Астанада қоғамдық көліктерге бақылау күшейді

Астанада қоғамдық көліктерге бақылау күшейді

Астанада қоғамдық көліктерге бақылау күшейді
ашық дереккөзі
277

Астана қаласының №1 автопаркінің басшысы Сәбит Болатов елордалық жүргізушілер мен кондукторларға қатысты көбейіп кеткен шағымдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Қоғамдық көліктерге шағымдардың көптеп түсіп жататыны жиі айтылып жатады. Алайда бұрын шағымдар диспетчерге түсіп жатқан кезде бар-жоғы бірнеше адам ғана хабарласып жататын. Ал қазіргі таңда біз бірыңғай орталық желісі іске қосылып, оның нөмір барлық автобустарда жазылып тұрғандықтан, әлбетте, шағымның саны артады», - дейді Сәбит Болатов.

Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты жолаушылардың да көмегі көп септігін тигізеді.

«Шағымның көп түсіп жатқаны бізге де оң әсерін береді. Себебі, күніне 350 автобус жолға шығып, соншалықты жүргізушілер мен кондукторлар да жұмысқа кіріседі. Әлбетте, оның бәрін қадағалауға мүмкіндігіміз жете бермейді. Сол себепті, жолаушылардың қадағалуы - бізге де үлкен көмек. Келіп түскен қоңыраулар бойынша жұмыс жүргізіледі. Бізде ондай мәселелерді реттеп отыратын арнайы тәртіптік кеңестер бар», - дейді Болатов.

Десе де, Сәбит Болатов жүргізушілер мен кондукторлардың жұмысы өте күрделі екенін де еске салды.

«Біздің бірінші автобустар сағат таңғы бес кезінде жұмысқа шығады. Соңғысы түнгі бір кезінде жұмысын аяқтайды. Әрине, клиенттің уәжі әрдайым орынды дегенімізбен, жүргізушілер мен мамандар да адам екенін ескеру керек. Жолаушылардың әрекеті әрқашан дұрыс бола бермейді», - деп түйді Астана қаласының №1 автопаркінің басшысы.

Серіктес жаңалықтары