266
Бағдарламалар байыпты орындалуда
Бағдарламалар байыпты орындалуда
Елбасы жүйелеген мемлекеттік бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуы – елдің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы әр бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуын қадағалап, қазынадан жұмсалған әр тиынның мақсатты жұмсалуын бақылап отырады.
Аймақтардың әлеуетін арттырып, тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуде «Нұрлы жер» бағдарламасының маңызы зор. «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында өткен кезекті қоғамдық тыңдауда осы бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды.
Шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тумышев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы
А.Хамиев, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Орынбасаров баяндама жасады. Мәжіліске облыстық мәслихаттың депутаттары, қала, аудан құрылыс бөлімдерінің басшылары, мердігерлер, партиялық бақылау комиссиясы мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, «Нұрлы жер» комиссиясының мүшелері қатысты.
Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 6 жобаны жүзеге асыру үшін 2,8 млрд теңге бөлінген.
– Атамекен селосының тұрғын массивтерін сумен жабдықтау желілерінің құрылысына 976,311 млн теңге қарастырылды. Су құбырының ұзындығы – 161,095 шаршы метр. Одан бөлек, Маңғыстау ауданының Жыңғылды селолық округіндегі елді мекендерді ауызсумен жабдықтау құрылысы, Жыңғылды селосына есептегіш құралдарын орнатуға 361,863 млн теңге бөлінді. Су құбырының ұзындығы – 33,514 шаршы метр.
Мұнайлы ауданының Батыр селолық округінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға жайғастыру құрылыс жобасының жалпы құны 869,594 млн теңгені құрады. «Баянды – 3» тұрғын үй массивін сумен жабдықтау желілерін салуға 132,737 млн теңге, С.Шапағатов селосының 5 орамындағы жаңа тұрғын үйлерге газбен жабдықтау желілерін салуға 1 194,775 млн теңге қарастырылған болатын.
Аталған жобаларды биыл аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде, Атамекен, Батыр, «Баянды – 3» және Жыңғылды елді мекендері толықтай орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар С.Шапағатов елді мекені толықтай газбен қамтылады, – деді Нұрлан Орынбасаров.
Ел тұрғындарының бақуатты өмірінің кепілі – табысты жұмыс, кәделі кәсіп. Осы орайда жеке кәсібін дөңгелеткісі келетін азаматтарға қолдау көрсетуді, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына серпін беруді мақсат еткен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына жүктелген міндет көп. Ел үміт артқан бағдарламаның іске асырылу барысы жуырда «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалында талқыланды.
Жиын барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша директорының міндетін атқарушы Едіге Марғұлан, қалалық әкімшіліктің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Сәкенов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнеске қаржысыз қолдау көрсету бөлімінің жетекшісі Д.Қонысбек жыл басынан бері атқарылған жұмыстары төңірегінде жиналған қауым алдында есеп берді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыс орындарын сақтай отырып, қосымша жұмыс көздерін ашуға негізделген. Төрт бағыттан тұратын бағдарламаның біріншісі, жаңа бизнес бастамаларын қолдау, екіншісі, кәсіпкерлік саланы сауықтыру, үшіншісі, кәсіпкерлік мүмкіндікті сақтап қалуды күшейту. Алғаш болып сөз алған Е.Марғұлан аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарды тізбелеп шықты.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы төңірегінде сөз қозғағанда мұның аса маңызды екендігін баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дамыған елдер қатарынан көріну үшін шағын және орта бизнесті дамытудың аса қажеттілігін үнемі айтып келеді. Осыған орай Алматы қаласы бойынша қыруар шаруа атқарылды. Нақтырақ айтсақ, 717 жоба жүзеге асырылды. Бұл кейбір облыстармен салыстыра айтқанда, көш ілгері көрсеткіш. Барлық шаруа кәсіпкерлікке қатысы бар ұйымдармен, мекемелермен бірлесе жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде саланы дамытуға республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінді. Қаржыландырумен барлық сала қамтылды десе де болады. Мыңдаған жұмыс орындары сақталып қалды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан биылдың өзінде мемлекет қоржынына 17,6 млрд теңгенің салығы түсті, – деді Е.Марғұлан.
Әрине, баяндамашының аузынан көптеген жағымды жаңалықты естумен қатар, түйінді мәселелерді шешу жолдарын түсіндіру де талап етілді. Депутаттар мен құзырлы орындардың тереңірек түсінгісі келетін жағдайлар аз болмай шықты. Мәселен, екінші деңгейлі банктермен жұмысты жандандыру, ашылған кәсіпкерлік ұйымдардың толыққанды жұмыс істеуіне негіз болатын мәселелер сөз болды. Алайда банктер қатарынан AsiaCredit Bank акционерлік қоғамының бір өкілі ғана келуі өкінішті.
Сонымен қатар стартап жобалардың аздығы да ойлантады. Иә, елімізде жұртшылықтың бұрындары ойына кірмеген жобалары іске асырылып, азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына кең жол ашылуда. Осы мүмкіндіктерді барлық қазақстандықтардың тиімді пайдаланғаны абзал. Құзырлы орындардың қызметі табысты бола түсуі үшін әлі де жемісті жұмыстар жүргізілуі керек. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының өкілдері кемшіліктерді болдырмау жолдарын қарастыруды ұйғарды.
Ал Қостанайда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын қадағалау мақсатында партиялық тыңдау өтті. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері, түрлі мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіби қауымдастықтар өкілдері қатысты.
«Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал жіктерін қолдау» бағыты бойынша өткен партиялық тыңдауда жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы кеңінен талқыланды. Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Оразбаев бағдарламаның екінші бағыты аясында бұл салаға 2 млрд 275 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл облыс бойынша сүт пен ет өндірісінің өсуіне ықпалын тигізді. Ал облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горяннаяның айтуына қарағанда, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру кезінде 742 жұмыссыз және 386 өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылды.
Партиялық тындау барысында қатысушылар тарапынан көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Мәселен биыл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 5,5 млн теңге бөлінді. Оған ақпараттық-имидждік өнімдер шығарылып, телеарналарда бейнероликтер мен арнайы репортаждар көрсетілді. Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы адами капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова бағдарлама жөнінде ғаламтор арқылы ақпараттандыруға көбірек көңіл бөлуге кеңес берді.
– Мен ғаламтордағы мән-мәтіндік жарнаманы көбірек пайдалануды ұсынамын. Өйткені қазіргі таңда жастар күнделікті өмірде ғаламторды пайдаланатыны бәрімізге мәлім. Ал бұл мемлекеттік бағдарлама негізінен нақты жастарға бағытталған, – деп атап өтті З.Көкжанова. Мәжілісте айтылған ұсыныстар мен пікірлер тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.