227
Елімізде алғаш рет мектеп автобустары құрастырыла бастады
Елімізде алғаш рет мектеп автобустары құрастырыла бастады
Мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған тұңғыш отандық автобус Семейде құрастырыла бастады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Ұзындығы 11 метрге жуық көліктің қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, дабыл жүйесі орнатылған. Халықаралық сертификат та алыныпты. Алғашқы тапсырыс Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасынан түскен. Жақын күндері 17 автобус шалғай ауылдарға жол тартады. Кәсіпорын болашақта Қазақстанның басқа да аймақтарына осындай техника шығаруға дайын. Бұрын біздің елде шығарылмаған мұндай автобустарды әдетте шетелдік кинофильмдерден ғана көруге болатын. Енді отандық өнімді семейлік жігіттер білек сыбана құрастырып жатыр. Көліктің басты ерекшелігі қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан аспайтын қондырғы қойылған. Әрбір орындықта белдіктер бар.
"Автобуста апатты жағдайда тоқтататын түймешіктер орнатылған. Яғни қажет болған уақытта кез келген жолаушы жүргізушіге дабыл жүйесі арқылы белгі бере алады. Балаларды бақылап отыратын жетекшіге де ыңғайлы орын жасалған", - кәсіпорынның бөлім жетекшісі Александр Сутормин.
10 жылдан бері автобус құрастырумен айналысатын кәсіпорында қазақстандық мазмұнға да баса мән берілген. Өндірісті тоқтатпай, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін зауыт үнемі ізденістер үстінде. Бүгінде мұнда он шақты автобус түрлері шығарылады.
"Кузовын Қазақстанда жасадық, рамасын өзіміз жасадық. Сонда бізде 40 пайызы – Қазақстаннан шыққан заттар. Басқа да облыстар біздің автобустарды алса, сапасы да, бағасы да келіп тұр. Басқа шетелден әкелгенше біздің өзіміздің Қазақстанның автобустарын біз өзімізде шығара аламыз", - дейді кәсіпорынның бас директоры Асемхан Досқожанов.
Кәсіпорын Еуразиялық экономикалық одақтың да нарығын игере бастапты. Жақында екі автобус Ресейдің Қиыр Шығысына аттанбақ. Ал келесі жылы көрші мемлекетке тағы 50 автобус жөнелту жөнінде келісімшартқа қол қойылады деп жоспарланған.