Ұлт бірлігінің кепілі – мемлекеттік тіл

Ұлт бірлігінің кепілі – мемлекеттік тіл

Ұлт бірлігінің кепілі – мемлекеттік тіл
ашық дереккөзі
1562
«Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ» дейді жазушы Ғабит Мүсірепов. Сондықтан туған тілдің тұғырын биіктету – әрбір қазақ үшін аса маңызды. Бұл ретте елімізде «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заң» сынды стратегиялық маңызы бар құжаттар дүниеге келді. Осындай құжаттардың бірі – «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».

Стратегиялық мақсаттың мәні

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткен болатын. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»  Қазақстанда тұратын барлық этностар тілдерінің сақталуы жағдайында ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің қызметін қамтамасыз етуді көздейді.  Стратегиялық мақсатты жүзеге асыру негізгі төрт міндеттен тұрады. Біріншісі – мемлекеттік тіл ұлт бірлігінің басты факторы екендігін нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, сондай-ақ соңғы мақсат – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Бағдарлама мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру, мемлекеттік тілді насихаттау және қолдану аясын кеңейту, қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру, қоғамның тіл мәдениетін дамыту, орыс тілінің функциясын сақтау және Қазақстан халқының басқа да тілдерін сақтауға мемлекеттік қолдау көрсету, ағылшын тілін және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуді мақсат етеді. Бағдарламаны әзірлеу кезінде 30-дан астам шет елдің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мәселелерінің құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенді. Бұл құжат қоғамдық өмірдің барлық саласында тілдерді дамыту мен қолдану және мемлекеттік тілді кең ауқымды қолдану үшін жағдай жасауға байланысты өзекті проблемаларды шешудің нормативтік-ұйымдастырушылық негізі болып табылады. Бағдарламаның негізгі мақсатын іске асыру – Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды бағамдайды. Аталған жүйе ең алдымен, мемлекеттік тілді меңгеру мен оқытудың бірыңғай стандарттарын әзірлеуді және бекітуді, содан кейін оларды білім беру жүйесінің барлық деңгейіне – мектепке дейінгі мекемелерге, мектептерге, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу жүйесіне енгізуді көздейді. Бұдан басқа қазақ тілінде оқытатын білім беру мекемелерінің желісін кеңейту және қазақ тілі оқытушылары мен мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру талап етіледі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін бағдарламаны іске асыру 3 кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең 2011-2013 жылдар аралығын қамтыса, екінші кезең 2014-2016 жылдар аралығында орындалды. Ал 2017-2019 жылдар аралығында бағдарламаның соңғы кезеңі жүзеге аспақ.

Екінші кезең табысты аяқталды

Бағдарлама жүзеге асырылған екінші кезеңде жобаның тиімділігі орташа деп бағаланған болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің жыл басындағы есебіне сүйенсек, 2014-2016 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін 16,7 миллиард теңге бөлінсе, оның 14,9 миллиард теңгесі игерілген. Ал Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес бүгінгі таңда мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі жоспардағы көрсеткішке сәйкес 70 пайызды құрайды. Сондай-ақ, өткен жылы мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған жалпы 21 шара ұйымдастырылды, оның 11-і онлайн режимі арқылы  жүзеге асырылған. 2016 жылы «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша 73 732 адам қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуге қатысты. Орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері «ҚАЗТЕСТ» тестілеуіне қатысты. Қазақ тілін меңгерудің 5 деңгейін анықтауға арналған тест тапсырмаларының қоры жаңартылды. Қазіргі таңда Тыңдалым, Оқылым, Жазылым бөліктері мен тілдің лексика-грамматикалық құрылымы бойынша 130 000-нан аса тест тапсырмаларының қоры қалыптасты. Бұл өз кезегінде қоғамның кез келген саласында барлық қызмет көрсету мамандықтарының мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Ересек азаматтарға қазақ тілін оқытуды және тіл меңгеру деңгейін бағалауға арналған тапсырмаларды жүйелеу мақсатында 2009 жылы бекітіліп, қолданысқа енгізілген мемлекеттік стандарттар 2015 жылы ұлттық стандарттар статусында қайта бекітілді және 2017 жылдың қаңтар айында қолданысқа енгізілді. 2016 жылы 71 346 адам мемлекеттік тілді оқыту курсынан өтті. Олардың ішінде мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында 41158, орталық атқарушы органдарда 17232, ұлттық компанияларда 12956 адам мемлекеттік тілді оқыту курсынан өткен. Бұл 2013 жылға қарағанда  74,3 пайызға  артық. Бағдарламаға сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша алғаш рет қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерге арналған деңгейлік  оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірленді. Деңгейлік оқулықтар 2015-2016 оқу жылында республикамыздың 41 мектебінде 1-11 сыныптарда сынақтан өтіп, жылдық қорытынды бойынша білім алушылардың орташа білім сапасы 76,2 пайызды, үлгерімі 99,9 пайызды құрады. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің  ұсынған ақпараты бойынша 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын халыққа түсіндіру және насихаттау мақсатында Қазақстанның «Мәңгілік ел» патриоттық актісі мен Бес институционалдық реформасын шет елде тұратын қандастарымыздың арасында насихаттау»  және  «ҚР үштілдік білім беруді енгізудің негізгі принциптерін ілгерілету бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» атты мемлекеттік әлеуметтік жобалар іске асырылған. Аталған жобалар аясында қазақ-түрік, қазақ-қытай (төте жазу), қазақ-моңғол, қазақ-өзбек, қазақ-араб, қазақ-орыс, қазақ-ағылшын тілдерінде брошюралар әзірленді және шығарылды. «Мәңгілік ел» патриоттық актісін және Бес институционалдық реформасын шет елде тұратын қазақ диаспорасы арасында насихаттау мақсатында Алматы қаласында дөңгелек үстел өткізілді. Үштілдік саясатын кеңінен насихаттау үшін жастар арасында қазақ, орыс, ағылшын тілдерге қызығушылықты арттыру барысында, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 22 қазанда «Қазмедиа Орталығында» Астана қаласының ұлттық компанияларының қызметкерлері арасында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Үштілді меңгеру – табысты өмірге қадам» атты пікірталас ойыны ұйымдастырылды.

