529
Жеңіп тұрып, жерге қарады
Жеңіп тұрып, жерге қарады
БАҚ өкілі болғандықтан, әнұранмен ашылатын ресми жиындарға жиі барамыз. Сонда байқайтынымыз, гимн қосылғанда рухтанып, қосыла шырқайтындар некен-саяқ. Керісінше, аузын жыбырлатып, гимн айтып тұрғандай кейіп танытатындардың, әнұранның тезірек аяқталуын тосып, орнына отыра кеткісі келетіндердің көп екені еріксіз аңғарылады. Олимпиадаға үкілеп қосқан спортшыларымыз алтын медаль алса ғана әнұранды тебірене шырқап, байрағымызға тамсана қарайтынымызды несіне жасырайық? Десе де, сондай мақтанышқа толы сәтте мемлекеттік Гимніміз қате қойылып, ұйымдастырушылардың немқұрайлылығынан қуанышты көңіл су сепкендей басылған кездер аз емес.
Таяуда Сочиде өткен самбодан әлем чемпионатында ел намысын қорғаған Есет Қуанов чемпион атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Есеттің жеңісін тілеп, теледидарға телмірген жұрттың қуанышында шек болған жоқ. Көк туымыз көкке көтеріліп, әнұранымыз шырқалатын сәтте шат көңілдің шәт-шәлекейі шықты. Өйткені ұйымдастырушылар еліміздің ескі әнұранын қосты. Тұғырға шығып, қолын жүрек тұсына қойып, Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін мақтанышпен шырқауға дайындалып тұрған Қуановтың да жүзі өзгеріп сала берді. Чемпионымыз басын шайқап, әнұранның қате қойылғанын көрсетуге тырысып бақты. Ұйымдастырушылар өз қателіктерін бірден түсіне қоймады. Түйіткілді трибунада отырған отандастарымыз шешті. Қазақ жанкүйерлері бір кісдей орындарынан тұрып, Қазақстанның Гимнін барынша дауыстап шырқады. Көрермендер қазақстандықтардың бұл ісіне қатты разы болып, қол соғып, қолдау көрсетті. Ұйымдастырушылар жіберілген қателік үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Кешіреміз ғой. Бірақ жеңіп тұрып, жерге қарайтын сәттердің қайталана беретіні көңілге кірбің ұялатады. Әлемдік спорт жарыстарының ұйымдастырушылары өздеріне дейінгілердің ағаттығын біле тұра, неге сабақ алмайды? Бұған дейін де қазақстандық атлеттер топ жарғанда, еліміздің Мемлекеттік Гимнінің орнына мемлекеттік рәміз мәртебесінен айрылған ескі әнұран немесе халқымызды мазақ еткен атышулы «Борат» фильмінің саундтрегі қойылған кезде жанымыз шырқырағаны ұмытылған жоқ. Мысалы, 2011 жылы Париждегі әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, Қазақстанның мерейін үстем еткен зілтемірші Зүлфия Чиншанлоның құрметіне еліміздің бұрынғы гимні шырқалғанда миллиондаған жанкүйерлердің өрекпіген көңілі су сепкендей басылған еді. 2014 жылы Верона қаласында өткен волейболдан Қазақстан мен Голландия командалары арасындағы кездесу кезінде де ескі әнұранымыз қойылды. 2013 жылдың қаңтарындағы Ресейдің «ТХК» командасы мен қазақстандық «Сарыарқа» командасының ойынында да спортшыларымыз әлдеқашан тарихқа айналған әуенді аяғына дейін тыңдауға мәжбүр болды.
Жарайды, өзге мемлекет қазақтың әнұранын шатастырып алды делік, өз еліміздегі «қателікті» қайтіп ақтап аламыз? 2014 жылдың 7 қыркүйегінде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен «Алматы» және Бейбарыс командаларының кездесуінде дәл осы жағдай қайталанып, спортсүйер қауымды түгел жерге қаратты. Ал 2012 жылы Кувейтте өткен нысана көздеуден Азия біріншілігінде ескі әнұранымызға да зар болып қалдық. Бұл додада қазақ халқының көзіне шыққан сүйелдей болған америкалық «Борат» фильміндегі ән шырқалды. Спортшыларымыз тағы да кірерге тесік таппай қалды.
