"Оңтүстікті сағынсам – Мархабатты оқимын"

"Оңтүстікті сағынсам – Мархабатты оқимын"

"Оңтүстікті сағынсам –  Мархабатты оқимын"
ашық дереккөзі
530

Әдебиет әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған жазушы Мархабат Байғұт жайлы қамгерлер пікірі.

Дулат Исабеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

– Мен Оңтүстіктің иісін сағынсам – Мархабаттың шығармаларын оқимын. Оңтүстіктің табиғатын аңсасам – Мархабаттың кітаптарын ақтарам, тек Оңтүстікте ғана кездесетін адамдардың мінез-құлықтарын жымиып отырып бір еске түсіргім келсе – пәйкел аралағандай Мархабаттың әңгімелерін парақтап өтсем, бала кезде есітіп, ұмытыла бастаған оңтүстіктің сөздерін еске түсіргім келсе, оларды да Мархабаттан табамын. Оның әрбір жаңа шығармасы жарыққа шыққан сайын өзіме таныс адамдардың тіршілігімен тағы бір қауышатын болдым деп ол шығармаларды оқып шыққанша асығам. Оның алғашқы жолдарынан-ақ іздегенімді тауып, бірде жымиып, бірде еріксіз езу тартып, енді бірде тұншыға күліп алам. Бірақ ол юморист те, сатирик те емес. Оның шығармаларындағы адамдардың мінез-құлықтары мен қылықтарының өзі күлкі шақырып тұрады. Өйткені өзімен біте қайнасып кеткен ауылдастары мен аудандастарының өмір салтын әбден біліп алғандықтан, олардың іс-әрекеттеріндегі күлкілі сәттерді Мархабат аттап өте алмайды. Юмор – жазушының ғана емес, бүтін бір ұлттың мәдени деңгейін таныта алатын көркем әдебиеттегі басты құралдардың бірі.

Жас ұлғайған соң адамды елі мен жері, өскен ортасы өзіне қарай тарта беретін болса керек. Маған алыс, жақын шетелдердегі әйгілі теңіз жағалауларында демалғаннан гөрі, Қараспандағы Талғат інімнің фазендасына барып, ағып жатқан судың ағысымен арпалысып, ары-бері жұлқылап тұрған бір тал көк шөпке қарап отырудан қызық ешнәрсе жоқ. Көршінің есегі ақырады, оған қосылып дәл құлағыңның түбінен Талғаттың есегі де ішін тартып аңыратып қоя береді. Өрістен қайтқан сиырлар мөңірейді, қасыңда жайбарақат жатқан ит бүйіріне біз сұққандай кенет орнынан атып тұрып, ауланың тұсынан өтіп бара жатқан бөтен сиырды абалап қуа жөнеледі де, оны ұзатып салғанына мәз болып, қасыңа қайта кеп жайғасады. Алыстан әлдекімді шешесінен айызы қанғанша боқтап жатқан әлдебір ер адамның ашулы дауысы естіледі... Жетпістен асып қалған жасыңда табан асты кері шегеріп, баяғы бала кезіңе қайта әкеп тастайды.

Оның бәрі Мархабат Байғұттың шығармаларында шашылып жатыр. Ол ауылын жаза отырып, бүкіл бір ұлттың келбетін, болмысын айнытпай суретке түсіріп, «Міне, біз осындаймыз» деп өзгелерге мақтанышпен паш етіп тұрғандай. Мархабаттың өз табиғаты қандай болса, оның шығармалары да соған сәйкес биязы, мәдениетті, астарлы да қатпарлы. Топ ішінде отырып, әлдекімнің байқамай айтып қалған ұтқыр сөздері мен күлкілі сәттерін қалай қалт жібермей соған сәйкес күлкі аралас реплика тастап отырса, ол өз шығармаларының әйтеуір біреуінде осындай сәттерден жиынтықталған мінездер мен сөздерді кезекті бір әңгімелеріне арқау ететіні сөзсіз.

