247
Баға бақылаусыз болмауы тиіс
Баға бақылаусыз болмауы тиіс
Үкімет отырысында күн тәртібіндегі үш мәселе қаралды. Олар – биылғы жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және оны ағымдағы жылдың соңына дейін ұстап тұру шаралары, сондай-ақ, электронды білім беруді дамыту, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері. Алайда осы түйткілдердің ішінде жанармай бағасының шарықтап кеткендігі көбірек сөз болды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, жыл басынан бері республикада инфляциялық үдерістер баяулаған. Министрдің айтуынша, биылғы қыркүйекте инфляция 3 пайыз, ал жалпы жылдың басынан бері 4,2 пайызды құраған. Баяулаудың негізгі факторлары валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы, нарықтың бірқалыпты инфляциялық болжамдары, сондай-ақ, азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнімдер шығарудың өсуінде байқалған. «Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының бағалары соңғы үш ай қатарынан төмендеуде. Бұл ретте, азық-түліктік емес тауарлар бағасы тамызда және қыркүйекте жоғарылай бастады. Ақылы қызмет түрлері бойынша тарифтер бірқалыпты қарқынмен өсуде», – деді бас экономист. Оның дерегінше, жыл басынан бері елімізде азық-түлік тауарларының бағасы 3,1 пайызға, азық-түліктік емес тауарлар бағасы – 5,5 пайызға, ақылы қызметтер бағасы 4,3 пайызға қымбаттапты.
Министр азық-түліктік емес тауарлар бойынша дизель отынына, бензинге, сұйытылған газға, маталарға, кеңсе тауарларына, аяқ киімге, қатты отынға бағаның барынша өскенін айтады. Ақылы қызметтердің ішінде газ, кәріз жүйесі, қоқыс жинау тарифтері инфляцияның бекітілген аралығынан артық өсті. Өз сөзінде министр Т.Сүлейменов жыл соңына дейін инфляцияның өсуіне ықпал етуі мүмкін қатерлерді атады. «Маусымдық факторлады ескерсек, сондай-ақ ірі мейрамдар IV тоқсан еншісіне тиетіндіктен, мереке күндері дәстүрлі түрде жемістер мен көкөністердің және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы өседі. Мұның сыртында жылыту маусымы кезеңінде бірқатар өңірлерде қатты отын бағасы күрт қымбаттауда. Мысалы, қыркүйекте Астана қаласында көмір – 19 пайызға, Алматы облысында 16,4 пайызға және Ақмола облысында 10,6 пайызға өсті», – деді ол.
Ал Энергетика министрлігі бензин бағасы арзандайды деген желеуден аулақ. Әзірге бағаны бұдан әрі шарықтатып алмаудың қамына кіріспек. Тіпті, екі мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеулер аяқталғаннан кейін де жанар-жағармай бағасы арзандамауы ықтимал.
Қазан айының бірінші күнінен бастап жанармай тапшылығы мен бағасының қымбаттап кетуі басты мәселеге айналды. Содан кейін ғана ақпарат құралдарын жедел жиып, баспасөз конференциясын өткізген Энергетика министрлігі қымбатшылықтың мән-жайын түсіндіруге тырысты. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов: «Қазіргі жағдай бірнеше факторлардан құралды. Атап айтқанда, биылғы шілде мен қыркүйек аралығында, яғни дәл осы үш айда тұтыну көлемі елеулі түрде өскенін байқадық. Әйтпесе, маусым басында бізде республика бойынша бензиннің мол қоры қалған еді. Сондай-ақ, Ресей нарығында бензин бағасы осы кезде белсенді түрде қымбаттады. Нәтижесінде 1 маусымнан бастап, АИ-92 бензинінің бағасы 1 тоннасы үшін Ресей мен Қазақстан шекарасында 517 доллардан 555-ке дейін, яғни 7 пайызға өсті. Дәл осы кезеңде ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы да 312 теңгеден 340-қа, яғни 9 пайызға құлдырады. Осы екі фактор импорттық жеткізілімдердің айтарлықтай қымбаттауына соқтырды. Сонымен бірге, тиісінше, импорт көлемі төмендеді», – деді.
