Балабақша да қауіпсіз болмағаны ма?!

Балабақша да қауіпсіз болмағаны ма?!

Балабақша да қауіпсіз болмағаны ма?!
ашық дереккөзі
756

Балабақша ауласында алаңсыз ойнап отырған балалар 20 мамыр күні қоршауды бұзып-жарып өткен қара түсті джиптің тыныштықтарын бұзатынын сезген де жоқ еді. Тіпті, сол күні таңертең балабақшаға жетектеп апарған бүлдіршінінен айрылып қалатынын ата-ана да білмеген. Әп-сәтте елдің тыныштығын бұзған Алматыдағы осы бір оқыс оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Жауапсыздықтың кесірінен опат болған күнәсіз періштені айтсаңшы... Ата-аналар енді баласын балабақшаға да сеніп тапсыра алмайтын болды ма? Балалар үшін қай жер қауіпсіз?

Қаңылтыр қоршау және құйтақандай балалар

Өткен аптаның сәрсенбісінде Алматы қаласындағы «Таугүл-1» шағын ауданындағы №58 бала­бақшада қақпаны бұзып кірген көлік тоғыз баланы жарақаттап, бір бүлдіршіннің жанын қиды. Қымбат көлік балалардың ойын алаңына қалай кірген?

Баласын балабақшадан алуға келген ол көлікті тоқтатпақшы болған, алайда тежегішті басудың орнына шатасып газды басып жіберіпті. «Land Cruiser» жүргізушісі ойын алаңына кіріп барып бір-ақ тоқтайды. Дәл осы сәтте алаңда ойнап жүрген балалардың біразы оқыста келген көліктен қашып та үлгере алған жоқ. Ал 5 жастағы Кәусар есімді балақай әлгі қымбат көліктің дөңгелегінің астында жаншылып, кіп-кішкентай бүлдіршін жазықсыз жан тапсырды. Өз қолымен таңертең баласын жетектеп әкеліп, балабақшаға кіргізген ата-ана үйіне баласының өлі денесін алып кетті. Жан түршігерлік, жүрек ауыртатын оқиға. Мұндай жағдайда жазықты жанды, жауапты орынды нұсқап көрсету де қиын. Десек те, оқиға орын алған уақытта-ақ қайғылы жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары мен сараптама тағайындалып, Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын жүргізетін адамдар­дың адам өліміне әкеп соқты­ратын жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша тергеу ісі басталған. Ал 46 жастағы жүргізуші әйел уақытша қамауға алынды. Ол үш жылға дейін көлік басқару құқығынан, 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Жазықты заң жүзінде жазасын алғанымен, оның 5 жылдық жазасы 5 жастағы Кәусарды ата-анасына қайтара алмайтыны да, қабырғасы қайысқан ата-анаға демеу болмайтыны да белгілі. Бұл оқиғаға тек газ бен тежегішті шатыстырған әйел ғана жазықты ма? Көлікті жөнді жүргізе білмейтін әйелге жүргізуші куәлігін берген кімдер? Осы бір оқыс оқиғаның артында сан түрлі сауал жатқанымен, мардымды жауап жоқ.

Ал бүлдіршінінен айрылған ата-ана енді жан жарасын қалай жазбақ? Бұл жағдайға кімді кінәлай алады? Көлік жүргізуге құқығы бар, бірақ икемі жоқ жүргізуші әйелді ме, әлде баласының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған балабақша басшылығын ба? Бір ғана дүние анық. Баласын қауіпсіз жерге тапсырғанына сеніп жүрген ата-аналар енді балабақшалардың қауіпсіз мекен екеніне күмәнмен қарайтын болды.

Әлгі алып көлік екпіндеп бұзып кірген қоршаудың сон­шалықты әлсіз болғанын айтпай-ақ білуге болады. Әйтпесе, көліктің екпініне қоршау түгілі, кез келген қақпа оңайлықпен жапырыла қалмайды. Тіпті, қирап қалған қоршаудың ескі екені, оның жай ғана жұқа қаңылтырдан жасалғаны көрер көзге айқын көрініп-ақ тұр. Алайда балабақша өкілдері барлығы стандартқа сай екендігін айтуда. Олардың сөзіне сенсек, ойын алаңы да, оның қоршаумен арақашықтығы да стандарт бойынша жасалған. Қағазда көрсетілген талап пен ережеге сай жасалған құрылыстың да бала қауіпсіздігіне кепіл бола алмайтынын енді білгендейміз. Жалпы, балабақшаның ауласы бүлдіршіндер үшін қауіпсіз болуы керек екені талқыға салынбайтын тұжырым. Оның техникалық талаптарға сай болуы да қажет. Ал мына балабақшадағы қаңылтыр қоршау тиісті талаптарға қанша­лықты сай? Егер қоршау мықты темірден жасалған болса, көлік қоршауды бұзып кіре алмас па еді? Сол кезде кішкентай бүлдіршіндер аман болар ма еді? Кім білсін...