Мархабат жетпіске толып қапты. Қуанасың ба, қимайсың ба? Әрине, аман-есен жетпіске жетіп, осы өмірінде талай-талай тартымды шығармалар, өзекті драмалар жазып, қалың оқыр­ман­дарын қуантқанына қуанасың. Қимайтының, оның да жастық шағы өтіп, кекселікке бет түзегені. Бірақ, мен үшін ол әлі баяғы Мархабат. Мен үшін оның жазуы да, өзі де, бітім-болмысы да өзгермеген, сол баяғы жастық жалыны бәсеңсімеген, жымия күлген жарасымды күлкісі де жоғалмаған Мархабат боп елестейді де тұрады.

Оның тойына қатысуым керек-ақ еді. Сәті түссе «Пістеліні» тағы бір көргім-ақ келіп еді. Амал не, дәл осы кезде сонау Лондондағы «Орзу Артс» театры Өзбекстанның шақыруы бойынша Ташкент шаһарына гастрольдік сапармен келіп, менің өткен жылы Англия­да қойылған «Өкпек жолаушы» («Транзитный пассажир») пьесам бойынша қойылған спектакльді екі-үш күн бойы көрсетеді екен. Оған бармасам театр басшыларының өкпелері қара қазандай болғалы тұр. Өзің «Егеменді Қазақстан» газетіне мына ағаң туралы «Аға досқа хат» деп тамаша мақала жазып едің, сол сияқты «Іні-Досқа» осы бір үшбу сәлемімді жолдап, өзіңді 70 жылдық торқалы тойыңмен құттықтаймын!

Қаламың мұқалмасын, Оңтүстіктің иісі бұрқыраған шығармаларыңды жаза бер! Елің де сенен осыны күтеді. Мен де.

Мәнері де, мақамы да ешкімге ұқсамайды

Темірхан Медетбек, ҚР Мем­лекеттік сыйлығының иегері:

– Мархабат – бүгінгі қазақ әдебие­тіндегі қуатты, тегеурінді көркемсөз ше­берлерінің бірі. Ол стилі де, мәнері де, мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Оның шығармаларын оқып отырып, Мархабаттың айрықша қолтаңбасын, айрықша көзқарасын, айрықша тілдік жүйесін, айрықша иірімін байқайсың. Мархабаттың жазудағы стилі де, жүйесі де ешкімге ұқсамайды.

Ол – менің құрдасым. Екеуміз әдебиетке қатар келдік. Екеуміз де Оңтүстік Қазақстанның перзенттеріміз. Мен Мархабаттың әңгімелерін сүйіп оқитын оқырмандар қатарынанмын. Әңгімелері жаныма жақын. Шығар­маларында ауылдағы кішкентай бір проблемаларды ғана айта отырып, бәріміздің көкейімізде жүрген өзекті мәселелерге жауап береді. Адамдардың азғындап бара жатқандығы, олардың соншалықты салғырттығы, адамдардың жақсылыққа ұмтылуы, олардың бір-біріне қарама-қайшы мінездерін өзінің бойындағы ешкімге ұқсамайтын көркемдік құралдар арқылы суреттейді. Мархабаттың тілдік бояулары да өзінше. Оның тағы бір шеберлігі бар. Ол – аяқ астынан жай ғана бір құбылыстан үлкен мәселелерді көтеруге мүмкіндігі жететіндігі. Әсіресе, адамның мінезі арқылы қоғамдық мінезді ашуы, бір адамның бойындағы характері арқылы белгілі бір кезеңнің біз үшін әлі жұмбақ тұстарын өте нәзік, өте әдемі әрі толыққанды түрде бейнелеп беретін қаламгер. Мен оның осы бір шеберлігіне, кішкентай нәрседен үлкен бір кезеңнің психологиясын, картинасын, құбылыстарын, сол кездегі болып жатқан әр түрлі оқиғалардың себеп-салдарын аша білетіндігіне тәнтімін. Өзінше ою-өрнекпен, өзінше тілдік стильмен, өзінше бір мәнермен жазатындығы мені әлі күнге дейін таң қалдырып келеді.

