Жаһан жапандағы жұртқа риза

Жаһан жапандағы жұртқа риза

Жаһан жапандағы жұртқа риза
ашық дереккөзі
241
  Елбасы халыққа Жолдауында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамыту, шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есеге ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалу барысы сейсенбі күні ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды. Сондай-ақ, жиында «Қазақстанның биологиялық әралуандығын сақтау және орнықты пайдалану», «әлеуметтік және еңбек салаларын цифрландыру» мәселелері қаралды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Қазақстанда жасалған» таңбалы тауарлар әсіресе, тамақ өнімдері шетелде аса танымал болуда. Жаһан жұртшылығы биылдың өзінде қазақ елі өндірген азық-түліктің 145 миллион тоннасын тұтынған. – Бүгінде Қазақстан дүниежүзіндегі аса ірі экспорттаушы елдердің ішінде 52-орында тұр. Біз әлемнің 113 еліне өңдеуші сектордың 800-ден астам тауарын шығарамыз. Біз – уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майы, бидай, зығыр тұқымын жеткізу бойынша әлемдік көшбасшымыз! Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Шет елдерге жеткізілетін өнімнің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі, – дейді Ж.Қасымбек. Министрдің мәліметінше, 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңделген тауарлар экспорты 22 пайызға артып, 11,1 миллиард долларды құраған. Ферроқорытпа, мұнай өнімдері, мыс, металл илем-прокаты, пропан, бутан және мырыштың жеткізілімдері ұлғайды. Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлардың үлесі 32%-ды құрайды, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша еліміздің өзге мемлекеттермен сауда-саттық көлемі 26%-ға артып, 55,4 млрд долларды құрады. Бұл ретте мұнай-газ және металлургиялық өнімдер бағасының өсуіне байланысты Қазақстанның сыртқа сатқан экспорты 31 пайызға артып, 34,5 млрд долларға жетіпті, ал тонна көлемінде экспорт 4%-ға ұлғайды. Еліміз алғаш рет электровоздарын, тепловоздарын Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Украина елдеріне экспорттауда. Қазақстанда жиналған автокөліктер Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Қытайға өткізілуде. Жолаушылар вагондарын, рельстерді, әскери-өнеркәсіп кешені өнімдерін экспортқа шығару жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ведомство басшысы жақында іске қосылған Орал трансформатор зауыты өз өнімдерінің 96 пайызын шетелге шығаратынын мәлімдеді. Бұған қоса, Қазақстан жасай бастаған заманауи аккумуляторларды Таяу Шығыс, Кавказ елдеріне және Беларуське экспорттау басталған. – Отандық азық-түлік тауарлары шет елдерде үлкен сұранысқа ие: олардың жалпы экспортының көлемі 2 млрд доллардан асады немесе 145 млн тонна өнім. Атап айтқанда, Ауғанстан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иранға ет пен құс еті, Қытайға өсімдік майы мен бал жеткізіле басталды. Фармацевтикалық нарықта да жағымды үрдіс байқалады: отандық өндірушілер жеткізілімдерінің көлемі 34%-ға, 19 млн долларға дейін өсті. Негізгі өткізу нарықтары сыртында, қазақстандық фармацевтикалық препараттар мен медициналық бұйымдар тұңғыш рет Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды. Металлургия және химия өнімдері де сату нарықтарын кеңейтіп, Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның нарықтарына шығуда, – деді министр. Ресейде тек қазақстандық өнімдерді сататын 20-ға жуық мамандандырылған дүкендер ашылғаны да – үлкен көрсеткіш. Көршінің дүкендері мен супермаркеттерінде қазақстандық азық-түлік өнімдерінің үлесі артып келеді. Отандық өндірісті уақтылы сервистік қолдаумен қамту арқасында Қазақстан Ресей Федерациясының тұз нарығының 13%-ын бір өзі иеленіп отыр. Сондай-ақ, Ресей сауда орындарында Қазақстанда жасалған шырындар, сусындар, лимонадтар, ұн, макарон өнімдері, шай, кәмпиттер мен шоколадтар, арақ-шарап, майонездер, кетчуптар, әйел гигиенасына арналған заттар және басқаларын кездестіруге болады. Қытай нарығы да қазақстандық экспорттың негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде өңделген өнімдердің шығыс