Сонымен қатар, көлік қоятын орын мен балабақша арасында белгілі бір арақашықтық белгілеу қажет. Өйткені балабақша аумағындағы тұрғындар мекеме алдында көліктердің өте көп тұратындығын жиі айтатынын, жиі шағымданатынын жасырудың жөні жоқ. Балалардың қауіпсіздігі үшін көлік тұрақтарын балабақшадан алыстатуға мекеме басшылығы міндетті. Мүмкін, осы оқиғадан кейін балабақшалардың қоршаулары мен аула алдындағы көлік қоятын орындар толық бір тексеруден өтетін болар.

Еліміздің балабақшаларында болған оқыс оқиғаның бұл алғашқысы емес. Бірақ халық бұл оқиғаны соңғысы болса екен деп тілейді. 2014 жылдың мамыр айында Ақтөбе қаласындағы «Балапан» балабақшасында өткен мерекелік шарада билеп жүрген төрт бүлдіршін жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Өнер көрсетіп жүрген балдырғандардың басына залдың сылағы опырылып құлап, төрт бала да жапа шеккен еді. Абырой болғанда, қатты жарақат алғандар болған жоқ. Балабақша 2010 жылдың желтоқсанында ашылған. Кейін «Балапан» бағдарламасының аясында қайта жаңғыртудан өткен екен. Сол кезде күрделі жөндеу жұмыстары үшін қазынадан 163 миллион теңге бөлінген. Қомақты қаржы жұмсалғанымен, нәтиже әлгіндей. Балабақша құры­лысымен айналысқандарға балалардың қауіпсіздігі маңызды емес пе? Ол мекемеде бүлдіршіндердің тәрбиеленетінін біле тұрып, мұндай жауапсыздыққа барған кімдер? Балабақша орналасқан ғимарат бұрын басқа мекеменің меншігінде болыпты. Оқиға орын алған кезде мекеме басшылары төбеде ешқандай жарық байқалмағандықтан, мұндай жағдай болатындығын ешкім күтпегендігін айтып ақталды. Ақтал­ғаннан пайда қане? Болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін кімді жазғырып, қай жерден әділдік іздейсің? Ата-аналар балаларының амандығына шүкіршілік етіп, бұл жауапсыздыққа да көз жұма салғаны өкінішті-ақ...

Балабақшадан басталатын «былықтар»

Балабақшадағы тағы бір маза қашырған оқиғаның бірі 2011 жылы тіркелген. Осы жылдың мамыр айында Жамбыл облысы, Шу қаласындағы балабақшалардың бірінде үш жастағы қыз ойыншыққа тұншығып көз жұмды. Дәрігерлер «Қарлығаш» бала­бақшасындағы бүлдіршіннің механи­калық асфиксия салдарынан қаза тапқанын анықтаған. Яғни, үш жасар қыз балаларға арналған мозаика ойыншығы қолқасына кептеліп, тыныс алу жолының жабылуынан жан тапсырған. Кенеттен есінен танып қалған балдырғанға медбике алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, барлығы тым кеш еді. Осы оқиғаға қатысты тергеу нәтижесінде «Қар­лығаш» балабақшасының меңгерушісі Л.Бижикеева, кіші топтың тәрбиешісі А.Жиенбек, тәрбиешінің көмекшісі К.Бижикеева, медбике Е.Буланова өз қызметтерінен босатылған болатын. Осылайша, ата-анасы сеніп тапсырған балаларға салғырт қараудың кесірінен бір отбасы қара жамылып қалды.