 Адамдық пен аңғалдықты ешқашан жоғалтпаған

Әлібек Асқаров, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

– Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетін қалыптастыру жолында қызмет етіп жүрген қабырғалы қаламгерлеріміздің бірі. Ол тек көркем әдебиетте ғана жүрген жоқ, Мархабат Байғұт журналист ретінде, публицист ретінде де қоғамға өзінің еңбегін ұсынып жүрген азамат. Әдебиет пен журналистиканы дамытуға үлкен үлес қосқан жазушы-журналистің көркем туыныдылары да, публицистикалық дүниелері де, жүрегін жарып шыққан ой-толғамдары да оқырман үшін аса құнды, аса әсерлі туындылар деп айтсам еш қателеспеймін.

Біз ол кісіні жас кезімізден білеміз, мақтан тұтамыз, жақсы көреміз. Қаламы қарымды көптеген жазушылардың өз мінезі мен шығармашылық мінезі екі түрлі болып жатады. Тіпті, атақты Толстойдың өзі де сондай. Алысқа бармай-ақ, мұндай құбылысты қазақ жазушыларынан да байқауға болады. Ал Мархабаттың әңгімелері қандай мөлдір, имандылық пен адамгершілікке толы болса, өзі адам ретінде де сондай кішіпейіл, иіліп, ізет көрсетіп тұратын адамгершілігі мол азамат. Шығармашылығы мен адамдығы үйлесіп, үндесіп тұрған жан. Ол қоғамның барлық кемшілігі мен проблемаларын сынға алып қана қоймай, адамның көңіліне шуақ шашатын туындыларды да жазды. Кейде өмірден торығып, жабығып отырған сәтте оның шығармасын оқығандардың жанарында жалын, жүрегінде сенім пайда болады. Өйткені Мархабат өз шығармаларында өмірде ізгіліктің, жақсылықтың, адалдықтың бар екенін еске салып отырады. 70 жылдық асуында Мархабат Байғұт өз бойындағы және шығармаларындағы адамдық пен аңғалдықты ешқашан жоғалтқан емес.

Қысқа әңгіменің шебері

Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы:

– Біздің әдебиет әлемінде 700-дей жазушы бар дейді. Оны біреулер көп көреді, ал кейбіреулерге бұл аздық етеді. Ал мен үшін бұл көп емес. Ең жаман жазушы өзінің ауылына атақты болады. Біле білсеңіз, бір ауылда 500-600 оқырман бар. Өз ауылында беделі бар жазушы сол ауылды тәрбиелеуге белгілі бір дәрежеде үлес қосады. Ал Мархабат қандай жазушы? Ол ауылдың да, ауданның да, облыстың да шеңберінен әлдеқашан асып кеткен. Ол – республикалық дәрежеде мемлекеттік үні бар жазушы. Мархабат – көп жазушының бірі емес. Бірегей, өзінің стилі бар, өзіне ұнайтын тақырыбы бар жазушы. Ол – қысқа әңгіменің шебері. Бұл Мархабаттың үлкен бір ерекшелігі. Мархабат әңгіменің әр қилысын жазды. Бұрынғы дәуірді де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жемқорларды да, жеңіл-желпі мінезге түсіп кеткендерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Демек, Мархабат дәуірмен бірге келе жатқан, аяғын тең басып келе жатқан жазушы. Менің оны ерекше жақсы көруімнің тағы бір себебі бар. Қырғыз келіншегі туралы жазған екеуміз ғана. Менің де қырғыз келіншегі туралы жазғаным бар, Мархабатта да бар.