2015 жылы Шешенстан астанасы Грозный қаласында өткен РФ президенті кубогында қазақ елінің ескі әнұраны тағы шырқалды. Алайда Илья Ильин мен Александр Зайчиковтың табандылығының арқасында «Менің Қазақстаным» – бүгінгі Мемлекеттік Гимніміз қайтадан қойылды. Егер басқа спортшылар болса жаңа әнұранды қоюды талап етпестен тұғырдан түсіп кетер ме еді? Мұндай жағдай бұған дейін бір емес, бірнеше рет болды. «Менің Қазақстаным» әнінің Мемлекеттік Әнұран болып бекітілгеніне 11 жыл толса да, халықаралық додаларда қателіктің тоқтамауына ең әуелі өзіміз кінәлі екенімізді мойындауға тиіспіз. Өзіміз қадіріне жете алмаған әнұранды өзгелер қайтсін? Бір кездері елдің намысын қорғап, қоржынымызға алтын салған спортшылар жеңіс тұғырына көтерілген сәтте әнұранды жатқа білмей, халықтың алдында сүйкімін жоғалта жаздаған сәттері есте. Жалпақ жұрт көз тігетін дүбірлі додаларда ұятқа қалмау үшін 2014 жылы атлеттеріміз Лондон олимпиадасының жолдамасы үшін жан алысып, жан берісіп жатқанда Парламент арнайы заң қабылдап, халықаралық жарыстарға қатысатын спортшыларымыздың бәріне Мемлекеттік Гимнді жатқа білуді міндеттеді. Талап күшейген соң салаға жауапты шенеуніктер мен бас бапкерлерге атлеттердің физикалық дайындығынан бөлек, әнұранды жаттату міндеті де жүктелді.
Осы орайда, футболшыларына елдің гимнін ешқандай заңның, қаулы-қарардың талап етуінсіз-ақ жаттатқан Сербия құрамасының бұрынғы бас бапкері Синиша Михайловичтің елжандылығы еріксіз сүйсіндіреді. Қайсыбір жылдары елдің ұлттық құрамасы сапындағы Адем Ляич деген футболшыны гимнді қосыла шырқамағаны үшін құрама сапынан аластатты дегенді естігенде, әнұран шырқалғанда аңқиып тұратын біздің футболшылардың қылығын жаратпай жүрген талай жанкүйер «әп, бәрекелді!» десті. Шетелдік басылымдар таратқан ақпараттарға сүйенсек, Михайлович бас бапкерлік тізгінді қолға алысымен қарамағындағы футболшылардың «Тәртіп туралы келісімге» қол қоюларын талап еткен көрінеді. Әлгі келісімнің бір бөлімінде құрама сапына шақыртылған футболшылардың бәрі мемлекеттік әнұран шырқалғанда қосыла орындауы тиіс екендігі жазылған. Ал Адем Ляич Испания құрамасымен жолдастық кездесуде гимнге қосылмаған. Ляичтің мықты футболшы екенін алға тартқан әріптестері бас бапкердің жазасына наразылық білдірді. Бірақ мемлекеттік нышандарға құрметті бәрінен биік қоятын Синиша мырза алған бетінен қайтпады, талапты орындамаған кез келген футболшыны сондай жаза күтіп тұрғанын ескертті.
Михайловичтан кейін Сербия құрамасы 4 бапкер ауыстырды. Олардың мемлекеттік рәмізге көзқарасы, футболшыларға қойған талаптары бізге беймәлім. Білетініміз – ел намысын қорғайтын атлеттердің Мемлекеттік Гимнді жатқа білу заңмен міндеттелгелі бері спортшыларымыздың жауапкершілігі артып, әнұранға көзқарастары өзгерді. Елдің нанын жеп, намысын қорғап жүрген соң оның мемлекеттік нышандарына құрметпен қарау керек екенін легионерлер де ұғына бастады. Десе де, жатжұрттық спортшыларымыздан Еуропа жасөспірімдер чемпионатында жеңімпаз атанған Беларусь жеңіл атлеті Скворцованың ерлігін күту ерте секілді. Биылғы жазда Италияның Гроссето қаласында өткен турнирде жеңімпаз атанған Виолетта Скворцова елінің әнұраны қате қойылғанда жеңіс тұғырынан түсіп кеткен еді. Ресми тұлғалар оның орнына қайта келуін талап етіп, тіпті жарыстан шығарып тастайтындықтарын ескертіп, қорқытқанымен, спортшы тұғырға оралудан үзілді-кесілді бас тартты. Ақырында Еуропа чемпионатының ұйымдастырушылары Скворцовадан кешірім сұрап, марапаттау рәсімін бір күннен соң қайта өткізуге мәжбүр болды. 19 жастағы белорус спортшысының бұл ісі мемлекеттік рәміздер елдік нышаны, еркіндік ескерткіші екенін ұмытқандарға үлгі.