Үшінші кезеңнен үміт көп

Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасы әрі қарай табысты жүзеге асу үшін алдағы үш жылға арналған іс-шаралардың да жоспары бекітілген болатын. Қазіргі уақытта аталмыш жоспар бойынша еліміздің барлық өңірлерінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, жуырда ғана Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы  «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын жүзеге асыру мақсатында және Басқарманың 2017 жылға арналған жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Текті сөздің төресі – терме» атты қалалық байқау өткізілді. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық жанрды жастар арасында кеңінен  насихаттау, дарынды жастарды жан-жақты көтермелеу. Байқауда ұлттық өнерді жетік меңгерген 16-35 жас аралығындағы жастар бақ сынасты. Байқауға қатысушылар ел бірлігі, Алашорданың 100 жылдығы және Қазақстан халқын топтастырудағы тілдің маңызы сынды өзекті тақырыптарда терме орындады. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2016-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын жүзеге асыру мақсатында және Басқарманың 2017 жылға арналған жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Тілдарын» («Тіл – тұнық ойдың кәусары») атты қалалық олимпиада өткізді. Олимпиаданың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын кеңінен  насихаттау, дарынды жастарды жан-жақты көтермелеу. Олимпиадада қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 18-22 жас аралығындағы жастар бақ сынасты. Байқаудың шарттары бойынша қатысушылар әр кезең тапсырмасын үш тілде орындап, таңдаған тақырыптары бойынша тұсаукесер өткізіп, эссе жазып, берілген мәтіндерге ілеспе аударма жасап сайысқа түсті. Алматыда 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері – 2017» қалалық байқауы өтті. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету мақсатында өткен байқауға 21-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Олар өздерінің тілді меңгеруге деген қызығушылықтарын, жан-жақты дамығандығын, бәсекеге қабілетті тұлға екендіктерін, тіл мәдениетін толық меңгере алғандықтарын көрсетті. Байқауға қатысуға тілек білдірген, әр ауданнан келген сайыскерлер өз аудандарының намысын қорғады. Сайысқа ұлтына, мамандығына, кәсібіне, шұғылданатын ісіне қарамастан кез келген салада жүрген жастар қатысты. Дәл осындай байқау Алматы облысында да ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, бәсекеге қабілетті және кәсіби дамыған тұлға тәрбиелеу, үштілді еркін меңгерген жас мемлекеттік қызметшілерді қолдау. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыс әкімдігінің 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына орай ұйымдастырылған байқауға үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер қатысты. Екі бөлімнен тұрған байқаудың бірінші бөлімінде сайыскерлерге үш тілде эссе, яғни шағын әңгіме жазу тапсырмасы, «Тұсаукесер» мен «Өнертаным» кезеңінің тапсырмаларын ауызша – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орындау қажеттілігі жүктелді. Жарысқа барлығы 12 мемлекеттік қызметкер қатысты. Айта кетейік, үміткерлерді бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейі, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігі, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеу және мемлекеттік қызметшілердің сахналық мәдениеті де назарға алынды. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жоспарланған шаралар шегі үшінші кезеңнің соңына дейін ұйымдастырыла бермек. Бастысы, осы шаралардың нәтижесі көңіл қуантарлықтай болса болғаны.

Серіктес жаңалықтары