563
«Сезамның» сыйын сағынған
«Сезамның» сыйын сағынған
Кішкентай бүлдіршіндердің асыға күтетін мерекесі – Жаңа жыл. Ғажайыпқа толы мерекеге де аз уақыт қалды. Дәл осы мереке қарсаңында алматылық балдырғандар «Сезам» қуыршақ театрының қойылымдарын да тағатсыздана тосады. Осы ретте, театр әртістері дәстүрлі жаңа жылдық қойылымдарын ұсынбақ. Оның үстіне, балдырғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ертегі әлеміне сапар шектіретін «Сезам» театрына биыл 20 жыл толып отыр.
1997 жылы іргесі қаланған «Сезам» театр өнерінің түрлі жанрларын бір арнаға тоғыстырады. Мәселен, музыкалық ертегілер қойылымы, театрландырылған шоу, балалар мен қуыршақтардың қатысуымен ұйымдастырылған интерактивті қойылымдар – «Сезам» театрының кішкентай көрермендерге ұсынар сыйы. Қуыршақтардың түрлі бейнесін қолданып, драма театрлардың, цирк және балет әртістерін арнайы шақырып, балалардың би ұжымдарын жұмылдырып жұмыс істейтін театрдың өнер әлемінде де, көрермендер арасында да өз орны бар екені даусыз.
20 жыл бойы алматылық көрерменді жаңажылдық қойылымдарымен таң қалдырып жүрген «Сезамның» кезекті тосын сыйын көпшілік асыға күтіп жүргені анық. Тіпті, Жаңа жылды «Сезаммен» бірге қарсы алу Алматы тұрғындары үшін дәстүрге айналғандай. Жаңажылдық мерекемен қатар аталатын «Сезам» театрының негізін қалаған – Қайрат Баянов. 1997 жылы қуыршақ театры актерлерінің басын біріктірген Қайрат Дүйсенұлы бүлдіршіндер үшін өнер көрсететін театрдың жұмысын қолға алды. Ол кезде «Сезам» – Қазақстандағы қуыршақ бейнесіндегі әртістер өнер көрсететін алғашқы ұжым болатын. Содан бері 20 жыл бойы Қайрат Баянов театр тізгінін қолға ұстап, кішкентай көрермендердің көңілінен шығу үшін жалықпай жұмыс істеп келеді. Әрбір қойылымға ерекше ыждағаттылықпен әзірленетін театр қызметкерлері сахнаға шығарған дүниелерінің кем-кетіксіз болуы үшін, маңдай термен жасалған дүниенің балдырғандар жадында жатталып қалуы үшін барын салады.
Әу бастан балаларға арналып ашылған театрдың әр жаңа маусымы жаңажылдық демалыс кезінде басталады. Сондықтан, жаңа жылда көрермендерге жаңа сый, яғни, жаңа қойылым ұсыну театрдың дәстүріне айналған. Соңғы жылдары театр әртістерінің классикалық туындыларға көбірек назар аудара бастағаны байқалады. Қазірдің өзінде «Сезам» репертуарында әлемге әйгілі В.Гауфтің «Карлик-нос», Р.Киплингтің «Несносный слоненок», Т.А. Гофманның «Щелкунчик и Мышиный король» ертегісінің желісімен әзірленген қойылым, модерн стиліндегі «Белоснежка и семь гномов» музыкалық ертегісі, америкалық жазушы Дж.Харристің шығармасы желісімен дайындалған «Братец Лис и Братец Кролик» атты комедиялық ертегісі бар.
Жиырма жылдық еңбектің, төгілген тердің арқасында «Сезам» театры бүгінде өнер әлемінде ерекше аталатын шығармашылық ұжымдардың біріне айналды. Театр жұмысы көрермендердің де, әртістердің де көңілінен шығып жүр. Өйткені мұнда кәсіби мамандар еңбек етеді. Режиссер Бекболат Парманов, Шавкат Халилов, Нұрлан Асанбеков, суретші-сценограф Юлдаш Нурматов, балетмейстер Сергей Стрельцов, сазгер Александр Юртаев «Сезам» қойылымдарының табысты болуы үшін аз тер төккен жоқ. Аталған азаматтардың да, театр әртістерінің де әрбір қойылымды жаңаша әдіспен жарыққа шығарып, көрерменнің таңдайын қақтыру үшін көп ізденетіндігі сахналанған әр қойылымнан анық аңғарылып тұрады. Жұмыстарының сапалы әрі кәсіби тұрғыдан озық болуына баса назар аударатындықтан, театр жұмысы үнемі жоғары бағаланады. Балалар «Сезам» театрының қойылымдарын тамашалағанда, тек көңіл көтеріп қана қоймай, көкейлеріне ой түйіп, саналарына сәуле түсірсе, театр әртістері мақсатының орындалғаны. Театр қойылымын тамашалаған әр бала жаңа бір дүниені игеріп, өзіне қажеттісін алып шықса, бұл – «Сезамның» үлкен жеңісі.
Театр жұмысына, сахналатын қойылымдарға, әртістерге көрермендер дән риза. Жыл сайын балаларын «Сезамның» жаңа маусымынан қалдырмайтын ата-аналардың қатары көп бүгінде. Ата-аналар балаларының «Сезамның» жаңажылдық қойылымдарын асыға күтетіндігін айтады. «Үлкен ұлым қазір үшінші сыныпта оқиды, ал кішкентайым 3 жаста. Балаларымды «Сезамның» жаңажылдық қойылымдарынан қалдырған емеспін. Бұл үрдіс біздің жанұяда дәстүрге айналып кетті десем де болады. Биыл да бұл дәстүрден жаңылмаймыз. Үлкен ұлым «Сезамның» барлық қойылымдарын жақсы көреді тіпті, кейіпкерлердің сөздерін де жаттап алған. Сондықтан, биылғы жаңажылдық қойылымды да міндетті түрде тамашалайтын боламыз. Театр әртістеріне ата-ана ретінде алғыс айта отырып, шығармашылық табыс тілегім келеді», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Толқын Маратқызы. Театр ұжымына мұндай жылы тілегін білдіретіндер көп. Олардың бәрі де «Сезам» ұжымының жұмысына разы.
«Сезам» қуыршақ театрының қайырымды жұмыстарымен біреу таныс болса, кейбіреулер бейхабар болуы мүмкін. Театр алғаш жұмысын бастаған күннен-ақ «Сезамның» әр жаңа маусымы «қайырымдылық» қойылымымен ашылатынын айта кетейік. 20 жыл ішінде театр қойылымын 40 мыңға жуық бала тегін тамашалауға мүмкіндік алды. Олардың қатарында интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі балалар, көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың балалары бар. Қуыршақ театрының мұндай игі шарасы өзге өнер ұжымдарына үлгі боларлықтай іс. Көңілі жарым бүлдіршіндердің көңілін тауып, оларға жаңажылдық мереке кезінде қуаныш сыйлауды әдетке айналдарған «Сезам» театры алда да ізгілікті істерін жалғастыра бермек.
Биыл 20 жыл толған театр көрермендерін асыға күтуде. Әдеттегідей жаңа жыл қарсаңында алматылық балдырғандар «Сезам» сахнасындағы қойылымдарды тамашалайтын болады. «Сезамның» биылғы жаңажылдық сыйы – «Несносный слоненок» қойылымы. Театр қойылымдарын кішкентай көрермендер 23 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театр сахнасынан тамашалай алады.