351
Бәсекелестік ғасыры
Бәсекелестік ғасыры
Заман талабына сай өзгерудің қажеттілігі, трансформацияның мәні мен түпкі мақсаты өзара интеграция мен рухани жаңғыру. Осы және өзге мәселелер Шымкентте өткен «Самұрық-Қазына» АҚ жастарының алғашқы сараптамалық-консультативтік кеңесінің өзегіне айналды. Бұл игі өзгерістерге ұмтылып, Қор мен ұлттық компаниялар қызметін неғұрлым тиімді етуге ұмтылған әріптестердің сараптамалық және коммуникациялық алаңы. Алқалы басқосуда айтылған бірқатар ой-пікірдің тізбегін оқырмандарымыздың назарына ұсынбақпыз.
Ұлан Тәжібаев, «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурстарын басқару және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры:
– Әдетте үрдістер мен технологияларды жаңарту қиын емес. Алайда адамдардың санасы өзгермейінше, басты мақсатқа жету екіталай. Егер күнделікті жұмысқа 8 сағатты өткізу мақсатымен ғана келіп отырсақ, трансформация қалайша жүзеге асады? Баршамыз компанияларымызды көшбасшыға айналдыру жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Олардың тиімді қызметі мен тұрақты дамуы – біздің ел экономикасына қосқан үлесіміз. Демек, біз компания мүддесі үшін ғана емес, ел мүддесі үшін жұмыс істейміз. Трансформацияның негізгі мәні осы.
Жаннат Ертілесова, Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығының басқару кеңесінің төрайымы:
– Біздің жастық шағымыз өзгеше еді. Көп еңбек еттік. Ал бүгінгі жастарға бұдан да қиын. Өйткені олар қатаң бәсекелестік заманында өмір сүруде. Жалпы, бәсекені қашанда сезінген жөн. Өйткені сол ғана бізді алға жетелейді. Бәсекеге қабілеттілік туралы теорияның авторы Майл Портер айтқандай, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне халық саны, аумағының көлемі немесе табиғи байлықтар емес, білім сапасы ықпал етеді. Қазіргі жас буынның бәсекелестікке дайын екеніне сенімдімін.
Айбек Ботабеков, «KEGOC» АҚ қаржы және есеп жөніндегі басқарушы директоры:
– Технологиялар күн сайын қарқынды дамуда, тіпті 20 жылдан кейін электр қуаты саласы түбегейлі өзгеруі ықтимал. Мәселен, бүгінде ғалымдар телефонды 20 жыл бойы үздіксіз қуатпен қамтамасыз ете алатын батареяны ойлап тапты. Өкінішке қарай, телефонның өзі 20 жылға шыдамайды. Ал осындай батарея үйге арналып шығарылса, бұл неге әкеп соғады? Электр желілерінің жойылу қаупі туындайды. Демек, қазірдің өзінде 20 жылдан кейін немен айналысамыз деген сауал біздің толғандырғаны абзал. Қалай дегенмен өзгерістерге бет бұру – заман талабы.
Ербол Ысмайылов, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры:
– Еліміздің оңтүстігінен бастау алған жобамыз жалғасын табуы тиіс. Бас кеңсенің өзі ғана өз сорпасында қайнамай, қоржындық компанияларды, аймақтық бөлімшелерді, өндіріс орындарын да трансформациялық қозғалысқа жұмылдыру аса қажет. Халқымызда «бірлік бар жерде тірлік бар» деген тамаша сөз бар. Біздің болашақ бағдарымыз – қызметкерлерді ортақ мақсат аясында біріктіру. Ал ортақ мақсатымыз – жаңашылдыққа ұмтылу, трансформацияны табысты жүзеге асырып, ел игілігі үшін тиімді қызмет ету. Бұл ретте тағы қайталап өтейін, баршамызға өзгерістерге дайын болу қажет.
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