641
Адасқандар адал еңбекке жүгінсе...
Адасқандар адал еңбекке жүгінсе...
Бұдан былай елімізде қылмыс құрбандарына мемлекет тарапынан өтемақы төленбек. Өткен аптда Мәжіліс Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді. Қордың міндеті – дүние жыймаған қылмыскердің орнына жәбірленушіге қаржылай көмек көрсету. Алайда өтемақы қылмыстан жапа шегушілердің барлығына бірдей төленбейді екен. Мемлекеттен өтем талап етуге жәбірленушілердің қандай санаты құқылы? Қылмыс құрбандарына келтірілген залал көлемі толық өтеле ме? Қор қаржысы қалай жиналады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Заң жобасына сүйенсек, өтемақы тек ауыр және аса ауыр қылмыс құрбандарына төленеді. Заң авторлары олардың қатарына түрлі сипаттағы зорлық-зомбылық, денсаулығына зиян келтіру – Қылмыстық кодекстің бас-аяғы 62 бабын енгізіпті. Ал өлім жағдайында мемлекеттік өтемақы марқұмның жақындарына төленеді.
Бір реттік төлем мөлшері 68 мыңнан 136 мың теңге аралығында болмақ. Жоспар бойынша қор жұмысын 2020 жылы бастайды. Ал ақша келер жылдан бастап жиналмақ. Бір айта кетерлігі, қорға бюджеттен ақша аударылмайды. Жәбірленушілерге материалдық шығынды жазасын өтеушілер түрмеде жүріп жұмыс істеген жалақысынан өтеуі керек.
«Әдетте сотталушылардың құрбандарына өтемақы төлейтін ақшасы болмайды. Осындай жағдайларда көмекке мемлекет келеді. Ақша жинаудың бес көзі бар. Біріншісі – сот шешімімен тағайындалатын міндетті өтемақы. Одан бөлек сотталушылардың түзету мекемелерінде істеген жұмысының ақысы осы қорға аударылады», – дейді Мәжіліс депутаты Василий Олейник.
Жуырда ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов түрмеде жазасын өтеушілер саны бойынша биыл әлемде 68-орынға түскенімізді сүйіншіледі. Бұрын АҚШ пен Ресейден кейін үшінші болыппыз. 2011 жылы ел түрмелерінде 57 мың адам жазасын өтесе, қазір 35 мың адам темір торда отыр. Министрдің айтуынша, сотталушыларды әлеуметтік оңалту тек жазасын өтеп шыққан соң емес, сол түрмеде жүрген сәттен басталуы тиіс. Еліміздің абақтыларында сотталғандарға арналған жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына айрықша күш салынғаны сондықтан. Қазіргі уақытта түзету мекемелерінің кәсіпорындарында металл мен ағаш өңдеу, құрылыс материалдары, арнайы киімдер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру кеңінен жолға қойылған.
– Өткен жылдан бері түзету мекемелерінің жұмыс істемей тұрған өндірістік алаңдары сенімгерлік басқаруға берілді. Қазір онда 3 мыңнан астам жазасын өтеуші еңбекпен қамтылды. Одан тыс, қамауда отырған 34 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысу құқығын пайдалана отырып, колонияда жеке ісін ашты. Аталмыш кәсіп-орындарда еңбек еткендер белгілі мөлшерде жалақы алады. Бұл – өз кезегінде олардың айыппұл мен алимент төлеп, отбасына көмек көрсетуіне жақсы мүмкіндік, ‒ дейді Қалмұханбет Қасымов.
