Алдыңдағы асың адал болса...

Алдыңдағы асың адал болса...

Алдыңдағы асың адал болса...
ашық дереккөзі
1839
Бүгінде тұтынушылардың барлығы дерлік дүкен сөрелерінен «халал» өнімдерді іздейтіні белгілі. Кейбірі тіпті, «халал» сөзінің мәнісін жете түсінбесе де, осындай белгісі бар өнімнің қауіпсіз екеніне сенеді. Бірақ соңғы уақытта «халал» деп айдар тағылған тауарлар да күмәнді бола бастады. Өйткені жуырда Денсаулық сақтау министрлігі 11 кәсіпорынның «халал» деп шығарған шұжықтарынан доңыздың ДНК-сы табылғанын мәлімдеді.

«Халал» деген ұзақ «жыр»

Дүкенге не базарға бара қалсақ, сатып алған азық-түлік өнімдерін «халал ма?» деп сұрау әдетке айналған. Шын мәнінде, «халал» ұғымы нені білдіреді? «Халал» – рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды береді, ал «харам» сөзі тыйым салынған деген мағынада қолданылады. Бұл – негізінен Ислам әлеміне тән сөз. Бірақ бұл халал өнімін немесе қызметін тек мұсылман халықтары пайдаланады дегенді білдірмейді. Ислам талаптарына сай дүниелерді тұтынатындардың ішінде өзге діндерді ұстанушылар да көп. Халал өнімге деген сұраныстың күн санап көбейіп жатқанының бір сыры осында. Бүгінде ет және ет өнімдерін өндіретін отандық кәсіпорындарда малды электр тогымен өлтіру, пышақпен ұрып өлтіру секілді тәсілдердің қолданылатыны белгілі. Ал мұндай жолмен өлтірілген малдың бойында қан ұйып қалады. Негізінен, мұндай жолмен өлтірілген жануарлар алдымен қорқып қалады. Ал мал қорыққан кезде бүйрек бездері шошынады екен. Нәтижесінде дәл осындай тәсілмен сойылған малдың етін жеген адамның ағзасында қатерлі ісік ауруының қоздырғышы пайда болуы әбден мүмкін. Мұны мамандар талай рет айтқан. Жалпы, мұсылман жұртында адал бауыздалмаған малдың етінен жасалған тағамдар «харам» болып саналады. Мұсылман қауымның дені азық қылар малын «бісмілласын» айтып, батасын жасап, бауыздап сояды. Бауыздалған малдың бойындағы қан толығымен сыртқа шығады. Медицина ғылымында бұл туралы: «ағзадағы инфекция қанға барып жиналатындықтан, малды сойғанда одан аққан қанның сыртқа толығымен шығуына аса мән берілуі керек. Малдың қаны сыртқа толығымен шығарылса, ет таза, денсаулыққа пайдалы болады. Мұндай өнімді мұсылмандар «халал» дейді. Сондықтан малды сойғанда бауыздау тәсілін қолданып, қанын толық ағызып барып терісін сыпыру керек» деген тұжырым жасалған. Халал индустриясының қоғам үшін маңызы зор. Экономикалық салада болсын, денсаулық сақтау саласында болсын, әр адамның жеке гигиенасының сақталуы мен рухани тазалықтың себепшісі ретінде халал өнімнің маңыздылығы жоғары. Халал өнімнің қай жағынан да зияны жоқтығы баршаға мәшһүр және бұл ғылымда дәлелденген. Қазақ халқы «ауру – астан» деген даналықты бекер айтпаса керек. Халал индустрия туралы сөз қозғар кезде ең алдымен азық-түлік тақырыбына ойысатынымыз да содан болар. Адам денсаулығына кері әсер ететін факторлардың 50 пайызы тамақтанудан келеді. Демек, адам денсаулығы үшін адал тағамның маңызы зор. Сондықтан да дүние жүзінде халал өнімдерін тұтынатын мемлекеттер саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. «Халал» маркасын қазір әлемде 6 миллиардтан астам адам тұтынады екен. Халықаралық қаржы агенттігінің мәлімдемесіне сүйенсек, әлемдік нарықта халал өнімнің көлемі 500 миллиард АҚШ долларына бағалануда. Ал халал өнім шығарудан алда келе жатқан елдер қатарында Аустралия, Бразилия, Франция, Жаңа Зеландия, Индия, Таиланд, Малайзия мемлекеттері бар. Олар халал стандартын қолданып қана қоймай, экспортқа шығарып, мемлекет экономикасына қомақты қаржы құйып отыр. Қазіргі уақытта халал индустриясы әлемде үлкен жүйеге айналғаны айқын. Қазіргі күні халал нарығының қаржы айналымы 2,6 триллион долларды құрайды. Сондықтан халал стандартына қарапайым адамдардан бастап мемлекеттік емес ұйымдар, тіпті, ірі мемлекеттер тарапынан да қызығушылық өте зор. Осының нәтижесінде елімізде көптеген зауыттар, ет комбинаттары, қызмет көрсететін орындар халал стандартына көшті. Бүгінде 500-ден астам кәсіпорын осы стандарт бойынша жұмыс істеуде. Бұл қатарды толықтырғысы келетін кәсіпорындардың да қатары аз емес. Айта кететін бір жайт, мамандардың біразы халал стандарты тек тамақ өнеркәсібін ғана емес, өзге де толып жатқан салаларды қамтуы қажеттігін қолдайды. Мысалы, Малай елі халал тауарларға байланысты киім-кешек, аяқ-киім, жиһаз доңыздың терісінен жасалмауы керектігін қатаң бақылауға алыпты. Ал Мысыр елі косметика, парфюмерия, фармацевтикада харам дүниелердің қолданылмауын қадағалайды екен. Бүгінде Сауд Арабиясы, Мысыр, Малай елдерінен өзге, Германия, Израиль мемлекеттері де халал индустриясының болашағына зор үміт артып отыр.

