16 желтоқсанда Астанадағы қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді

16 желтоқсанда Астанадағы қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді

16 желтоқсанда Астанадағы қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді
ашық дереккөзі
347
16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі мерекесі күні Астанада қоғамдық көлікпен жүру тегін болады. Бұл туралы бүгін елорда әкімдігі аппаратының кезекті отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Қазақпарат.
Астана қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов алдағы уақытта кейбір автобустардың қозғалыс бағыттары өзгеретінін атап өтті. Сонымен қатар ол 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнінің құрметіне елорда тұрғындары мен қонақтары қоғамдық көліктермен тегін жүретінін хабарлады. Сондай-ақ кеңес барысында Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақтыбай Тайталиев қала көшелерін түнгі мезгілде жарықтандыру мен сыртқы жарнаманы орналастыратын орын ретінде ғимараттар мен үйлердің төбелерін пайдалануды ұсынды. Оның айтуынша, архитектуралық жарықтандырудың бірыңғай орталығын құру қажет және ол қашықтан басқарылуы тиіс. Бұдан бөлек, Астана әкімі Әсет Исекешевке қала көшелерін қардан тазалау шаралары мен жылыту маусымының барысы, МЖӘ, Смарт-сити жобаларының жүзеге асуы, жанар-жағар май мен көмір нарығындағы қазіргі жағдай, «Сергек» бейне-бақылау камераларының жұмысы, бюджет қаражатының игерілуі және нысандарды туралы баяндалды. Өз кезегінде, Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Сабыр Жүсіпов елордадағы криминогендік жағдайдың тұрақты екендігін жеткізді. «Қаладағы жалпы жағдай тұрақты. Өткен аптада әкімшілік жауапкершілікке 157 шетелдік, 13 ҚР-ның азаматы тартылды. Елден 30 шетелдік азамат шығарылды. Қабылдау-тарату орнына 20 шетелдік қамалды. 101 жүргізуші Вus Lane жолағымен жүргені үшін айыппұл төлеуге кесілсе, қоғамдық көліктің 18 жүргізушісі мен 1 такси жүргізушісі жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді Сабыр Жүсіпов. Отырыс барысында, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да сөз болды. Астана қаласы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Ермолдина мәлім еткендей, тұрақтандыру қорына қанттың 1500 тоннасы, күріш пен қарақұмық жармасының 500 тоннасы және картоптың 300 тоннасы сатып алынды.

Серіктес жаңалықтары