Түрмеде кәсіптің түр-түрі бар
Жыл басынан бері елімізде сотталған азаматтарды еңбекке тартуға арналған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Бас прокуратура мұрындық болып отырған жоба Шығыс Қазақстан облысының түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға шапағатын тигізуде. Мәселен, Шемонайха ауданындағы №156\6 қатаң режимдегі түзеу мекемесінде бүгінде 620 сотталушы болса, соның ішінде 240 адам еңбекпен қамтылған. Аудан прокуроры Александр Акуловтың айтуынша, бұл еңбекке жарамды жазагерлердің 75 пайызы. Абақты қабырғасындағы жұмыс сотталған азаматтар үшін абақты қабырғасындағы жылжымайтын уақыттың бірден-бір емі. Оның үстіне еткен еңбекке ақы төленеді. Яғни, жасаған қылмысы қоғамға шығын келтіргендер үшін бұл мемлекет алдындағы берешегін өтеудің таптырмас мүмкіндігі. Жұмыс барысында тәртіп бұзбай, өзін жақсы жағынан көрсете білгендерге абақтыдағы еңбек мерзімінен бұрын босауына сеп болады. Мұнда жұмыс берушілерге де жеңілдіктер бар. Өйткені, темір тормен байланысып, табыс табуға әркімнің жүрегі дауаламасы анық. Барлық жұмыс абақты аумағында өтуі тиіс болғандықтан өндіріс ошағын түзеу мекемесінің өзі ұсынады. Тек жұмыс барысында тұтынған электр қуатының шығынын төлесе болғаны. Жұмыс күші де біршама арзанға түседі. Осының есебінен өндірген тауардың өзіндік құны қалыпты бағадан әлдеқайда төмен. Бүгінде №156\6 түзеу мекемесінде осы жеңілдіктерді пайдаланып, бес бірдей кәсіпкерлік нысан жұмыс жүргізіп келеді. Солардың бірі – «Еңбек-Өскемен» кәсіпорнының 110-филиалы. «Түрмедегі жұмысшыларға ағаш пен темірден түрлі тұрмыстық заттар жасатамыз. Ет тартатын астау, домбыра, жиналмалы орындықтар, декоративті үстелдер, жұмсақ жиһаз сияқты үлкен бұйымдарға да тапсырыс береміз. Дайын болған тауарды Жаңғызтөбеде көрмеге қоямыз. Адамдар сол жерден аттай қалап әкетеді. Өйткені, бағасы нарық бағасынан арзанға түседі. Мысалы, сауда үйлерінде 200 мың теңге тұратын диванды бізден 150 мың теңгеге алуға болады. Оның үстіне жиһаздың көбі табиғи ағаштан жасалады», – дейді «Еңбек-Өскемен» кәсіпорнының өкілі Майдан Садықов. Ал «Шемонайхинский Ком-Хоз» ЖШС болса, №156\6 түзеу мекемесіндегі темірден түйін түйетін жігіттерге түрлі металл конструкцияларын жасатады екен. Кәуап пісіретін мангалдың түр-түрін, қақпа, оюлы қоршаулар, тіпті, қоқыс контейнерлерін де абақтының ұсталары көздің жауын алатындай етіп жасайды. Темір тордың ар жағында жүріп-ақ жеке кәсібін дөңгелетіп жүргендер де баршылық. Мәселен, Виктор Супик есімді сотталушы жылыжай егумен айналысады. Заң бойынша қамаудағы адамның қандай да бір қаржылық операция жасап, кәсіп ашуына жол жоқ. Есесіне, сотталушының жұбайы ешқашан сотталмаған. Виктордың кәсібі осы жолдасының атына тіркелген. Бүгінде «Иванова» жеке кәсіпкерлігінде Виктордан бөлек, төрт адам еңбек етеді. Абақтының жылыжайында қияр, қызанақ сынды көкөністермен қатар, экзотикалық гүлдер де жайқалуда. Түзеу мекемесі аумағындағы бұл нысандардан бөлек май құю цехы мен техникалық қызмет көрсету стансасы және наубайханада да сотталушылар еңбек етіп жүр. Сотталушылардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің басшысы, майор Әсел Бажаеваның айтуынша, жазасын өтеушілерге жұмыс беру оңай шаруа емес. Сақтық үшін жұмысқа адам алмас бұрын әр сотталушының бүкіл ісін көтеріп, психологтардың кеңесін алу қажет. Басқа мамандардың да пікірлері ескеріледі. Сотталушыға оң сипаттама берілгеннен кейін ғана жұмыс ұсынылады. «Заң бізден кез келген сотталушымен «Сіз» деп сөйлесуді талап етеді. Мұндағылармен тіл табысу үшін барынша әділ болу қажет. Әділдік пен адамгершілік қатты бағаланады. Ал жұмыс берушілерді тарту оңай емес. Бірнеше жеңілдік ұсынатынымызға қарамастан бізбен істес болуға әркім келісе бермейді», – дейді Әсел Бажаева. Абақтыда кәсіп дөңгелетудің қиындықтарына қарамастан, онда жұмыс істеуге ынталы кәсіпкерлер жоқ емес. Мәселен, жуырда Жарма ауданындағы үш түзеу мекемесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, 250 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды. Қазір аймақтағы түзеу мекемелерінде кірпіш, темірден жасалған бұйымдар мен құрылыс арматурасы өндірілуде. Облыс прокурорының міндетін атқарушы Құсайын Игембаевтың