдай уақыт керек. Жуырда Қазақстанның бас прокуратурасына мия тамырын экспорттауға шектеу қою жөнінде ұсыныс жіберілді. Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, облыста мия тамырын заңсыз қазу фактілері шектен тыс көбейіп кетіпті. Мия сирек кездесетін өсімдіктер тізіміне енбегендіктен оны ұрлаушылар ешқандай құқықтық жауапкершілікке тартылмайды. Сондықтан жөн-жосықсыз өсімдік тамырын қазушылар табиғатқа орасан зиян келтіруде. Жазда тауларға туристік топпен бара қалсаңыз, егде жастағы бөтен ұлт өкілдері «қыста дәрі жасаймын, шайға қосып қайнатып ішемін» деп, гүлді өсімдіктерді тамырымен жұлып жатқанын да көп көреміз. Күнделікті тіршілікпен әр қазақ қара басын күйттеп кеткен заманда даланың шөбін қорудың өзі күлкілі боп көрінер. Алайда жер қазақтікі болған соң, оның асты ғана емес, үстіндегі байлық – табиғат әлеміне де оны мекендеп отырған халық жауапты. Әңгіменің төркіні жердің тозығы жетіп, тақырға айналмауына қатысты болып отыр. Құнды өсімдіктерді тамырымен жұлушылардың көбеюі республиканың флорасына орасан нұқсан келтіруде. Қыс аяғында Алматыда тамырымен жұлынған бәйшешектерді сатушы орыс әжейлер әр көшеден кездесіп қалады. «Туысына, досына бәйшешек сыйлау – жақсылықтың нышаны» деген сөзге сенген жастар көктемнің алғашқы гүлін сатып алып жатады. Ал бұл гүл жойылу қаупі төнген өсімдіктердің санатына енгеніне ешкім бас қатырып жатқан жоқ. 20-25 жыл бұрын мезгілі жеткенде бәйшешек Алматы маңындағы қырда қаулап өсетін. Ал қазір алыс ауылдардың өзінде сиреп кетті. Сондай-ақ көктемде «Қызыл кітапқа» ену қаупі төніп тұрған қызғалдақтарды жұлып әкеліп, қала көшелерінде сату әрекеттеріне де тосқауыл қойылмаған. Болашақта бәйшешекпен бірге қызғалдақты да «Ботаника бағынан» көрмесек болғаны. Ресей биологтары ормандарда қаулап өскен бәйшешектің соңғы жылдары мүлдем көрінбей кетуі табиғат үшін орны толмас нұқсан екендігін айтып дабыл қағуда. Қазақстанда түп-тамырымен қазылып жатқан сирек өсімдіктердің тағдырына ешкім жауапты емес секілді. Ел аумағындағы өсімдіктерді тіркеп, белгілі бір мерзім сайын бар-жоғын анықтап, зерттеу жүргізген мекеме көрінбейді. Қазақстанның «Қызыл кітабының» жаңа нұсқасы шығады деп айтылғалы бірнеше жыл өтті. Қазақстан өсімдіктерінің «Қызыл кітабы» соңғы рет 1981 жылы жарық көріпті. Жуырда бар болғаны 500 данамен жарық көреді деген хабар тарады. Алайда бұл кітап шектеулі данамен шығатындықтан сатылымға түспейтін көрінеді. 2012 жылы жасалған «Өсiмдiктердiң сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне» сушырмауық, шолпаншаш сүмбiл, мыңжылқы, усасыр қырыққұлағы, жаңғақты лотос, сарғылт құндызшөп, түкті жанаргүл, шыршаның екі түрі, Талас бәрпісі, шұғылық, жіңішке көкнәр, бес түрлі сылдыршөп, рауғаштың екі түрі, аюжидек – барлығы 122 өсімдік енген. Бұл тізімге кіретін шөптердің саны жыл сайын өсіп барады. Мәселен, бір ғана Баянуылдың өзінде 117 түрлі өсімдік қорғауға зәру екен. Баянауылда басқа жақта табыла бермейтін жартас қырыққұлағы сияқты өсімдіктер бар. Бұл өсімдіктердің өсетін жеріне туристер көп барады, алайда төңірегінде сирек өсімдіктерді қорғауға үндейтін тақтайша ілінбеген. Шет мемлекеттердің таулы өңіріне бара қалсаңыз, бұндағы аңдар мен құстарға, өсімдіктерге зиян жасамау жөніндегі ескертпе сөздер жазылған тақтайшаларды жиі көреміз. Ал Қазақстанда тек қорықтар мен ұлттық бақтар болмаса ондай белгілер жоқ. Ұлттық бақтарда өсімдіктерді сақтап қалуға қатысты шаралар жеткіліксіз. Кез келген турист ұнатқан өсімдігін жұлып алып, кете баратынын көріп жүрміз. Мәселен, былтыр жазда туристік топтармен бірге Ақсай шатқалы, Талғар тау шатқалы сияқты өңірлерді аралаған едік. Осындай табиғаты тамаша аймақтарға барған туристердің ішінен егде жастағы орыс әжейлер неше түрлі гүлдерді жинап жатқанын байқадық. Олар өте сирек кездесетін өсімдіктерді тамырымен жұлып жатса да, топ жетекшісі ештеңе айтпады. Өйткені елімізде демалыс орнындағы флора мен фаунаға сақтықпен қатынас жасауға үндейтін заңдар жоқ. Табиғатты қорғауға бағытталған бекем заңдар жасалса, туристік компаниялар бұны ескерер еді. Қатаң заң болмаған соң әркім өз қажетіне қарай жасыл желекті өңірлердің өсімдіктерін фармацевтикалық, өндірістік мақсаттарда шикізат ретінде еркін пайдалануда. Мәселен, табиғаты тамаша өңірдің бірі Баянауылда туристер көп келуі себепті жыланқияқ (сарыгүл, айылқияқ), қожағай (шегіргүл), қызғалдақ, т.б. өсімдіктер жойылудың аз-ақ алдында тұр. Бұл аймақтағы жабайы құлпынай, таңқурай, қарақат, т.б. жидек түрлері де туристердің көбеюі себепті азайып кеткен. Табиғи бақ аумағында өсімдіктерді жұлуды тоқтату туралы ұсыныстар талайдан бері айтылып келеді. Құлақ асып жатқан мекеме бар ма? Осылайша өсімдік әлеміне немқұрайлы қарау арқылы туған жердің тозуына ғана емес, ұлт денсаулығына да орасан нұқсан келетінін неге ескермейміз?
Шарафат Жылқыбаева