Адал астың атын былғап...

Әрине, әрбір адам алдындағы асының адал болғанын қалайды. Сондықтан баршасы халал өнімдерді тұтынуға тырысады. Халал индустриясының дамып келе жатқандығын айтқанымызбен, бұл салада да олқылықтар жетіп артылады. Бүгінгі күні елімізде ет өнімдерінің 60 пайызы халал болып шығып жатыр. Ал бірақ соның бәрі қаншалықты таза, адал? «Халал» белгісі бар өнімдердің барлығына бірдей сенім артуға бола ма? Шұжықтардың дәмін татып, құрамында доңыз етінің бар-жоғын анықтау мүмкін бе? Өйткені шұжыққа дәмдеуіш ретінде калий және натрий нитраттары қосылады. Осы ретте қарапайым жұрт алаяқтардың арбауына түсіп жатқан жоқ па? Мұндай сауалдар легі көпшілікті мазалайтыны рас. Бірақ оның нақты шешімін ұсыну мүмкін емес. Қазіргі уақытта «Халал» өнім шығаратын кәсіпорындардың 600-ге жуығы ғана «Халал индустриясы» қауымдастығынан арнайы сертификат алған. Айта кетейік, әлем бойынша халал өнімдерді сертификаттау орталығы Малайзияда орналасқан. Ал аталған «Халал индустриясы» қауымдастығы сол мемлекеттен арнайы сертификат алған. Содан бері бұл қауымдастық отандық халал өндірісімен айналысатындарға рұқсат береді. Денсаулық сақтау министрлігі жасаған мәлімдемеге қарасақ, әзірге жалған «халал» өнімдерге кедергі болу мүмкін болмай тұрған сыңайлы. Санитар дәрігерлер ет өнімдерінен 145 сынама алып, жартысына жуығының құрамынан доңыз ДНК-сын анықтаған. Оның 11-і – қазақстандық кәсіпорындардың өнімі. Өзгелері шет елден енген тауарлар. Ресей мен қырғыз елі өнімдерінің үлес салмағы басым болған. «40 сынамада ет өнімінің қаптамасында көрсетілмеген шошқа етінің ДНК-сы анықталды. Бұл технологиялық талаптарды бұзу. Мәселен, шошқа еті бар өнім де, халал таңбалы ет өнімдері де бір қондырғыда жасалады. Өндірушілерге тиісті ескерту жіберіліп, 38 тонна ет өнімдері сатылымнан алынды», – дейді бұл мәселе туралы мәлімдемесінде ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин. Шұжықпен қатар «Халал» белгісі бар қалбырдағы бұқтырылған сиыр етінен де шошқа ДНК-сы табылған. Жалпы, жыл басынан бері денсаулық сақтау министрлігі 36 мың өнімді алып, құрамын зерттепті. Оған қазынадан 60 миллион теңге бөлінген. Нәтижесінде, өнімнің 2200-ге жуығы талапқа сай келмегені анықталды. Министрлік тарапынан осы жылдың 9 айында мыңнан астам жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. 107 іс бойынша сот үкімі шықты. Салынған айыппұл мөлшері 21 миллион теңге.

