Құндыз тонның таңбасы

Құндыз тонның таңбасы

Құндыз тонның таңбасы
ашық дереккөзі
519
Еуразиялық экономикалық одақ аясында тері бұйымдарын таңбалау туралы келісімге қол қойылғаны қазақстандықтарға белгілі. Ал тері бұйымдарын таңбалаудың ұтымды тұсы қандай? Бұл ретте мамандар жаңа жүйе арқылы ең алдымен тұтынушы сатып алатын тауары туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етіліп, контрафактілік өнімнен қорғалатынын айтады. Сонымен бірге, нарықты заңсыз өнімдерден қорғауға мүмкіндік туып, мемлекет үшін көлеңкелі экономика көлемі қысқарады. Соның нәтижесінде бюджетке түсетін салықтардың көлемін арттыруға жол ашылады. Таңбалауға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер өндірген немесе әкелген қара күзен, саз құндыз, ақ түлкі не қызыл түлкі, үй қояны не қоян, жанат, қой терісінен жасалған киімдер жатады. Жеке тұлғалар өздері кию үшін әкелген тері бұйымдары бақылау, яғни сәйкестендіру белгілерімен таңбаланбайды. Өткен аптада тері бұйымдарын таңбалау жүйесінің жобасы таныстырылған. Таныстырылымға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов және бизнес өкілдері қатысты. Шара барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары таңбалау жүйесін былайша түсіндірді: «Біз пилоттық жобаны жасауды ұсынып, тері бұйымдары категорияларын таңдадық. Таңбалау құны қымбат емес, құн бақылау (сәйкестендіру) таңбалары жүйесінде бекітілген. Тері қалдықтары бар кәсіпкерлер жоба іске қосылған уақыттан бастап күнтізбелік 90 күн ішінде, ал импорттаушылар – еркін айналымға тауарларды шығарған күннен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде таңбалауды жүргізуі тиіс. Таңбалау 3 түрден тұрады: қисық, аспалы және тігілмелі. Бұл процедуралар –қорғанудың, яғни жасанды тауарлардан қорғанудың жоғары дәрежесі». Жапсырылатын таңба ұлттық банктің банкноттық фабрикасында шығарылады. Мамандардың сөзінше, мұндай чиптердің құны кәсіпкерлерге салмақ салмайды. «Баға саясатына сай пилот бойынша тері бұйымдарына 400 теңге құн белгіленді. Ары қарай таңбалауға жататын тауарлар тізбесін ұлғайту көзделген.  Жүйе тестілеу режимінде жасалған, енді тек қажетті операцияларды есте сақтау керек. Келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында тиісті оқыту жүргіземіз. Пилоттық жоба аясында тауарын таңбаламағандар үшін ешқандай санкция қарастырылмаған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер пилот қорытындысына талдау жасап, теріс және оң серпінін анықтап, ары қарай шара қолдануы керек»,– дейді Арғын Қыпшақов. Мамандардың түсіндіруінше, бұл жобаны әзірлегенде кәсіпкерлерге барынша түсінікті әрі ыңғайлы жолдар қарастырылған. Ал кәсіпкерлер ең алдымен GS1 Kazakhstan қауымдастығымен келісімшарт жасауы керек. Жоба жұмысы түсінікті болғандықтан, кез келген кәсіпкер өнімін оңай таңбалай алады. Сондықтан жоба жұмысын жетілдіруде кәсіпкерлердің ұсыныс-тілектері ескеріледі.

Серіктес жаңалықтары