Мамыр айында балабақшада орын алған қайғылы оқиға Аста­наны айналып өтпеді. Өткен жылдардың бірінде 31 мамыр күні Астана қаласындағы №41 балабақшада үш жастағы балалар тәрбиеленетін топта күйсандық құлап кеткен болатын. Нәтижесінде, бір бала қаза тауып, екі бала жарақаттанған еді. Күйсандықтың астында қалған бала тыныс ала алмай, жан тапсырды. ІІД қызметкерлері баланың күйсандық астында ұзақ жатқанын айтқан болатын. Сонда үш жасар бала құлаған музыкалық аспаптың астында жатқанда, тәрбиешілер мен өзге де қызметкерлер қайда болған? Балабақша қызметкерлерінің бір күйсандықты жабылып тұрғызуға шамасы келмегені ме? Бұл – санаға сыйымсыз. Оқиғаға қатысты Астана қалалық ІІД қызметкерлері тергеу жүргізіп, ҚР Қылмыстық кодексінің «Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу жөніндегі міндетін тиісті деңгейде орындамау жөніндегі» 138-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 2014 жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласындағы балабақша­лардың біріндегі жастықтан прокурорлар құрт тауып, елді дүрліктіргені есте. Прокурорлар мен қалалық тұтынушылар құқығын қорғау бас­қармасы мамандарының бірлесіп өткізген тексеруінің нәтижесінде балабақшадағы санитарлық-эпиде­миологиялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды. Осы тексеруден кейін Қызыл­орда прокуратурасы қалалық білім бөлімі мен тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының басшылығына заңбұзушылықтарды жоюды және балабақшадағы оқиғаға қатысты кінәлі тұлғаларды әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартуды міндеттеген еді. Бірақ одан кейін балабақшадағы жұмыстар туралы ешқандай ақпарат таратылмады. Яғни, оқиғаның нәтижесі қалай аяқталғаны бізге беймәлім. Бәлкім, оқиға жылы жабылып, балабақша қызметкерлеріне ескерту берумен ғана шектелген болар.

Балабақшадағы балалар қауіпсіз­дігіне қатысты жиі көтерілетін мәсе­ле – балаларды ұрып-соғатын тәрбие­шілердің кездесетіндігі. Соңғы уақытта балабақшада титімдей балаларды аямай соққыға жығатын қатыгез жандар көбейіп кеткен сияқты. Мұндай қатыгездік жалпы қоғамда артып отыр. 2012 жылы Сапаркүл Қапланова есімді азаматша Шымкент қаласындағы «Шамшырақ» балабақшасының тәрбиелеушісі қызын ұрғандығын айтып Azattyq.kz сайтына шағымданған еді. Балабақшаға жіберген қызы кешкісін үйге беті көгеріп келіпті. Ашуға булыққан ана бірден балабақшаға барады. Балабақша меңгерушісі балабақшада бала санының көп екендігін және олардың барлығын қарауға тәрбиешілердің үлгере алмайтындығын айтыпты. Жан түршігерлік жайт. Айдауына көнбеген баланың барлығын таяқпен сабасына түсіреміз дегендері болар. Ал біреудің баласына қол көтеруге тәрбиешінің қандай құқығы бар? Оның мұндай әрекетін балабақша меңгерушісінің ашықтан-ашық жария­лауы нені білдіреді?

Ал 2010 жылы Астана қаласындағы №9 балабақшада орын алған оқиғадан соң қалалық Білім беру басқармасы тексеру жүргізген. Тексеру жүргізуге осы балабақшадағы 4 жастағы бүлдіршіннің басынан жарақат алып, ауруханаға түсуі себеп болды. Баланың ата-анасы оны балабақшада тәрбиеші ұрып, жарақаттаған деп шағымданған еді. Алайда мекеме қызметкерлері бүлдір­шіннің ойын алаңында жүріп, басын жарақаттап алғанын айтып ақталды. 2013 жылы Алматы қала­сында Медеу аудандық ІІБ-не шағым түседі. Бұл шағым жоғарыдағы ата-аналардың мұңымен мазмұндас. Екі баласын балабақша тәрбиешілері ұрып-соққандығы туралы шағымды азаматша Рябинина түсірген. Тексеру барысында балалардың үстінде жеңіл түрде дене жарақаттары бар екені және балабақшада бейнекамераға түсірілген жазбада тәрбиешінің балаларды ұрып жатқаны анық көрініп тұрғандығы белгілі болды. Өткен жылдың жазында Алматы балабақшаларының бірінде тәрбиеші бүлдіршінді ұрып-соқты деген ақпарат тарады. Мемлекет меншігіндегі мекеме қызметкерінің мұндай әрекеті туралы балалардың бірі анасына айтып берген. Қымбат есімді тәрбиешінің балаларды ұрып-соғатынын балдырғандар боямасыз баяндаған. Соңғы жылдары елімізде қатыгез жандардың қатары тым көбейіп кеткендігі көңілге қаяу салуда. Үлкендердің балаларға әлімжеттік көрсетуі күнделікті оқиғалардың біріне айналып кеткендігіне жаныңыз ауырғанмен, оған нүкте қоюға ешкімнің қауқары жетпей тұр. Баланы қауіпсіз жерге қалдырдым деп сенген ата-ана енді балабақшадан да келетін қауіп көп екеніне де илана бастағандай. Ал баланы жауапкершілігіне алған мекеме олардың қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті. Осы оқиғалардың барлығы өзгелерге сабақ болуы қажет.

Серіктес жаңалықтары