Шығармаларында үндестік бар, көркем әдебиетте өзінің талабы, дәрежесі бар мұндай жазушыны жақсы көрмеу мүмкін емес. Мархабаттың туған ауылы Пістелі деп аталады. Мен Пістеліні қаламгердің 60 жылдық мерейтойында көрдім. Ол мекенде тау пісте өседі. Тау пісте бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз Түлкібас ауданында кездеседі және ол тура Мархабаттың ауылында. Тау пісте бір-ақ жерде өссе, Мархабатта та сол секілді Түлкібастан шыққан қаламгер. Сол жердің табиғаты оның жанына да, жазған шығармасына да енген. Оның сөйлем құруының өзі ерекше. Ұзақ құрмалас сөйлем, салалас сөйлем құрмай-ақ, бір сөзден сөйлем құратыны бар. Және сол бір сөзі дәл сөз болады. Сол сөзінің арғы жағында ымы, нұсқап тұрған жері бар. Мұндай ерекшелігі болмаса, ол да көптің бірі болып көлеңкеде қалып қалуы мүмкін еді. Ол – жарқырап тұрған жазушы. Мұндай жазушының көбейгені қазақ зиялылары қатарының кеңейгені деп түсінемін. Мархабаттың тағы бір ерекшелігі – юморы. Бір ғана сөзінің астарында шымшып алатын сықақ бар, кекесін, мысқыл бар. Сол мысқылының өзі қоғамдағы кейбір оғаш істерге деген оның позициясын білдіріп тұрады. Бұл оның стильдік ерекшелігі.

Бойында бекзаттық пен биязылық бар

 Несіпбек Дәутайұлы, жазушы:

– Акутагава Рюноске деген атақты жапон жазушысы бар. Ол алғаш студент болып жүргенде-ақ «Мұрын» деген әңгімесін жазды. Сонда жапонның әйгілі әдебиеттанушысы «бұл бала енді ешнәрсе жазбаса да, жапон әдебиетінің тарихында мәңгі қалады» деген екен. Ал біздің қазақ әдебиетінде Мархабат Байғұт қанша шығарма жазса да, әдебиет тарихында мәңгі қалатын жазушы.

Қазақ әдебиетінде қазір образды даралау деген әлсіздеу. Ал Мархабат өзінің әңгімелерінде адамдардың образын жасау арқылы, ол образды даралау арқылы ерекшеленеді. Ол кейіпкерлерді даралау арқылы қоғамның бейнесін сәтті бере білетін жазушы. Жеке адамдардағы психологиялық, тұрмыстық құбылыстарды кеңінен зерттеп, кез келген дүниеден қоғамның табиғатын көрсетуге бел буған. Қазақ әдебиетіндегі қазіргі заманғы прозадағы Мархабат Байғұт көп адамнан мойны озып тұрған жазушы. Оны бәрі мойындайды. Бір ғана әттеген-ай бар. Бүгінгі қоғамда мұндай дарынды жазушыларды, әдеби көркем тұлғаларды «Бүгінгінің Бейімбетіне» теңеп, өзгелерге ұқсатумен ғана шектеліп жатады. Мұндай теңеулердің болуы шартты жағдай. Бірақ Мархабат Байғұтов өзінің биігіне көтерілген тұлға, ол – Мархабат Байғұтов.

Біздегі сынның бір кемшілігі бар. Ол – сыншылардың жазушыны аша алмауы. Ол қандай жазушы? Мархабатты да әлі ешкім ашқан жоқ. Бүгінде қазіргі заманғы прозашы деген кезде ең әуелі әдебиетсүйер қауымның ойына Мархабат келеді. Оның қоғамды тануы, адамды тануы, дүниені тануы мүлдем бөлек. Мархабаттың бойында да , шығармаларында да үйлесім тауып тұратын бекзаттық пен биязылық мені қатты қызықтырады. Ойлау жүйесіндегі тазалық, жан дүниесінің мөлдірлігі, дүниеге деген іңкәрлігі оны өзгелерден ерекшелейді. Бірақ Мархабат бәріне алқынбай-жұлқынбай жетеді. Мен білетін Мархабат Байғұт – жаны таза жазушы.

Дайындаған Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары