Түркібасы атын қайтарайық

Түркібасы атын қайтарайық

Түркібасы атын қайтарайық
ашық дереккөзі
594
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданының атын Түркібасы деп өзгерту туралы мәселе көптен бері көтеріліп жүр. Кейінгі жылдары аудан халқының арасында талқыланып, түрлі пікірлер айтылып, сайып келгенде, Түркібасы атауына басымдық беріліп жатқаны рас. Облыстағы, тіпті республика көлеміндегі зиялылар, әсіресе ақын-жазушылар мен ғалымдар, білім саласының өкілдері орталарында да жиі-жиі сөз болады. «Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асты, енді алаңдайтын не бар? Тәңіртаудың таңғажайып жері, Қаратау мен Алатаудың түйіскен төрі Түлкібас күйінде қалмауы қажет, Түркібасы атын қайтару керек», – десетіндер өте көп. Қазіргі Түлкібас атауы туралы әртүрлі аңыздар бар. Біреуі былай. Есте жоқ ескі заманда түлкі басты әулие осы төбені мекен еткен екен, содан Түлкібасы әулие атаныпты деседі. Тағы бірінде түркінің дінбасы осында жерленгендіктен, Түркібасы атанып, бірте-бірте Түлкібасы, Түлкібас боп кеткен дейді. Жазба тарихта, архивтерде жазылғандай, бұл өңірді отаршылдар жеті рет жайпап өткен. Жер мен су, елді мекендер аттары да сан рет өзгерген. Құбылған. Түркеш қағанаты жайлы деректер көзі қытай архивтерінен табылды. Қағанат туралы тұңғыш рет диссертация қорғап,  «Түркештер» деп аталатын ғылыми монография жариялаған көрнекті тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетхан болатын. Ол Қытайда туып-өскен. Кейін Қазақстанға келген, қытай тілін жетік білгендіктен, аса қиын тақырыпты игеріп, ғылыми олжа салды. Осы «Түркештер» еңбегі Түлкібасы жаңылыс ат, Түркібасы тарихи ат екеніне айқын негіз болып табылады. Түркеш қағанатының негізін 629 жылы салған Өжелі қаған кейіннен Сақал атанған. Ол 706 жылы бақилық болып, билік Сулуқ қағанның қолына өткен. Сулуқ қаған Түркеш елін 22 жыл билеген. Тұран жеріне жорық жасаған араб басқыншыларына талай рет күйрете соққы беріп, Сүзеген  қаған атанған. Сол Сүзеген қаған (Сулуқ) ордасы Түркібасы төбесіне тігілген. Түркібасы төбесі қос өркешті. Екі өркешінде де бұлақ бар. Сондықтан, жаулар қаншама қоршаса да қорғанды, орданы ала алмаған. Түркі-Түркеш қағандары Арыс пен Құлан өзендері қосылған тұстағы осы төбеге орда тіккендіктен, Түркібасы атанған. Ресей отаршылдығы тұсында Түркібасы төбесіндегі тас қорғандар тоналып, қиратылып, құрылысқа жұмсалып кеткен. Тарих ғылымының корифейі атанған атақты академик Бартольд «Отчет от коммандировки в Среднюю Азию» (Москва, изд-во «Наука», 1986) деген еңбегінде Түлкібас жеріне іссапармен келіп, қос өркешті төбені аралап көріп: «Түлкібас – мүлде қате атау, дұрысы – Түркібасы. Бұған р-ға тілі келмейтін қытайлар да әсер еткен» деп жазған. Тағы да бір дәлел бар. О баста күллі түркілерге ортақ болған тіліміздегі «баш» пен «мұрұн» сөздері жер бедерлеріне байланысты төбе, шоқы, тауларға да қолданылған. Осы тұрғыдан қарағанда да Түрк башы, Түркібасы – Түркі биігі деген ұғымды білдіреді. Қазақ көркемсөзінің көшбасшысы, қазақ көсемсөзінің қолбасшысы атанған халық жазушысы, ұлтының сүйікті суреткері Шерхан Мұртаза осы Түлкібас атауын Түркібасы деп өзгерту туралы Тәуелсіздікке қол жетпей тұрып-ақ талай рет жазған. Айтқан. Солардың бірінде бүй дейді: «Түлкібас десе, мен түлкінің басын көз алдыма елестете алмаймын. Түркібасы десе, көненің көне замандары көз алдыма келіп, көлбеңдей береді...  Дәуірлі шақта қазір Түлкібас деп жүрген ауданда Түркі ханының ордасы тұрды...» Сонымен, Түлкібас атауын Түркібасыға өзгерту бүгінгі ұрпақтың тарихи парызына айналып отыр. Рухани жаңғыруға орайластыра аудан атын жаңғыртып, Түркібасы төбесіне ме, Арыс пен Құлан өзенінің қосылған тұсына ма, Сүзеген (Сулуқ) қағанға ерекше ескерткіш қойылса дер едік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында халықтың тарихи жады хақында, байтағымыздың қасиетті, киелі жерлері жөнінде жан-жақты айтылған, өлкетануға өзгеше мән-мәніс беру турасында тебіреністі толғаныстар тұнып тұр. Түркібасы атын қайта қалпына келтіру Мемлекет басшысы мақаласындағы мақсат-міндеттер талаптарына һәм сай келеді деп санаймыз.  

Мекемтас МЫРХАХМЕТҰЛЫ,

Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және халықаралық «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты

Мархабат БАЙҒҰТ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты

Сәрсенбек САХАБАТ,

ақын, түркітанушы, тарихшы, халықаралық  Нәзір Төреқұлов атындағы

сыйлықтың лауреаты

 

Серіктес жаңалықтары