айтуынша, жеке кәсіпкерлер «Колонияларда жұмыспен қамту-2017» жобасы аясында кәсіпорынға арзан жұмыс күшін тарта алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті жармалық жеті кәсіпкер пайдаланып отыр. Ал Қостанайдағы 161/2 еңбекпен түзеу мекемесінде 12 кәсіпкер өз ісін ашып, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі – жас кәсіпкер Айдар Рахалиев. Ол 2015 жылы түзеу мекемесінде ағаш бұйымдарын жасайтын цех ашқан. Кәсіпкерді қызықтырғаны – ондағы жұмыс бөлмелерін жалға алу құнының нарықтағыдан әлдеқайда төмендігі. Мемлекет белгілеген коэффициенттен аспайды әрі жұмыс күші де арзанға түседі. Бүгінде оның қарамағында оншақты жазасын өтеуші жұмыс істейді. Сотталғандар жалақыларын қалауынша жұмсай алады. Темір тордың ішінде жүріп-ақ қарыздарынан құтылуға мүмкіндігі бар. Мәселен, жазасын өтеуші Денис Рахманов тапқан табысынан талап етуші тарапқа берешегін өтеп жүр. Артылғанын отбасына жібереді екен. Ол абақтыда екі қолға бір күректің табылғанына қуанышты. Өйткені мұнда уақытын текке өткізбей, жаңа кәсіп түрін игеруіне, отбасына аз да болса көмек көрсетуге мүмкіндігі бар. Қызылорда облысында да сотталушыларды жұмыспен қамту жолға қойылған. Аймақтағы түзеу мекемелеріндегі 727 жазасын өтеушінің жартысынан астамы ақылы еңбекпен қамтылған. Мамыр айында өңірдегі ЗК-169/5 колониясында кірпіш күйдіру зауыты ашылды. Құрылыс материалын шығаратын цех 31 адамға жұмыс орнын ұсынды. Түзеу мекемелеріне кәсіпкерлерді көптеп тарту нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда тігін, мүсін жасау, темір бұйымдарын дәнекерлеу және ірі көлемді кесек құятын өндірістік құрылымдар жұмыс жасайды. Мұнда қатаң күзетілетін аймақта орналасқан ғимараттар тегін беріледі және арзан жұмыс күші жеткілікті. Сондықтан түрмеде өндірістік нысан ашу кәсіпкерлер үшін тиімді. Ал жазасын өтеушілер өз жалақысы есебінен мемлекет немесе жеке тұлғалар алдындағы қарызын қайтаруда. Бұл олардың жазасы жеңілдеуіне, түрмеде отыру мерзімінің ертерек аяқталуына сеп. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында үлгілі тәртібі мен еңбектегі жақсы нәтижелері үшін 210 сотталушы мерзімінен бұрын босатылған.Әділетсіздікке төзбегендер темір жұтты
Табысы көп болмаса да, жұмыс – абақтыдағылардың негізгі алданышы, еркіндікті аңсағандардың көңілге медеу етері. Өкінішке қарай, еңбек шарттарының бұзылуы, жалақының уақытылы төленбеуі, еңбек күшінің қаналуы секілді құқықбұзушылықтармен сотталушылар да бетпе-бет келеді. Мәселен, өткен аптада Алматыдағы Ла-155/13 еңбекпен түзеу мекемесінде әділетсіздікке төзбеген жазасын өтеушілер аштық жариялап, темір-терсектерді жұтып қойды. Қамаудағылардың айтуынша, олар жұмыс істейтін «Еңбектас» кәсіпорыны екі жарым айдан бері айлықтарын бермей, әбден басынып алған көрінеді. Жұмыс берушінің озбырлығына көнбеген тоғыз сотталушы ас-судан бас тартып, оның орнына темір-терсек, нақтырақ айтқанда, болт жұтқан. Айлығын ала алмай, наразылық білдіргендердің бірі – Еркебұлан Кенжеғараев есімді сотталушы өзіне көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлерін жанына жолатпай қойыпты. Жұмыс беруші жалақысын бермесе өлуге де дайынмын дейді ол. «Еңбектас» кәсіпорнының колониядағы отыздан астам жұмысшыға берешегі бар көрінеді. Сотталушылардың айтуынша, екі жарым айдан бері жалақы бермеген компания жазасын өтеушілерге қайда барсаңдар онда барыңдар деп доқ көрсеткен. Алайда журналистерді көрген компания өкілдері басқаша сайрай жөнелді. Бас кеңседен ақша сұратқандарын айтып, Астанадан қаржы жіберілсе, бүгін-ертең жазасын өтеушілердің жалақысын төлейміз деп уәде берді. Еңбектастықтар сөзінде тұрар, берешек қайтарылар. Алаңдайтынымыз ол емес. Теледидар арқылы жалпақ жұрт куә болған темір жұтқандардың ісі әділетсіздіктен баз кешкендердің бәріне «үлгі» болып кетпей ме деген қорқыныш біздікі. P.S. Біздің мемлекет түрмедегі әр сотталушыға жылына 700 мың теңгеден астам қаражат шығындайды екен. Біз сөз еткен жазасын өтеушілер сол шығынның тамшыдай бөлігін маңдай терімен өтеп жүргендер. Ең бастысы, олардың көбі еркіндікке шыққанда өздерін қоғам ішінде өгей сезінбейді. Өйткені әр күнін еңбекпен, қимыл-қозғалыспен өткізген адамның рухы күйремейді, өмір сүруге құлқы құлдырамайды.