Бар қазақтың басы қосылады

Бар қазақтың басы қосылады

Бар қазақтың басы қосылады
ашық дереккөзі
421
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен барлық саяси партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдардың басын біріктіретін Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Жамбыл облыстық коалициясының отырысы өтті. Коалиция отырысында жаңадан бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын облыста жүзеге асыру тетіктері қаралды. Коалицияның жұмысына Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Жамбыл облыстық коалициясының мүшелері – партия филиалдарының жетекшілері, облыстық мәслихат депутаттары, Саяси кеңес мүшелері мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, ірі қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты. – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен қазақ халқының болашағы үшін және саяси мәні зор, жаңғыруымыздың белгісі болып саналатын қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысу туралы Жарлықтың шығуын Әулие ата жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдап, қызу қолдады. Латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін. «Біз ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселені шешеміз. Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, орта жастағылардың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Кириллицада жасалған бар әдеби құндылық түгелдей компьютерлік нұсқаға көшіріледі. Сондықтан латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс», – деді «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, коалиция төрағасы Мұратхан Шүкеев. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Облысымызда «Туған жер», «100 жаңа есім» бағдарламалары аясында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Туған жер» бағдарламасы аясында «Бір сәби – бір ағаш», «Туған жерге тағзым» акциясы аясында тал отырғызу акциясы қолға алынып, облысымыздың әрбір елді мекенінде жүзеге асырылуда», ‒ деді. Шара барысында М.Дулати атындағы ТарМУ гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әзімхан Ыбырайым, ТарМПИ жұмыс тобының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Күлзинат Қарымбаева әліпбидің бірыңғай стандартын толығымен түсіндірсе, коалиция мүшелері – Қазақстан халықтық коммунистік партиясы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жарылқасын Нұралиев, «Ақ жол» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Қайрат Байжанов, Тараз қалалық ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүкенбай Ермеков, «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі Ихтияр Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек, «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Заитжан Юлдашев, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шекербек өз қолдау-пікірлерін білдірді. Коалиция мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, түрлі ұсыныстар да айтылды. Шара соңында Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» облыстық коалициясының мүшелері ұсыныстар мен Үндеу қабылдады. Латын әліпбиіне көшудің ел руханияты үшін маңызы  жуырда Алматыда «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы мен қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен Республикалық жоғары медицина колледжінде өткен жиынның да негізгі тақырыбы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам. Бұрынғы КСРО ауқымында, ТМД деп аталатын біз – кириллица, қытайдағы қандастарымыз – төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда тіліміз үш түрлі. Бір-бірімізді түсіне алмаймыз. Жазуын ұқпаймыз. Бұл бір жағынан, жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алыстатады. Екінші жағынан, ғылым мен техникаға, интернетке үйренетін жағдайымыз бар. Олардың латын әрпімен жүретінін білесіздер» деген бір ауыз сөзінің арғы жағында көп түйінді мәселе тұр. Дәл осы проблемалар колледж оқушыларымен өткен басқосуда жан-жақты сөз болды. – Білім қуған бүгінгі жастарымыздың жолы жарқын болуы үшін немесе шетелдерден келген азаматтармен тез түсінісіп кету үшін де латын әліпбиін пайдаланудың пайдасы зор. Сондықтан біз латын тілін толыққанды игеруге барымызды салуымыз қажет. Осыны түсіндіру үшін де жастармен жүздесуді дұрыс санадық, – дейді Республикалық жоғары медицина колледжінің директоры Найля Рузденова. «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанованың сөзіне қарағанда, латын әліпбиін игеру жастар үшін соншалықты ауыр болмасы анық. Әсіресе, медицина колледжінің студенттері әлемге танылған әліпбимен жақсы таныс және оны қолдана біледі. Жастар үшін Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшесі, «Ахысқа» түрік ұлттық орталығы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Қазақбай Қасымовтың ой толғамы баға жетпес байлықтай болды. Еліміздің жастары үшін мемлекеттік тілдің маңызы, осы тілде сөйлеудің қаншалықты қажеттігін тереңнен толғаған Қазақбай Таштемірұлы латын әліпбиін игеру арқылы қандай табыстарға жететінімізді жіпке тізіп берді. – Өз тіліңді мойындамау – өз анаңды мойындамау. Рухани мүгедектік деп, міне – осыны айтыңыз. Қай заманда, қай халықта болмасын, оның бойындағы ұлттық мақтанышыңның алғашқы рухани бастауының қайнар бұлағы – ана тілің. Қазақстандық жұртшылықтың негізгі бөлігі латын графикасын меңгерген. Барлық адам орта білім алған. Көптеген азаматтар қазірдің өзінде қазақ тілінде латынша әріптермен жазады, соның ішінде интернет ресурстарда, әлеуметтік желілерде қолданады. Қазақстандықтардың латын әліпбиін сауатты қолданып кетуі үшін бар болғаны бірнеше ай ғана қажет көрінеді. Қазақстанда латын әліпбиіне көшу экспорттаушылар және импорттаушылар үшін де жағымды әсер әкелетіні даусыз. Латын қаріпіне көшу алдағы уақытта ұлтаралық қарым-қатынастарда шешуші рөл атқарады, – деген Қазақбай Таштемірұлы шетелдік танымал сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Қазақстанның бастамасын қызу қолдап отырғанын жеткізді. «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов латын әліпбиіне деген жастар көзқарасын байқап, тілді меңгеруге икемділіктерін сынап көру үшін де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сынақ өткізгендігін жеткізді. Студенттерге латын әліпбиі таратылып беріліп, ертесіне студенттерге диктант жаздырғанда, олардың жазуды біршама меңгеріп алғандықтарын байқаған. Осыған қарағанда жастар баянды бастамаға дайын. – Кейбір жастар «латын әліпбиіне көшу барысында қазіргі құндылықтардан айырылып қалмаймыз ба?» деген сауал қояды. Бір қарағанда осындай қорқыныш өзгелерде де болуы мүмкін. Шын мәнінде олай болмайды. Құндылықтарымызға ешбір зиян келмейді. Латын тілі – механиканың, инновацияның тілі. Осыған дейінгі жинақталған рухани дүниелерімізді латыншаға аудару арқылы оқырмандарымыз көбейіп, қазақтың тарихымен, салт-дәстүрімен танысатындар қазіргіден көп болады, – дейді «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалы төрғасының орынбасары Жазира Рахымжан. Жиын соңында студенттер өз ойларымен бөлісіп, Елбасының мемлекет пен халық алдына қойған тапсырмасын орындауға септігін тигізетіндіктерін жеткізді.  

Серіктес жаңалықтары