көрші­мізге экспортының көлемі 2,5 млрд долларды құрап отыр, оның 123 миллионы – дайын өнімдер еншісінде. Біздің жеке бизнес Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу және Үрімшіде Қазақстанның сауда үйлерін ашты, солар арқылы отандық компаниялардың азық-түлік өнімдерінің жеткізілімдері жолға қойылған. Гонконгқа май мен биенің құрғақ сүтін жеткізу басталды. Ел экономикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі ретінде АӨК саласында экспорттық саясатты жетілдіруге де айырықша көңіл бөлінуде. Бұл салада атқарылып жатқан шаралар жайлы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Оның мәліметінше, 2017 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңдеу өнімдерінің экспорты 1,3 млрд долларды құрады. Жалпы 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда АӨК өнімдері экспорты 10,6%-ға ($1,2 млрд-тан $1,3 млрд-қа дейін), ал ауыл шаруашылығы қайта өңдеу өнімдері 9,9%-ға ұлғайған. Қазақстаннан Иранға тірі қой, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізуге ветеринарлық талаптар бекітілді. Биыл БАӘ-ге ірі қара мал, қой және үй құсы еті мен ет өнімдерін экспорттаудың ветеринарлық сертификатының формасы екіжақты негізде бекітілді. – Жалпы, АӨК өнімдерінің Сауд Арабиясына экспортының көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 есеге өсті. АӨК өнімдерінің Еуропа елдеріне экспортталу көлемі де артуда: оларға зығыр, рапс, күнбағыс дәндері секілді майлы дақылдар, бидай, бұршақ тұқымдас кептірілген көкөністер экспорты ұлғайтылған, – деді Қ.Айтуғанов. Талқылауды түйіндеген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жауапты министрліктерге экспорттық саясатты жетілдіру, шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету тетіктерін әзірлеу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Ұлттық экономика министрлігіне қазақстандық өнімдерді шетел нарықтарына экспорттау кезінде туындайтын кедергілер мен шектеулерді жою бойынша жол картасын әзірлеу тапсырылды. Үкімет отырысында талқыланған келесі мәселе – әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Оның хабарлауынша, Қазақстанда барлық әлеуметтік-еңбек саласын, яғни еңбек қатынастары мен жұмысбастылықты, зейнетақымен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қызметтер, көші-қонды қамтитын «Бірыңғай ақпараттық жүйе» бар. – Бұл жүйе қазақстандықтарды дүниеге келген кезінен бастап, барлық өмір кезеңдері аралығында сүйемелдеп, барлық кезеңде автоматтандырылған қызметтер ұсынады, – деді министр. Ведомство басшысының айтуынша, биыл 19 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Оның 17%-ы egov.kz порталы арқылы ұсынылған. Барлық қызметтерді алушылардың деректері онлайн режимде жаңартылып отырады, бұл азаматтардың әлеуметтік құқығын қамтамасыз етуге мониторинг жүргізуге және қажет болған жағдайда тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова биылғы қазаннан бастап «Бірыңғай электронды еңбек биржасы» қызмет көрсете бастағанын жеткізді. 1,5 ай ішінде осы биржа арқылы 15 мың іздеуші өздерінің мамандықтары мен тәжірибелеріне сай жұмыс тауыпты. Бүгінде электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме мен 30 мыңға жуық бос жұмыс орындарының тізімі орналастырылған. Министр келесі жылдан бастап оған барлық 199 жұмыспен қамту орталығы (бүгінде тек 4), еңбекпен қамту бойынша 10-ға жуық интернет-алаң (бүгінде тек 2) қосылады деп сендірді. – Сонымен қатар Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарының бірыңғай есеп жүйесі енгізіледі. Еңбек шарттарын электронды форматқа ауыстыру қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік береді және кірістерді жаппай декларациялауды ендіру үшін қажетті тұғырды әзірлейді, – деді Т.Дүйсенова. Министрдің айтуынша, жаңа жүйеде азаматтардың еңбекпен қамтылуы туралы ақпарат «еңбек келісімшартын бекіту датасынан» тұрады, жұмыскердің біліктілігі де сонда көрініс табады. Әуелі пилоттық режимде облыстардың бірінде іске қосылатын жоба өз тиімділігін көрсетсе, республиканың барлық өңірінде қолданысқа енгізілмек.  

Серіктес жаңалықтары