Жастарды демеу – кемел келешек қамы

Жастарды демеу – кемел келешек қамы

Жастарды демеу – кемел келешек қамы
ашық дереккөзі
322
Жас ұрпаққа әлеуметтік қолдау көрсету, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы күрделі мәселелер «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының партиялық тыңдауында қаралды. Облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, облыстық мәслихат депутаттары облыста жас азаматтар үшін жасалған жағдайлар мен жастар саясатын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбай облыстың әр ауданы мен қаласында жастармен жұмыс жасайтын ресурстық орталықтар бар екендігін баяндады. «Олар мемлекеттік жастар саясаты мәселесін реттейтін басты орталықтар», – деді. – Басқарма 25 жастар жобасын жүзеге асырып келеді, оған 92,6 млн теңге қарастырылған. Биыл жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында жастарға облыс әкімінің 3,5 млн. теңгені құрайтын 10 гранты берілді. 2005–2017 жылдар аралығында 33,5 млн теңгенің 168 гранты берілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен 2018 жылы грант мөлшері 1 млн теңгеге дейін көбейтіледі, – деді Мирас Құттыбай. Ол жастарды жұмысқа орналастыру шаралары туралы да баяндады. 2017 жылы 20 мың жас жұмыспен қамтылды. «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 138 жас маман жұмысқа орналасты. 2017 жылы 83 маман жәрдемақы алды. Пәтер алу үшін 34 маманға 116 млн теңгенің несиесі берілді. Сондай-ақ, облыста бос жұмыс орындары туралы ақпарат жарияланған электронды еңбек биржасы іске қосылған. ХҚКО-да жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс жасайды. Дегенмен жүргізілген жұмыстарға қарамастан, баспана мен жұмысқа орналасу маңызды мәселе болып қалуда. Қалалық мәслихат депутатыЖанділ Мұхтаров, «Жігер» жастар орталығының басшысы Ғалымжан Байқошқаровтың айтуынша, мемлекеттік қолдау туралы жастар жеткілікті хабардар емес. Осыған орай, баспасөзде, жастармен кездесулерде ақпараттық жұмысты күшейту қажет екенін алға тартты. Баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін облыстық мәслихат депутаты Иван Георгиади мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша көпқабатты үй салуға ұсыныс жасады. Қарағанды техникалық құрылыс колледжінің психологы Сандуғаш Рақымбекова мүмкіндігі шектеулі жандарды облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатыстыру мәселесін көтерді. – Облыста мүгедектермен жұмыс жасайтын ресурстық орталықтар жоқ. Олар өздерін дамытып, шараларға қатысуына мүмкіндік жасау қажет, – деді ол. Сондай ақ, дағдарыс орталықтарын, психологиялық кабинеттер ашуды ұсынды. Жастар саясаты басқармасы Қарағандыда келесі жылы кворкинг-орталығын ашуға ұсыныс берген. Осы мәселелер жүйеленіп, мемлекеттік органдарға, ҚР Мәжіліс депутаттарына нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуге жолданатын болды.

Серіктес жаңалықтары