646 отбасы «Өрлеу» жобасымен шағын кәсіптерін өрлетуде
646 отбасы «Өрлеу» жобасымен шағын кәсіптерін өрлетуде
Арыс қаласындағы 646 отбасы «Өрлеу» жобасы аясында мемлекет қолдауына ие болып, пайдасын көруде. Олар осы жоба арқасында жеке іс ашып, өздерінің шағын кәсіптерін өрлетуде. Осылардың бірі көпбалалы ана - Оразкүл Ақжігітова.
Ол отағасымен бірге өткен жылы мемлекеттен 265 332 теңге көлемінде шартты ақшалай көмек алып, пластиктен есік, терезе жасайтын құрал-жабдық сатып алып, кәсібін ашты. Отағасымен аталған қаржыны тиімді жұмсағандықтан осы жылдың сәуір айында тағы да осы бағдарламамен 265 332 теңге тағайындалды. Олар осылайша, істерін кеңейтіп, өрлеудің өркендеуіне көз жеткізіп отыр.
«Өрлеу» бағдарламасының шарттарын дұрыс орындаған арыстық Қашқынбекова Зада да осы жылы жалпы көлемі 600 мың теңгеден астам көмек алып, тігін машинасын алып қол өнермен айналысуда. Шағын тігін цехында көрпе, көрпеше, қыз жасауы сынды қолөнер бұйымдарын тігуде.
Жалпы Арыс қаласында осы жылдың 9 айында аталған жобаға 661 отбасы, яғни 3668 адам қатысты. Оларға отбасына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнының айырмасы төленеді. Бүгінде 646 отбасына республикалық бюджеттен 113 млн. 449 мың 700 теңге, ал жергілікті бюджеттен 90 млн 468 мың 700 теңге шартты ақшалай көмек тағайындалды. «Өрлеу» жобасы бойынша 90 адам әлеуметтік жұмысқа, 20 адам қоғамдық жұмысқа, ал екі адам жастар практикасына, 11 адам қайта даярлау курсына, 563 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.