561
Қызметіне қылқұйрық сұрайтын қорғаушылар
Қызметіне қылқұйрық сұрайтын қорғаушылар
Әрбір адамның құқығы заң жүзінде қорғалады. Бұл ретте азаматтарға
адвокаттардың көмегі ауадай қажет. Бір айта кететін жайт, елімізде
адвокаттық қызметті жетілдіру айтарлықтай түйткілге айналып отыр.
Қазақ елінде жәбірленушілердің құқығын кәсіби қорғайтын адвокаттар
саны мүлдем аз. Саны аздық сапасыз қызметке әкеліп соғады. Өткен
аптада Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір
заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін
жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу
туралы» заң жобасын талқылау барысында да адвокаттық қызмет
мәселесіне ерекше назар аударылды.
1 адвокат және 3900 адам
Қай елдің болсын құқық қорғау саласында адвокаттардың атқарар рөлі айрықша. Өйткені адам құқығын қорғау аса маңызды. Ал адвокаттардың адам құқығын қорғаудағы орны ерек. Қазақстанда адвокаттар туралы заңда және процессуалдық кодекстерде оларға тиесілі құзыреттіліктер де көрсетілген. Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет туралы» заңы 1997 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған. Сол заңның 4-бабына сәйкес, адвокаттар ауызша және жазбаша нысанда құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді, арыздар, шағымдар, өтініштер мен құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасайды, сенім білдірушінің өкілі ретінде азаматтық сот ісін жүргізуге, қорғаушының немесе сенім білдірушінің өкілі ретінде қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысады. Медиация жүргізу кезінде, төрелікте, аралық сотта және дауларды шешетін өзге де органдарда істерді талқылауға сенім білдірушінің өкілі ретінде қатыса алады. Мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдарда сенім білдірушінің мүддесін білдіреді. Сонымен қатар, сенім білдірушінің өкілі ретінде атқарушылық ісін жүргізуге, сондай-ақ, қылмыстық жазаны орындау кезінде қатысады. Және біздің заңдарда тыйым салынбаған өзге де құқықтық көмектерін көрсетеді. Бірақ құқық қорғау саласындағы бұл қызмет түрін дамытуда кедергілер жоқ емес. Үстіміздегі жылдың көктемінде депутаттар адвокатура институттарын дамыту және реформалау бағыттарын талқыға салған болатын. Сонда бүгінгі таңда елімізде адвокаттардың жетіспейтіндігі сөз болған еді. Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы адвокаттардың саны 4 мыңға жуықтайды. Ал соңғы төрт жыл ішінде еліміздегі адвокаттар саны 300-ге ғана көбейген. Әрине, бұл ауыз толтырып айтатын көрсеткіш емес. Әділет министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда орташа алғанда 1 адвокатқа 3900 адамнан келеді екен. Ал халқы ең көп саналатын Оңтүстік Қазақстан облысында 427 адвокат қызмет атқарады. Яғни, бұл бір адвокатқа 6766 азамат жүгінеді деген сөз. Сондай-ақ, облыстағы халық саны көп шоғырланған Түркістан қаласында бір адвокатқа 13 мың азаматтан келсе, Мақтарал ауданында бір адвокатқа 20345 азамат жүгінеді. Шығыс Қазақстан облысында 433 адвокат тіркелген. Кейбір аудандарда екі немесе үш адвокат қана бар. Олар шалғай аудандардың тұрғындарына қызмет көрсету үшін қымбат баға сұрайды. Құқықтық кеңес беріп, заңдық көмек көрсететін тұлғаларды облыс халқына шағатын болсақ, 3221 тұрғынға бір адвокаттан келеді екен. Бұл