Туған жердің тарихы

Туған жердің тарихы

Туған жердің тарихы
ашық дереккөзі
1038
Қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында: «Балталы, бағаналы ел аман бол» деп келетін қоштасу жыры бар. Бұл – аласапыран заманда кіндік кесіп, кір жуған жерінен еріксіз көшіп бара жатқан бір қауым елдің басынан өткен қиыншылықтарын сездірсе керек. Сол бағаналы елінің бір тұлғасы – бүгінде Қармақшы ауданы есімін иемденіп отырған Қармақшы ата. Мұрағат мәліметтерінде Балталы-бағаналы руларының 12 аталығынан тараған 600 түтін ХVII ғасырдың ортасында Сырдария, Қараөзек, Қарабдал маңында қыстап отырғанын жазған екен. Босқын елді Мардан бидің ұрпағының бірі Назар Қаржауұлының сыр бойына бастап келгенін көнекөз қариялар жыр етіп айтатын-ды. Әсіресе, тоқсан жасты алқымдап өмірден өткен Бұрқат Әбдіомаров Назар би жөнінде есімі Орта Азияға белгілі, діни қайраткер Тайман (қари) Жүсіповтен – (1898-1981 ж.ж.) талай аңызға толы әңгімелерді естігенін, бүгінде сол әңгімелердің біразының ұмытылғанын қынжыла отырып сөз етіп еді. Дау-жанжалды шешу кезінде Назар дауласа келген елдің биіне тіке қарап сөз бастайды екен. Айтатын сөзі өте қысқа, әрі жатық болыпты. Қарсыластары оның тіке қарағанынан жасқанады екен. Сондықтан күні кешеге дейін ел ішінде айтылып келген «Назардың назарынан сақта», «Назар барда елге жау шаппас», «Ел бірлігін сақтаған Назар» деген сөздер оның ел арасындағы беделді би болғанын байқатса керек. Кезінде бабалар жайлы әңгімелерге жете мән берілмегендіктен, Бұрқат ақсақалдың айтқандары да ұмытылды. Олардың қиын өмір сүргенінің дәлелі мына өлеңнен-ақ аңғарылады: Балталы екі арыс ел болған-ды, Қонысын күніне бір жаңалады. Барар жер, басар тауы болмаған соң, Айналып «Ақболтайды» сағалады. Демек, олардың бір кездегі атақонысынан көшіп, бүгінгі Сырдария ауданындағы Ақболтайға қоныстанып, сол жерде өсіп-өнгені айдан анық. Осы бір қауым елдің басынан кешкен тарихын түгендеу мақсатында 1970-1971 жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Торғай, Қостанай облысының бірнеше ауданын аралаған едік. Жиналған шежірелер негізінде 2007 жылы «Балталы» атты шағын шежіре кітап шықты. Бабаларымыздың Сыр еліне келуі, Қоқан хандығының басқару кезеңіне тұспа-тұс. Атақты жырау, әрі би Жанкісінің «Қоқан ханына айтқаны» деген өлең жолдары талай сырды суыртпақтайды . ...Өзіңіз қосқан зекетші, Біздің елде Жүзбай бар. Жүзбайдың жүрген жерінде Жылау менен ойбай бар, – деп жырау сол кезеңнің ащы запыранынан хабар берген. 1868 жылғы архив жазбаларында Назар Қаржауов бастаған бірқауым ел Телікөл, Сарысу арқылы Тартоғай, Бұқар аралы бойына қоныстанып, кейіннен қазіргі Сырдария ауданының Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы «Бидайкөл», «Ақболтайды» түпкілікті қоныстанғаны жазылған. Олар Перовскі уезі, Жаңақорған болысының №2, №3 ауылдарын құраған. Түтін пұл жинау тізімінде (1868 ж.) Назар Қаржауов, Жайсаңбай Назаров, Ықылас Төлегенов тағы басқалары Тартоғай, Жайпақ атты жерлерде қыстағанын жазады. Кейіннен шамамен 1905-1910 жылдарда «Ақболтай» мен «Бидайкөлде» тұрақтаған. Талай ауыртпалықты басынан кешкен жұрт 1928 жылы «Бидайкөл» колхозына бірігеді. Аталған колхоз 1941-1945 жылдардағы ауыр күндерде ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Қарт диқандар Ысқақ Құрманәлиев, Тұрғанбай Бегімбаев, Емжар Текебаев, тағы басқалар егін саласында мақтанышқа айналса, мыңғыртып мал өсірген Сардарбек Қараманов, Ахмет Нысанбаев, Жұмабай Тұрабев, Әбсадық Бибатыров, Балдыбай Бекбергенов, Рахат Құрманәлиев төрт түлікті түлеткендер. Олардың бүгінгі ұрпақтары да өз ауылының көркейіп, кемелдене түсуіне өз үлестерін қосып, бабалар, әкелер дәстүрін жалғастырып, туған жеріне туын тігіп отыр. Шағын «Бидайкөл» колхозы 1950 жылы бірнеше майда колхоздармен бірігіп, «Партияның ХVIII съезі» атындағы колхозға, кейіннен совхозға айналған. 1992 жылы Асқар Тоқмағамбетов атындағы ауыл атанды. Бидайкөл Тереңөзек кентінен 6 шақырымдай №8 теміржол бекеті маңында болған. 1868 жылғы архив жазбаларындағы бабаларымыздың есімдері дұрыс жазылмағаны байқалады. Жайынбай бабамыздың аты Жайсаңбай болып жазылыпты. Сол кездің орыс әрпімен жазылғандықтан солай жазылғанын түсінеміз, сөйте тұра ауызша шежіреде жоқ ата-бабаларымыздың есімдерін көруіміз бізге жаңалық болды. Сондай-ақ, шежіреде Кенесары ханның күресін қолдаған дейтін Қашқын Жанғарин, Қаңлыбай Досин, Бекін Қаңлыбаев, Төребай Шотанов, Шотбай Алыбаев, Жұлдыз Шаманбетов, Мұса болыс сияқты ел билеген бабаларымыздың есімдерімен де таныстық. Тәуелсіздік алғаннан бері ел де, жер де жаңарды. Адамдардың жүзінен бақыттылық сезіледі. ХХ ғасыр соңындағы жас, бүгінде қария атанып отырып, еліміздің қарыштап алға басқанына, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында жеткен жетістіктерге мақтанышпен қараймыз. Ұрпақтарымыздың өскенін көріп марқаямыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.  

Нұрпейіс САҒИҰЛЫ, 

Еңбек ардагері

Серіктес жаңалықтары