291
Қазақстанда Достық елшісі атағы тағайындалады
Қазақстанда Достық елшісі атағы тағайындалады
Қазақстанда Достық елшісі атағы тағайындалады. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Достық елшісі» жаңа құрметті атағын тағайындайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай мәлім етті. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚХА Достық елшісі» құрметті атағын бекіту мәселесі қарастырылды. Бұл өте өзекті тақырып, себебі көптеген мемлекеттер Ассамблеяның қызметіне асқан қызығушылық танытуда. Әсіресе Еуропа елдерінен бірқатар делегация тәжірибе алмасуға келді. Ассамблеяның шет мемлекеттерде достары көп, солар арқылы Қазақстанның бірегей тәжірибесін тарату қажет», - деді Дархан Мыңбай. Ассамблея келтірген деректерге сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі - Қазақстан халқының мүдделеріне өкілдік ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және өзі тұратын мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүддесі үшін белгілі бір функцияларды атқаратын тұлға. Достық елшісі өз қызметін ҚХА басшылығымен келісе отырып, өзі тұратын мемлекетте атқарады және жыл сайын 1 қаңтарға дейін өз қызметі туралы ҚХА-ға есеп беруі тиіс. Достық елшісіне өз өкілеттігін растайтын және толық аты-жөні, азаматтығы көрсетілген патент беріледі. Патент мерзімі үш жылдан кейін тоқтатылады немесе ҚХА-мен келісе отырып ұзартылуы мүмкін.