Жанармай мәселесінің осылайша күрделеніп кетуіне Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытының жоспарлы түрде жөндеуге жабылуы себеп болған сияқты. Әзірге бұл олқылықтың орнын Шымкент мұнай өңдеу зауыты толтыра алмай отыр. «Баға тұрғысына тоқталсақ, бізге ресейлік нарық қатты ықпал етеді. Ол жақта өнімнің қымбаттауы кесірінен, компаниялардың шығыны да ұлғайды. Әрі бағаның өсу үрдісі сақталуда. Толығымен Ресейден келетін импортпен жұмыс істейтін компаниялар бензин бағасын әр литрі үшін 151-ден 155 теңгеге дейін көтеретіндерін хабарлады. Бұған қоса, ішінара отандық отынмен жұмыс істейтін компаниялар бағаны әзірге 147-151 теңге деңгейінде ұстап тұр» деген Әсет Мағауов жағдайдың ары қарай өрбу барысы солтүстік көршіміздің нарығындағы жағдайға, импорттық жеткізілімдер үлесіне және көліктік шығыстарға тәуелді болатынын жеткізді.
Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, қазақстандық нарықтың жылдық сұранысының орташа алғанда 30 пайызы Ресейден жеткізілу арқылы қамтамасыз етіледі. Жалпы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қыркүйекте бұл елден АИ-92-нің 90 мың тоннасын тасымалдаған. Жанармай тапшылығына қатысты қалыптасқан ахуал жайында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрлігіне және монополияға қарсы органға бензин бағасын бақылауға алып, мәселенің мәнісіне үңілуді тапсырды. «Сіз алдағы қараша-желтоқсанда Ресейден келетін импортты 20 пайызға дейін азайтамыз деп айттыңыз. Солай ғой?», – деген Бақытжан Сағынтаевтың сауалына ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың да берген жауабы қысқа болды. «Иә, дәл солай» деп уәдесінде тұратындығын меңзеген ол: «Баға тұрақтанады. Ең кем дегенде, тұрақтанады деп күтудеміз. Бұл жерде бәрі де Ресейден келетін сол 20 пайыз бензиннің қандай бағада сатылатынына байланысты болады. Егер қазіргі бір тоннасы үшін 555-560 доллар деңгейінде қалса, ішкі нарығымызда да бағаны төмендетуге мүмкіндік болар еді. Егер баға ары қарай қымбаттаса, тіпті оның үлесі 20 пайыз ғана болса да, ол өзгелердің баға көтеруіне негіз беруі ықтимал», – деді. Оның мәліметінше, АИ-92 бензинінің орташа бағасы биылғы қаңтарда республика бойынша әр литрі үшін 135 теңге тұрған. Қыркүйекте ол бірден 150 теңгеге дейін, яғни 11 пайызға қымбаттап шыға келді. Жалпы, биылғы 9 айда, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, тұтыну көлемі 154 мың тоннаға дейін артқан.
Үкімет отырысында осыдан кейін электронды білім беруді дамыту мәселелері бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баян етті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда білім беру жүйесі «білім беру үдерісін цифрландыру», «цифрлық білім беру контентін түзу», «білім беруді басқаруды цифрландыру» секілді негізгі үш бағытта дамуда.
Мектептердегі оқу үдерісін автоматтандыру үшін электронды журналдар жүйесі пайдаланылуда. Электронды журналдарды енгізген орта білім ордаларында қағаз түріндегі журналды қолдануға тыйым салу жоспарланып отырған көрінеді. БҒМ басшысы осы өнімді әзірлеушілер пікіріне сүйеніп, бұл тыйым «қосарланушылықты тоқтататынын және ұстаздар есептілігін айтарлықтай қысқартатынын» айтты. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев БҒМ-ның ақпараттық жүйелерін виртуалды серверлерге көшіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Талқылауды қорытқан Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы екі министрлікке, әкімдермен бірге, әр өңірде мектептерді жылдамдықты интернетке қосу жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берді. Бұдан өзге, ведомствоаралық білім берудің мәліметтер базаларын ықпалдастыруды жоспарланған мерзімдерде аяқтау тапсырылды.