Балбыраған бағлан еті

Балбыраған бағлан еті

Балбыраған бағлан еті
ашық дереккөзі
240
Индустриалды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі – өңдеу өнеркәсібін барынша дамыту. Бұл мақсатта өңірлерде нақты шаралар қолға алынып, елімізге шетелдік инвесторлар көптеп келе бастады. Мәселен, Алматы облысында олардың қатысуымен 19 жоба жүзеге асуда. Қолға алынған істер нәтижелі болса, алдағы уақытта Іле ауданында 2 ірі ет өңдеу кешені іске қосылады. Шетелдік инвесторлар бұл мақсатқа 23 млрд теңгеден астам қаржы салды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұраттың айтуынша, Алматы облысында 4 миллион қой бар. Бірақ түлік етін өңдеу өндірісі жақсы дамымаған. Жаңа кәсіпорындар осы олқылықтың орнын толтырмақ. 2 ет өңдеу кешені 600-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Онда малдың етімен қоса жүні және терісіне дейін өңделмек. Толық өңдеу циклы бойынша жұмыс істейтін бұл зауыттар көршілес Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына да қызмет көрсететін болады. Ет өңдеу өнеркәсібін дамыту жұмыстары Ақмола облысында да қарқынды жүргізілуде. Алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік. Мәселен, Ақкөл қаласындағы биыл көктемде ғана іске қосылған шағын ет өңдеу зауыты қазір Астанаға айына 2 тоннаға жуық шұжық жөнелтіп отыр. Бұл – өндірілген өнімнің 75 пайызы. Ал қалғаны Ақмола және Қарағанды облыстарына сатылады. Небәрі жарты жылдың ішінде кәсіпорын біршама жетістіктерге жетіп үлгерген. Атап айтқанда, зауыт осы айдың басында Алматы қаласында өткен кәсіби дегустация байқауының бас жүлдесін иеленді. Астана қаласынан жүз шақырым қашықтықтағы бұл зауыт Ақкөл қаласының шеткері аумағында өнімді тасымалдауға ыңғайлы болу үшін күре жолға жақын жерде орналасқан. Қазір мұнда 20 шақты адам еңбек етеді. Солардың бірі – технолог Андрей Францевтің жұмысы кәсіпорындағы маңызды қызметтердің бірі. Тіпті, ол зауытқа жұмыс істеген алты айдың ішінде шұжықтың бірнеше жаңа түрін ойлап тапқан. – Бізде өндірілген шұжықтардың 70 пайызы мемлекеттік стандарттарға сай шығарылса, қалған 30 пайызы – өзіміздің шығармашылық жұмыс. Сондай 7 түрлі шұжық қазір тұтынушылардың көңілінен шығып жүр. Жалпы, қазір цехта шұжық өнімдерінің 16 түрі шығарылады. Алдағы уақытта олардың қатарын жартылай дайын өнімдермен де толықтыру жоспарланып отыр, ‒ дейді зауыт технологы Андрей Францев. Кәсіпорын басшысы Виктор Ефимовтың айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорын өнімнің түрлерін де, көлемін де көбейтпек. Зауыт алдындағы ең үлкен міндет – жылына 200 тоннадан астам өнім өндіру. Өндіріс ошағы бұл межені 2018 жылы еңсереміз деп отыр. Аймақ сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, шетелдік нарыққа жол салу да кәсіпорын көздеген мақсаттардың бірі. Батыс Қазақстан облысындағы «Батыс Марқа Ламб» ЖШС үшін де экспортқа өнім шығару бір кездері арман болған еді. Қажырлы еңбектің арқасында кәсіпорын бүгінде Ресейден бөлек, Иран, Қытай нарығын бағындырып үлгерді. Зауыт тамыз айында алғаш рет өзі дайындаған 18 тонна жаңа сойылған бағлан қозы етін Тегеранға жөнелтті. Ақжайық ауданының орталығында орналасқан «Батыс Марқа Ламб» ЖШС өкілі Рақымжан Смағұлұлының айтуынша, қазақстандық өндіріс орны Ирандағы ет өнімі бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасасқан. – Біз Иран еліне тұңғыш рет экспортқа ет шығарып отырмыз. Ирандық әріптестерімізбен жасасқан келісімшарт бойынша алдағы бір жыл ішінде 1500 тонна тоңазытылған қозы етін жеткізуіміз керек. «Санайе» компаниясының басшылығы етті аптасына үш рет жөнелтуімізді талап етіп отыр. Бұған біз де техникалық тұрғыдан дайынбыз, – дейді Рақымжан Смағұлұлы. Жылына 5 мың тоннаға дейін тоңазытылған қозы етін дайындай алатын қуаты бар кәсіпорын 2015 жылы іске қосылған болатын. Жалпы құны 2,8 млрд теңгеге бағаланған кәсіпорында 1,6 млрд теңгенің құрал-жабдығы орнатылған. Бес гектар аумақты алып жатқан өндірістік кешенде бәрі де толығымен автоматтандырылған. Мал сою және ет өңдеу желісінде қой союдан бастап ет өңдеуге дейінгі жоғары технологиялық талаптар сақталады. Ауысымына 1 400 бас қой сойылады. Дайын өнім тапсырыс берушіге тоңазытылған түрде немесе жіліктеліп, қорапқа салынған күйінде жеткізіледі. Мұнда 3 айдан 1 жасқа дейінгі қозы сойылып, етін мұзда қатырмай, тоңазытып қана вакуумды қаптамада сақтайды. Мұндай тәсілмен сақталған жас ет табиғи құндылығын жоймай, өте дәмділігімен тұтынушы талғамынан шығады екен. – Қазақстандағы мал еті өте құнарлы. Сондықтан екі ел арасындағы достық байланысты пайдаланып, әріптестік қатынас орнатып отырмыз. Аптасына үш мәрте марқа етін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс жыл бойына жалғасады. Мұндай әріптестік екі жаққа да тиімді деп ойлаймыз, – дейді ирандық компанияның өкілі Хади Хададзе. Ирандық компаниямен ынтымақтастық орнауына, Елбасының Иран Ислам Республикасына іссапармен барып, сол елдің басшылығымен кездесуі, соның нәтижесінде екі ел арасындағы қатынастың одан әрі бекуі себеп болды. Екіншіден, өңірде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Аймақтағы ет өнімдерінің сапасы көпке мәлім. Енді тұрақты тұтынушылар қатарын көбейтіп, отандық өнімді шетел нарығына тұрақты түрде экспорттау үшін қажетті жағдайлар жасалмақ.

Серіктес жаңалықтары