«Халал» индустриясына кедергі көп

Министрлік ұсынған деректерге қарасақ, қазақ елінде «халал» атын жамылған «жалған» халал өнімдер аз емес екен. Яғни, Алланың, адал астың атын жамылып, құрамында доңыздың еті мен майы араласқан тауарлар сатып жүргендер бар. Мұндай жағдайлардан кейін «халалға» халықтың сенімі жоғала бастайтыны сөзсіз. Сөйте тұра кәсіпкерлерді жауапқа тарту қиын. Өйткені бұл сала әзірге заңмен реттелмеген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет келер жылдан бастап «Халал» стандарттарын енгізетін болды. Қазір кейбір компаниялар кәсіпкерлерге оңды-солды сертификат беріп, өздерінше ақша тауып жүр. Арам ақша! Таңба туралы заң орындалмайынша, халал индустриясындағы мәселелерді шешу мүмкін болмайтыны ақиқат. Сондықтан ең бірінші кезекте таңба туралы заң болуы керек. Сол арқылы арнайы рұқсатсыз «халал» атын жамылып, елді алдайтындарға заңмен тыйым салуға мүмкіндік туады. Мысалы, Американың үш штатында «халал» стандартына қатысты заң бар. Сол сияқты бізде де халал өнімдерін бақылайтын комитет немесе департамент құру қажет. Ал қазір мемлекет тарапынан нақты бақылау мен қадағалаудың жоқтығы халал индустрияның дамуын тежеп, ел экономикасына зардабын тигізуде. Осының салдарынан халал нарығы тұтынушыларынан айырылса, кәсіпорындар пайдадан, мемлекет кіріс салығынан қағылуда. Мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін әр өңірде халал өнімдерді сарапқа салып, заңсыз өндірістерге қадағалау жүргізетін аймақтық филиалдардың болғаны жөн сияқты. Елімізге халал тауар түрлері шет елдерден көп келеді. Тек қана төрт түлік мал еті мен құс еті ғана емес, басқа да азық-түлік түрлерін «халал» деген жазумен жиі кездестіреміз. Шетелдік халал өнiмдерде мемлекеттiк стандарттау мен тиiстi бақылаудан өткен логотипі болғанмен, алыс-жақыннан жеткiзiлiп жатқан өнiмдердiң шариғат ережелерiне және нормативтiк-техникалық құжаттама талаптарына қаншалық сәйкестiгi жайлы нақты деректер жоқ. Сонымен қатар, халал индустриясындағы шешілмей жүрген мәселенің бірі – мамандардың жоқтығы. Расында да, елімізде халал стандартымен айналысатын маман жоқ. Ондай білім ешбір университетте, колледжде, тіпті діни медреседе де берілмейді. Ал шетелден оқып келген бірнеше кадр мәселені түбегейлі шеше алмайтыны ақиқат. Қолданыстағы заңнамада халал өнімнің қауіпсіздік және сапалық көрсеткіштері қаралмаған, тек «Халал» шұжық пен қонақүйге арналған ұлттық стандарттар бар. Көрші елдермен салыстырар болсақ, халал өнімді тұтыну жағынан Қазақстан көш ілгері тұр. Десек те, Қазақстандағы халал нарығында көңіл қынжылтар келеңсіздіктер мен кемшіліктер де аз еместігі айқын аңғарылады. Алайда елімізде халал өнімдерін білім беру жүйесіне, мәдениет және денсаулық сақтау секторына және басқа да сан-салалы тармақтарына қатыстыру қажеттігі сөз болуда. Ет өнімдерінің халал жолмен өндірілуіне дұрыстап ден қоя алмай отырғанда, өзге саланың «адал» жолмен шығуын көгерте алар ма екенбіз?!  

Серіктес жаңалықтары