көрсеткіш Италияда 260, Германияда 500, Англияда 900 адамды құрайды. Елімізде адвокаттардың жетіспеуінің себебін Әділет министрі талаптың күштілігімен байланыстырады. Мысалы, адвокат болу үшін жоғары заңгерлік білім қажет. Сонымен қатар, үміткер адвокаттар алқасында алты айдан бір жылға дейін тағылымдамадан өтуі тиіс. Бұдан бөлек, аттестация рәсімінен өтіп, адвокаттар алқасының мүшелігіне өтуі керек. «Тағылымдама ақылы, оның құны жылына 140 мыңнан 280 мың теңгеге жетеді. Адвокаттар алқасына кіру үшін бастапқы жарна өңірге байланысты 700-800 мың теңгені құрайды. Жарнаның мөлшерін заңға сәйкес облыстық адвокаттар алқасы анықтайды. Осылайша, адвокат мәртебесін алу үшін үміткерге бірнеше күрделі процедурадан өту керек және орта есеппен ол 1 миллион теңге төлейді», – деген болатын мамыр айындағы Мәжіліс отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев. Шынтуайтында, Әділет министрлігі 12 мың адвокатқа лицензия берген екен. Алайда солардың тек үштен бірі ғана – бұл салада еңбек етеді. Қалғандарының тұрғындарға қай тұрғыда көмек көрсетіп жатқаны белгісіз. Ал АҚШ-та қорғаушылардың құзыры әуелден-ақ айқындалып қойған. Оларда біздегідей алқалар жоқ. Адвокат болғылары келгендер білікті соттардың сынынан өтіп, құзыры бар қызметті атқара береді. Америка Құрама Штаттарында адвокат болғысы келетіндердің білімін жоғарғы соттың өкілдері тексереді. Олар үміткерлерге сұрақтар беріп, сыннан өткізеді. Емтиханнан сүрінбей өткендері ғана қорғаушы болуға мүмкіндік алады. Оларда ешқандай алқалар жоқ. Сондықтан Америкадағы адвокаттардың белгілі бір ұйымға мүше болуы міндетті емес.Адвокаттық қызмет ақысы аспандап тұр
Мамандардың сөзінше, әрбір азамат құқықтық мәселеге байланысты туындаған мәселелері бойынша мүддесін қорғау үшін адвокатты жалдайды деген ұғым дұрыс еместігін айтады. Бұл ақылы жұмыс болғандықтан, адвокатпен келісімшартқа отырады, сол келісім-шарт негізінде адвокат өз жұмысын атқарады. Заңда «адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу мөлшері және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу көмек сұрап келген адаммен адвокат жасасатын жазбаша шартта белгіленеді» делінген. Адвокат шарт жасаспастан бұрын ақысын атқаратын жұмысының ауқымына, істің деңгейіне, өзінің біліктілігі мен тәжірибесіне қарай тағайындайды. Осы қызмет заң көмегін алушылар үшін ғана тегін. Ал адвокатқа оларға жұмсаған уақыты мен күш-жігері, яғни, еңбегі үшін мемлекет төлейді. Құқыққа сүйене сөйлесек, аталған баптың 2-тармағына сай, жоғарыда көрсетілген, сондай-ақ, заңдарда көзделген өзге де жағдайларда, адвокаттың мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал елімізде адвокаттар санының аз болуы өз кезегінде азаматтар үшін адвокаттық қызметтің қымбат түсуіне себеп болып отыр. Бір адвокатқа 3900 адамнан келетін болғандықтан, олардың қызмет құны да тым қымбат. Әрбірі ойға келген ақшасын айтып, айды аспаннан бірақ шығарады. Олар ақыны шетел валютасында немесе теңгеде алуы мүмкін. Одан бөлек, заттай қалайды. Мысалы, ауылдық жерлерде адвокаттық қызмет атқаратындар айыптыларды қорғау үшін жылқы сұраған жағдайлар да кездескен екен. Осының бәрін ескерген Әділет министрлігі олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік беретін ұсыныстарын әзірлеген еді. Ұсыныс бойынша, елімізде адвокаттар жылына белгілі бір көлемде халыққа тегін қызмет көрсетуге міндеттелмек. Айта кетейік, 1997 жылы қабылданған адвокаттық қызмет және құқықтық көмек туралы заңнама бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер адвокат қызметіне тегін жүгіне алатын. Енді олардың қатары тағы өспек. Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, «Әлемдік тәжірибе бойынша Қазақстанда адвокатура институтын дамыту үшін «Probono» жүйесін енгізу қажет». Мұндай жүйе әлемнің көптеген елінде бар. Ал оны енгізу үшін адвокаттар азаматтарға заңгерлік көмек ретінде тиісті сағаттар көлемінде бюджеттік өтеусіз қызмет көрсетуге міндетті болады. Сонымен қатар, қорғаушы тоқсан сайын алқаға аталған көмекті көрсету бойынша есебін таныстыруы керек. Бүгінде адвокаттық қызмет сот органдарынан тәуелсіз. Себебі, бұрын адвокаттардың тегін көрсететін қызметі бойынша төлемақыны құқық қорғау органдары төлеп келсе, қазір барлық төлемдерді аумақтық әділет органдары жүзеге асырады. Бұл ретте адвокаттардың еңбегіне ақы төлеуде қордаланған мәселелер де бар. Дәлірек айтқанда, адвокаттарға ақы төлеу үшін белгіленген орган қаулы шығарады. Ал шығарылған қаулылардың дұрыстығына облыстық әділет департаменті тарапынан үнемі бақылау жүргізіледі. Ең бастысы, адвокат қызметінің құнын белгілейтін арнайы кесте түзу қажет тәрізді. Сонда адвокаттың қызметіне жүгінгісі келген адам қай қызметтің қанша тұратынын кестеге қарап білетін болады. Бұл шек адвокаттардың ойына келген бағаны айтып, халықтың қалтасын қағуға тосқауыл қояды.Адвокаттар да тәртіп бұзады
Жасыратыны жоқ, біздің елімізде адвокаттық қызметтің жағдайы төмен. Бүгінгі қоғамда, қарапайым қоғам мүшелері арасында құқыққа деген көзқарастың өзгеруі, жалпы құқыққа байланысты сауатсыздық нигилистік сананың дамуына әкелуде. Оның үстіне, мамандар адвокаттардың бәрі бірдей сапалы қызмет етпейтіндігін де алға тартады. адвокаттардың дені көбіне жауапкершілікке тартылмайды. Соңғы 2 жарым жылда қорғаушылардың жұмысына қатысты небәрі 553 шағым болыпты. Оның 109-ы ғана қаралған. Қалғандары адвокаттардың пайдасына шешілген. Мәселен, үстіміздегі жылдың қазан айында Әділет министрлігі өз қызметіне салғырттық танытқан қорғаушылардың үстінен сотқа арыз түсірген. Олар 5 айыпталушыны сотта тегін қорғауға тиіс болатын. Оларға күдіктілердің тарабы емес, Әділет министрлігі ақы төлейтін болған. Алайда әлгі адвокаттар сот процесі кезінде шет мемлекетте жүріпті. Министрлікке есеп бергенде, күдіктілермен тиісті жұмыс атқарылды деп мізбақпаған. Осы бассыздықтан кейін, ведомство өкілдері адвокаттардың үстінен сотқа арызданды. Күдіктілердің ісі қаралуы тиіс еді. Алайда сот отырысы кейінге шегерілді. Көбінде кез келген заңгер өзін «адвокат» ретінде таныстырып, адвокат көмегіне жүгінген азаматтардан көбірек қаржы алуға тырысады. Тіпті, кейде адвокат кеңселерінің өздері ақша үнемдеу үшін заңгерлерді жалдайтын көрінеді. Сондықтан, адвокаттың қызметіне жүгінерде азаматтар оларды үнемі тексерген абзал. Міндетті түрде өзін адвокатпын деп таныстырған азаматтың төлқұжатын көрсетуін талап ету керек. Мамандардың сөзінше, «төлқұжатты үйде қалдырып кету» деген жағдай кәсіби мамандарда кездеспеуі тиіс. Бастысы, азаматтар адвокат көмегіне жүгінгенде де абай болғаны жөн.