220
«Астана» қаржы орталығы: Дайындық қызу жүруде
«Астана» қаржы орталығы: Дайындық қызу жүруде
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Жиында 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қорытынды нұсқасы таныстырылып, келесі айда жұмысын бастайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс жоспары, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Үкімет отырысының басында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2018-2022 жылдар аралығын қамтитын «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырды. Министр өз сөзінде құжаттағы шаралар Қазақстанның алдыңғы қатарлы салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін беретіндігін атап өтті. Дәурен Абаевтың айтуынша, министрлік Мемлекет басшысы айтқан барлық мәселені барынша қамти отырып, бағдарламаның соңғы нұсқасын дайындап шыққан. Министр таныстырған бағдарлама «экономика салаларын цифрландыру», «цифрлық мемлекетке көшу», «цифрлық Жібек жолын жүзеге асыру», «адам капиталын дамыту», «инновациялық экожүйе құру» сынды 5 бағыттан тұрады. Аталған бағыттар бойынша 17 бастама мен 120 іс-шара жоспарланып отыр. «Мемлекеттік бағдарлама қосылған құнды қалыптастыру және экономикадағы шығындарды қысқарту тұрғысынан айтарлықтай әлеуетке ие. Бұл 2025 жылдан бастап, ЖІӨ-нің жылына 4,5-5 пайыздап өсу қарқынына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өсімнің шамамен 1,6-2,2 пайызы, яғни үштен бір бөлігі тек цифрландыру үлесіне тиеді. 2025 жылға қарай жеке инвестицияларды қоса есептегенде, жалпы инвестициялар көлемінің 4,8-6,4 еселік қайтарымын қамтамасыз етеді», – деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру үшін квазимемлекеттік сектор және республикалық бюджет қаржысы бөлінеді. Яғни, квазисектордан 169 млрд теңгеден астам, ал бюджеттен 141 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ. Д.Абаевтың айтуынша, бағдарламада қамтылған мәселелердің бір бөлігі таяу жылдары нақты нәтижесін береді. Қалғандары экономикаға тың серпін беруші сала ретінде алдағы онжылдықта жеміс бермек. Министрдің таныстырылымын мұқият тыңдаған Үкімет мүшелері «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының ұсынылған жобасын бірауыздан қолдады.
Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын енгізу арқылы бүгінгі күнгі экономикалық тиімділік 2,2 трлн теңгені құрайды. Енді бағдарлама нұсқасы Елбасының қарауына жолданбақ. «Бағдарламаға қатысты шаруаларды тиянақтау үшін бірқатар министрлік жұмыла жұмыс істеуі керек. Бірінші кезекте Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір айдың ішінде мемлекеттік бағдарламаны ұйымдастыру жөніндегі жоспарды әзірлеп бекітуі тиіс. Бизнес үшін де, халық үшін де кешенді ақпараттық түсіндіру шараларын қолға алуды тапсырамын», – деді Үкімет басшысы.
Осыдан кейін Үкімет мүшелері «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті тыңдады. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Астанадағы қаржы орталығының халықаралық таныстырылымы мен ресми ашылуы келер жылдың шілде айына жоспарланып отыр. «2018 жылға қарай Қаржы орталығы алғашқы транзакцияларға толық дайын болады. Қазірдің өзінде ол жергілікті сараптама орталығына айнала алады. Ұлттық компаниялардың акцияларын орналастыру, яғни IPO-сын осында өткізу капиталдың жергілікті нарығын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл Астананың алаңын өңірлік нарықтарға ілгерілету мүмкіндіктерін кеңейтеді», – деді орталық басқарушысы.
Қайрат Келімбетов өткен айда қаржы орталығы алаңында оның биржасы тіркелгенін атап өтті. Оның жұмысын жаңа құрылым – қаржы қызметтерін реттеу комитеті үйлестіреді. «Астана» қаржы орталығы алаңында инвесторларға да теңдессіз жеңілдік шарттары қарастырылып отыр. Айталық, инвесторларды ынталандыру үшін 2065 жылдың аяғына дейін корпоративтік және жеке табыс салығынан босататын салықтық жеңілдіктер ұсынылады. Бұл тақырыпты түйіндеген Үкімет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығына үлкен үміт артылып отырғанын нықтады. «Біздің қателесуге құқығымыз жоқ. Қалған барлық мәселелер желтоқсанда пысықталуға тиіс. Сонда жаңа жылда біз Ұлы дала кеңістігінде тағы бір қаржы орталығы өмірге жолдама алғанын жария ететін боламыз. Біз табысты және дұрыс бастап кетуіміз қажет. Бұл іс Мемлекет басшысының жеке бақылауында», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде 2005 жылдан бастап тегін және жеңілдікпен дәрілік қамтамасыз ету жүйесі қызмет ететінін атап өтті. «Министрлік пен бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» 2018 жылға амбулаториялық дәрілік қамту қажеттіліктері туралы алдын ала ақпаратты жинау жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде, кем дегенде 32 пайыз немесе 60 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек тапшылығы бары анықталды. Осы мақсатта тегін медициналық көмектің кепілдікті көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу тізімдерін қалыптастыру ережесі бекітілді, ол Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберілді», – деді Елжан Біртанов.
Жалпы, тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілерді сатып алу тендер бойынша жүзеге асырылатыны белгілі. Бірыңғай дистрибьютор жүргізетін екі кезеңді тендер рәсімнің ұзақтығы – 59 күн. Сондықтан келесі жылға дәрі-дәрмекті жеткізудің басталу мерзімі шамамен 2018 жылдың 15 ақпанынан 10 наурызына дейін жоспарланып отыр. Бұл ретте дәрілік препараттармен қамтамасыз етудің бұзылуын болдырмау үшін Үкімет қаулысының жобасына толықтырулар енгізу ұсынылады. Түзетулер бірыңғай дистрибьюторға 2018 жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға деген үш айлық қажеттілікті бір жеткізушіден сатып алуына мүмкіндік береді.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселені қорытындылаған ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмектерді сатып алу мәселелері тікелей Мемлекет басшысының бақылауында екеніне тоқталды. Мәселенің маңыздылығына байланысты Үкімет басшысы министр Елжан Біртановқа бұл үшін жеке жауапкершілік жүктелетініне баса назар аударды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жұмыстарына түзетулер енгізіп, жоспардағы кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілді. Аталмыш мәселені бақылау вице-премьер Ерболат Досаевқа міндеттелді.