271
Ұлы Фирдоуси жырлаған ел
Ұлы Фирдоуси жырлаған ел
Таяуда Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған қазақстандық делегация Иран Ислам Республикасына жұмыс сапары кезінде осы елге 100 мың тоннаға дейін дәнді дақылдарды жеткізу туралы келісімге қол жеткізді. Бұған қоса, еліміз Иранға 2 мың тонна тоңазытылған қой еті мен 200 мың тонна мал азығын экспорттайтын болды.
Иранның Ауыл шаруашылығы министрімен кездесу барысында қазақстандық бидай тасымалына шектеуді жою инвестиция тарту мұздатылған қой етіне қатысты сертификатты бекітуді тездету, Иран тарапынан мүйізді ірі қара мен мұздатылған және салқындатылған сиыр етін импорттау туралы мәселелер сөз болды. Сапар барысында Асқар Мырзахметов Иранның өнеркәсіп, кен және сауда министрімен де кездесіп, Каспий теңізіндегі қазақстандық және ирандық кеме қатынасы компаниялары арасында қосымша салықтарды азайту мәселелерін талқылады.
– Биыл «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы Экспорттық орталық болып қайта құрылған болатын. Ол ауыл шаруашылығының барлық өнімдерін сыртқы нарықтарға шығарумен айналысуда. Иран нарығына 2 мың тонна салқындатылған қой еті мен 100 мың тонна бидай жеткізу жөніндегі келісім-шартты бекітуге қол жеткіздік. Сонымен бірге, 200 мың тонна мал азығын сату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Иран жағы өздерінің ұн тарту кәсіпорындарының қуатын Қазақстан бидайын өңдеуге пайдаланып, ары қарай дайын өнімді Ирак, Ауғанстан секілді елдерге шығаруды ұсынды. Бұл ұсыныс еліміз үшін ұтымды және жан-жақты зерттелетін болады, – дейді «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Есмағамбетов.
Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Олжас Жұмағұловтың айтуынша, Иранға сапар кезіндегі келіссөздер нәтижесінің екі ел үшін де игілігі мол болмақ.
– Егер былтыр жазда Иран нарығына тоңазытылған қой етін жеткізудің шарттарын келісуге қол жеткізсек, бұл жолғы сапар кезінде мұздатылған қой етін экспорттауға қатысты келісімге келдік. Сонымен қатар қазір Иран тарапымен сиыр етін жеткізу шарттары келісілуде. Сондай-ақ, осы сапар аясында күріштің иран нарығында үлкен сұранысқа ие түрлерінің тұқымын ұсыну жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіздік. Осыған орай Қазақстан аумағында күрішті өсіріп, оны ары қарай Каспий теңізі арқылы Иранға экспорттаудың кешенді жоспары бекітілетін болады, – дейді ол.
Иран – дамыған индустриалды-аграрлы ел, өндіріс, мұнай-газ саласы мен ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Еліміздің аймақтары ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының бұл елмен байланысы ерекше. 2016 жылы ОҚО-ның сыртқы тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларын құраса, соның ішінде 19 млн АҚШ доллары Иран Ислам Республикасымен жасалған алыс-беріс. Оңтүстіктен Иранға жаңғақ, арпа, цемент, былғары бұйымдары экспортталса, Ираннан біздің өңірге негізінен құрылыс материалдары, құбырлар, керамика бұйымдары, сантехника, тұрмыстық химия, кілем және жеміс-жидектер тасымалданады.
Жуырда ғана Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасы Хорасан провинциясының губернаторы Алиреза Рашидиан бастаған делегациясымен кездескен болатын. Аймақ басшысы шетелдік қонақтарды Оңтүстіктің инвестициялық әлеуетімен, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен таныстырды.
Сондай-ақ, әкім Оңтүстік пен Иран провинциялары арасында, оның ішінде Хорасан Разави аймағымен өзара тиімді сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты арттырудың мол мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Иран – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. Біз биыл екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толуын атап өтеміз. Иран – Қазақстанның Таяу Шығыс елдері арасындағы екінші сауда әріптесі (БАӘ елінен кейін). Қазақстан мен Иран ШЫҰ, ИЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар арасында белсенді байланыс жасауда. Екі елдің ЕАЭО аясындағы қарым-қатынасы да тиімді әрі болашағы жарқын болмақ», – деді Жансейіт Түймебаев губернатормен кездесуінде.
Өз кезегінде губернатор Алиреза Рашидиан түрлі салада тығыз байланысты дамытуға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында аймақтар арасындағы жиі импортталатын және экспортталатын тауарларды таңдап, солар бойынша біріккен жаңа өндіріс орнын ашу бойынша тізе қосып жұмыс істеу туралы ұсыныс жасалды. Осындай бастамалар 25 жылдық тарихы бар Қазақстан-Иран достығын нығайта түсері анық.
Тарихқа үңілсек, ұлтымыздың рухани өмiрiнде Иран жұртының алар орны қашан да ерекше болған. Қазақтың үлкенi де, кiшiсi де Фирдоусидi жатсынған емес. Аталарымыз атақты «Шахнаманы» ғасырға жуық уақыттан берi өз тiлiне аударып, оқып келедi. Одан басқа да рухани-мәдени байланыстарымыз жетерлiк. Екi елдiң сауда-саттық саласының да қалыптасқан, ғасырлар сынынан өткен тәжiрибесi аз емес. Дегенмен, Қазақстан-Иран қарым-қатынасының гүлденген тұсы елiмiз тәуелсiздiк алған жылдардан басталды десек, қателеспеген болар едiк
Расында, екі елдің мемлекеттік деңгейдегі ресми дипломатиялық қарым-қатынасы 1992 жылдың 22 қаңтарында басталған. Осы жылы Иранның Қазақстандағы елшілігі, ал 1993 жылы Иранда Қазақстан елшілігі ашылды. Қазақстан мен Иран АӨСШК, ШЫҰ, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Каспий теңізі бойынша Арнайы жұмыс тобы секілді өңірлік және халықаралық құрылымдар арқылы да жемісті ынтымақтасып келеді. Сонымен қатар, Президент Н.Назарбаевтың 1999 жылы 6 қазанда Тегеранға жасаған ресми сапарында «Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы Декларация» қабылданды. Содан кейін де түрлі деңгейде барыс-келіс, сауда-экономикалық, мәдени гуманитарлық қатынас толастаған емес. Өткен жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымының көлемі 750 млн доллар болды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Жыл басынан бері екі ел арасында келіссөздер толассыз жүргізіліп жатқанын ескерсек, биылғы алыс-беріс көлемінде де өсім болары анық.