276
Қазақ ұлы болуды үйреткен
Қазақ ұлы болуды үйреткен
Биыл заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына – 120 жыл. Бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы әлемдік әдебиеттің төрінен орын алған қаламгердің мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде, сондай-ақ, туған өңірі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында да кең көлемде атап өтілуде.
«Туған жер» бағдарламасы шеңберінде іскер азаматтар мен қарапайым халықтың қолдауымен Шығыс Қазақстаноблысы, Қарауыл ауылында аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлына ескерткіш қойылды. Сәулет туындысы Балқаш мысынан жасалған, тұғыры – табиғи тас. Салмағы – 12 тонна, биікітігі – 7 метр. Ескерткіш авторы семейлік мүсінші Нұрбол Қалиев. Бұдан бөлек қазақ күресінен сайыс ұйымдастырылып, «Мұхтар тойының бас палуаны» анықталды. Тай жарыс, топ және аламан бәйге тойдың көрігін қыздырды.
Бұл Әуезовтің 120 жылдығына арналған шаралардың бір парасы ғана. Туған жерінде той сән-салтанатымен өтсе, Алматы қаласында зиялы қауым жазушының ғылым мен білімге, әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесі жайында пікір алмасты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінде қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті ғалым, академик М.Әуезовтің 120 жылдығына арналған «М.Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл шарада Әуезовтің мұрасын туған тілдеріне аударып, насихаттап жүрген алыс-жақын мемлекеттің қаламгерлері бас қосты.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин «Ұлылық өнегесі: «Қилы заманға» барар жол» атты баяндамасында Әуезовтің шығармашылығына терең бойлап, «М.Әуезовтің рухы қара шаңырақтағы әрбір аудиторияны, дәлізді кезіп жүр» деген ол Әуезовті қайта оқу арқылы ұлттық болмысымызды сақтап қалуға болатынын баса айтты. «Ұлы суреткердің 30-ға толар-толмас жасында Қарқара көтерілісі туралы жазған шығармасы барынша ащы, шыншыл, барынша көркем етіп баяндалды. Сол тұста Қарқара көтерілісі туралы ресми идеология қырық түрлі баға берді. Сайып келгенде, ол шығармаларында отарлық езгінің адам төзгісіз қиянатын, сол жолдағы пенделік әдістер мен озбырлықтың бет-пердесін ашатын үлкен әдебиетке ғана тән көркемдік әдісті молынан пайдаланған. Қудалаудың құрығы құтырынып тұрған қиын кезеңде ұлт санасын тәрбиелеуге, халқымыздың болмыс-бітімін танытуға ұмтылған әрекеттері жас жазушының жасқанбай, тартынбай, іргелі де күрделі тақырыпқа баруынан-ақ көрінеді. Әуезов қаламы ұшы-қиыры жоқ сахараның сан түрлі суретін өрнектеуде де сол кездің өзінде хас шеберге тән биіктікке көтерілді. Баяндаудың тек Әуезовке ғана тән табиғаты, сипаты бөлек салған жерден «мен мұндалап» үйіріп әкетер қасиеті қазақ көркем әдебиетінің бағына жаралған десе болғандай. Әлемдік өлшемдегі өрісті дүниелерімен көрінген Әуезовтің 1927 жылы жазылған «Қилы заман» мен «Қараш-Қараш оқиғасы» повестері қаламгер шығармашылығында да, жалпы қазақ әдебиеті дейтін алып кеңістікте де алатын орны ерекше. Егіздің сыңарындай елестейтін екі туындыда да өткен ғасырдың басында Жетісудың көрікті жері – Алатаудың қойнауында болған тарихи оқиғалардың трагедиялық мәні мен сипаты терең баяндалады. «Қилы заман» – ең күрделі туынды. Жер мен адамның, көк пен жанның байланысы мен нәзік иірімдердің көбірек талқыға түсуі, озбырлықтың астарын ашар ауыр оқиғаларға автордың баруы соның дәлелі. Ағысы терең, айдыны кең баяндаудың қанатын барынша кең жаюына мүмкіндік беретін бұл әдіс Қарқара көтерілісінің салдары мен себебін адамдардың жандүниесіндегі сілкіністері мен бұлқыныстары кеңістігінен көбірек іздеуге көмектеседі. Қазір Әуезов заманындағыдай емес, деректер молайды. Әсіресе, жазушының 100 жылдығы кезінде зерттеушілер бұрын-соңды қолы тимеген, аяғы бармаған дүниелерді тапты. Қазақ қазақ болғалы талай әділетсіздікті көріп келсе де, ұлт ретінде жойылып кетпеді. Сол даланың бір пұшпағы – Жетісу жерінің де басынан кешпегені жоқ. 1916 жылғы қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістің халық өміріне қалдырған салқын ізі көп. Ауылдардан, елді мекендерден Қытайға 300 мыңнан астам адам көшкен. Оның 250 мыңы – қазақ, 50 мыңнан астамы – қырғыздар. 300 мың тағдыр! Қарқара көтерілісі туралы бала күнімнен естіп өстім. Сондайда көк найзасы мен қылышын жалаңаштап, ат үстінде кетіп бара жатқан кіл батырлардың алашапқыны елестейді. Ал бізді Әуезовке алып келген «Қилы заман» повесі», – деді.
ҚР Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалиннің айтуынша, әрбір мемлекет басынан өткерген қайғы-қасіретінен сабақ алуы керек. «Қасіретті ұмытуға болмайды. «Жазушы Мұхтар Әуезов әдебиетімізге не берді?» дегенде, үш нәрсені қадап айтқым келеді. Біріншіден, суреткерлік жолдың азапты, мехнатты екенін көрсетті. Әуезовті оқыған сайын таразыға салып отыру керек. Екінші, жаза білетін адамға жазуға болмайды деген тақырыптың жоқ екенін үйретті. Үшінші, әдебиетті ұлттық ұғымның торына қамап қоймай, биікке әкету керек деген тәлімді Мұхаң арқылы меңгердік. Ұлы суреткер болумен қатар, ұлы ұстаз, ұлы перзент болудың да жолын көрсетті. Ұлтқа есепсіз қызмет етіп, халқын, туған тілін, әдебиетін сүйді. Әдебиеттің абыройын көтеретін әуезовтік өлшем, сипат – қазіргі қазақтың қаламгерлеріне де аманат», – деді баяндамашы.
Бұдан кейін сөз алған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Қырғыз республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абдылдажан Ақматалиев, Украин Әдебиет және өнер халықаралық академиясының президенті Сергей Дзюба, тағы басқа арнайы баяндама жасаған қаламгерлердің ортақ пікірі – М.Әуезов шығармашылығы – әсемдігімен, ғажайып әсерлілігімен ХХ ғасырдың сиқырлы, қайталанбас ұлы құбылысына айналды. Себебі Әуезов – әлемдік феномен, күллі әлемдік әдебиеттің қайталанбас ұлы тұлғасы. Ұлы елдің ұлы перзентінің есімі осылай жаңаша нұрлана түсті.