180
Салық инспекторлары екпінінен айырылмақ
Салық инспекторлары екпінінен айырылмақ
Бұған дейінгі қолданыстағы Салық кодексі 2008 жылы қабылданған еді. Құжат 9 жыл ішінде 16 рет өзгертіліп, 3 рет қайта жазылған. Ал Әділет министрлігі Заңнама институтының статистикалық талдау деректеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Салық кодексіне 130 заң, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екен.
Жақында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің жобасы мақұлданған болатын. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа Кодекс салық салу идеологиясын өзгертіп, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған. Нәтижесінде халық салықты өз бетінше төлеуге ынталы болады. Ал жаңа құжаттағы өзгерістерге тоқталсақ, біріншіден, барлық түсініксіз баптар мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Бұл – салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік бермек. Екіншіден, егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет етсе, бірақ кейін ұстаным өзгерген болса, айыппұл мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады. Үшіншіден, салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелердің болуы көзделген. Ең бастысы, Салық кодексінің құрылымы өзгеріп, салық төлеушінің ерекшелігіне қарай жекелеген бөлімдер болады.
Жаңа жобада шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режімдері сақталған. Ал жаңадан ұсынылған баламалы режім айналымы үлкен болса да, табысы аз кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Сонымен қатар шығыстарды есепке алу арқылы жеңілдіктер беру қарастырылған. Министрліктің ресми хабарламасына сүйенсек, қазіргі салық түрлерінің ставкалары сақталады. Тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты бизнеске қаржылық жүктемені арттырмау үшін әлеуметтік салықтың мөлшерлемесін 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендету ұсынылған. Сондай-ақ, бұрын салық инспекторының тексеріске куәгер қатыстырмауға құқы бар болса, енді ол міндеттеліп, тінту, хаттау ісіне куә ретінде бөгде адам қатыстырылады деп қарастырылып отыр. Заңға жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы да бірқатар өзгерістер енгізілген. Енді азаматтар кәсіп бастауы үшін тіркелуі міндетті емес. Тек кәсіп бастағаны туралы салық органына ескертіп, хабарландыру жібереді. Кәсіпті қайта тіркеушілер де солай. Хабарламаны алған салық қызметкерлері бір жұмыс күнінде кәсіпті қайта тіркейді. Ал салықты патент бойынша төлейтін адамдар патентті алған күннен бастап түскен табыстары сол патенттің құнынан аз болса, соның есебін беріп, салық мөлшерін азайтуына, сондай-ақ, бұрын төлеп келген артық ақшасын қайтару туралы өтініш жазуына болады.
Сондай-ақ, еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету үшін шаруа-фермер қожалығының басшысына, мүшелеріне және жұмысшыларына салынатын әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылуда. Ал бірыңғай жер салығын төлеушілер айналымына қарамастан қосылған құн салығын төлемейді. Ал 2020 жылдан бастап аталған режімде 0,5 пайыз мөлшеріндегі айналымнан алынатын салық белгіленеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер жойылады. Себебі Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес ішкі өндіріс тауарлары және импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс.
Кейбір жеңілдіктермен қоштасар күн таяу
Жаңа жоба бойынша жеке тұлғалардың несие бойынша қарыздарын кешірген кезде жеке табыс салығынан босату ұсынылады. Сондай-ақ, банктер түйткілді активтерді коллекторларға берген кезде салық салу іс жүзінде табыс алынғаннан кейін жүзеге асырылады. Жинақтаушы сақтандыруға жеке табыс салығын салу тәртібін өзгерту ұсынылады. Сол сияқты жаңа заң жобасында инвестициялық жобаларға салық салу бойынша өзгерістер енгізілген. Қазіргі таңда инвестициялық ұжымдық табыс салығы, жер салығы, мүлік салығы бойынша жеңілдіктер жаңа басым жобалар мен жаңа кәсіпорындарға беріледі. Мұндай кәсіпорындарды ынталандыру үшін корпоративтік табыс салығы бойынша жаңғырту және реконструкциялау аяқталған сәттен бастап 3 жылдан артық емес мерзімде және инвестициялар 5 млн АЕК кем болмаған жағдайда жеңілдіктер ұсынылады. Жаңа Салық кодексінде жеңілдіктерге нақты өзгерістер енгізу арқылы тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, бірқатар жеңілдіктерден бас тарту ұсынылған. Оның ішінде ойын автоматтары қызметі бойынша айналымдар, лотерея билеттерін өткізу, пошта төлемінің мемлекеттік белгілері, пошта маркаларының импорты босатылады. Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде автомобиль шығару үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер ұсынылады. Жер қойнауын пайдалануға баса назар аударылады Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылады. Тау-кен саласы үшін үстеме табыс салығы инвестиция тартуды тежеуші фактор болып отыр. Сондықтан аталған саладан бұл салықты алып тастау ұсынылды. Бұл жағдайда көмір өндіруші компаниялар бойынша салық жүктемесі экспортқа рента салығына ауысады. Сондай-ақ, теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануда неғұрлым қарапайым баламалы салық ұсынылады. Металлургияның жаңа саласы – қалайы өнеркәсібін қолдау үшін салық мөлшерлемесін 6 пайыздан 3 пайызға төмендету ұсынылады. Ең бастысы, салық төлеушілерге жер және мүлік салығын бір жыл кейінге қалдырып төлеуіне рұқсат берілді. Осылайша, азаматтарға салықтарын есептеп, төлеуге бір жыл уақыт беріледі. Әскери қызметтегі, оқу кезеңіндегі әскери қызметкерлер мүліктік салықтан босатылмайды. Үшінші топтағы мүгедектер биылғы жылдан бастап меншігіндегі барлық мүліктің жалпы құнынан 1500 АЕК еселенген мөлшері шегінде мүлік салығынан босатылды. Ал егер мүгедек жандар жылжымайтын мүліктерін жалға берсе, басқа адамдар секілді салық төлеуге міндеттеледі. Сонымен қатар, әлі аяқталмаған құрылыс үшін салық төлемейсіз. Себебі толық салынып бітпеген құрылыстар салық төленуі тиіс объектілердің қатарынан шығарылады. Жаңа заң жобасының тағы бір ерекшелігі – бұдан былай салықтың төленгені немесе төленбегені туралы ақпарат электронды пошта немесе СМС-хабарлама арқылы жіберілетін болады. Жаңа Салық кодексі кез келген кәсіпкердің жұмысын жеңілдете түспекші. Сол үшін де кем-кетігі түзеліп, жаңашыл тұстар еніп отыр.