272
Француздарды тәнті қылған театр
Француздарды тәнті қылған театр
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы желтоқсан айының 3-жұлдызында Еуропа мемлекеттерінің астаналарында өткізілетін үлкен гастрольдік турненің шымылдығын ашты. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Astana Musical» театры «Ұлы Дала театры» атауымен "Қыз Жібек" этно-фольклорлық мюзиклін Париж қаласындағы "Le Trianon" театрының сахнасында еуропалық көрермен назарына ұсынды.
Қойылымның қоюшы-режиссері және жоба авторы – «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Сонымен қатар, қойылым барысында «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Аталмыш мюзиклге Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Сержанұлы Ғалиев арнайы келіп тамашалап, жас театрдың өнеріне жоғары бағасын берді.
Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін «Қыз Жібек» туындысы – қазақтың лиро-эпостық жырының жауһары. Трагедия кейіпкерлері – Жібек пен Төлеген әлемге әйгілі Ромео мен Джульетта сияқты қазақ халқы үшін махаббаттың символы. Оқиғалар негізінен жас батыр Төлеген, Қыз Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ. Ел бірлігі мен тұтастық идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмірімен тығыз байланысты дәстүрлер де, бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. жақсы көрініс тапқан. Жібек бейнесі – сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш. Дала театрының негізінде сахналанған «Ұлы дала театры» этнофольклорлық мюзиклінен көрермен қазақ халқының ұлттық танымымен етене танысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, спектакльде қос ақынның сөз тартысы, ой қақтығысымен қатар суырыпсалмалық қабілетін дәріптейтін қазақтың ұлттық өнері ақындар айтысы орын алған.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттайтын мюзикл көпшіліктің көңілінен шығып, театр мамандары мен өнерсүйер көрерменнің жоғары бағасына ие болды. «Қазақ халқының өте бай ұлттық мәдениетіне куә болып, қазақ еліне сапар шегіп қайтқандай әсер еттік. Әртүрлі аспаптарда орындалған әсерлі әуендер мен табиғи дауыста шырқалған әндер жүрек тебірентті», ‒ дейді Сорбон университетінің профессоры, белгілі театртанушы Мари Кристин Сирижол. Ал режиссер, театр сыншысы Давид Чхавлис: «Басты кейіпкерлерді сомдаған артистердің кәсіби актерлік шеберліктері мен вокалдық мүмкіндіктері тәнті етті. Осындай керемет мюзиклді сахналаған режиссерге шығармашылық табыстар мен сәттілік тілейміз», ‒ деп ағынан жарылды. «Мен «Астана Мюзикл» театрының болашағы зор деп ойлаймын. Себебі оларда үлкен потенциал бар. Әртүрлі бағытта өнер көрсететін мүмкіндігі мол екенін аңғардық. Бұл спектакль Астана театрларының деңгейін, әсіресе жас ұжымның қарым қабілетінің өскендігін көрсетеді», ‒ деп театртанушы Лаша Чхартишвили де жоғары бағасын берді.
Айлар бойы үлкен дайындық пен толассыз еңбекті талап еткен қойылым Франция халқының зор қошеметіне ие болды. Гастрольдік турне әрі қарай Канн қаласының "Theatre Croisette" театрында жалғасын табады.