257
Қазақстандық нейрохирургтер шетелдік дәрігерлерге миға операция жасауды үйретпек
Қазақстандық нейрохирургтер шетелдік дәрігерлерге миға операция жасауды үйретпек
Бас, ми тамырлары дертін емдеуде еліміздің дәрігерлерінің біліктілігі мен озық тәжірибесі кейбір шетелдік дәрігерлерге үлгі. Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада басталған халықаралық семинарға қатысқан Үндістан, Израиль мен Францияның нейрохирургтері қазақстандық мамандардан ми қан тамыры мальформациясын емдеу жолдарын үйренбек. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Елімізде аневризма мен мальформация дертін емдеу операциясы 2008 жылдан бері жасалады. Яғни бұл бас,ми қантамырларының бірігіп кету салдарынан туындайтын ауру. Ол негізінен тұқым қуалайтын дерт. Тоғыз жылда ел дәрігерлері бұл кеселді емдеу мен операция жасауда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Олардың тәжірибесін медицинасы дамыған Франция мен Үндістан елдерінің мамандары жоғары бағалады.
"Біз Үндістанда дәл осындай күрделі операция жасаған жоқпыз. Сондықтан сіздердің дәрігерлерден үйренуге келдік", - дейді Үндістандық дәрігер Жижи Варкей.
Бұрын мұнндай күрделі операциялар бас сүйек құйқасын тілу арқылы жасалатын. Ал қазір арнайы медициналық құралдардың көмегімен іске асады. Қан тамырының зақымданған тұсы анықталып, қан түйіршігі жиналған жері тазартылып, емделеді. «Дер кезінде жасалған операция науқасты инсульт алудан сақтап, өмір жасын арттыруға ықпал етеді» дейді дәрігерлер.