288
Тәуелсіздіктің жемісі – тың өзгерістер
Тәуелсіздіктің жемісі – тың өзгерістер
Қазақстанның егемен ел атанып, өз алдына дербес мемлекет болғанына биыл 26 жыл. Осы уақыт аралығында тәуелсіз еліміздің іргесін мықтап, шаңырағын шайқалтпау үшін атқарылған шаруалар шаш етектен. Әуелі шекарамызды бекіттік, Ата Заңымызды қабылдап, Мемлекеттік Рәміздерімізді белгіледік.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ел дамуының бағытын нақтылап берді. Мемлекет басшысы тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден-ақ тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Елімізде құқықтық саладағы шаралар жедел түрде жүзеге асырылды. Мемлекеттік биліктің бір тармағы – сот жүйесінде болған тың өзгерістерге Президенттің сарабдал саясаты серпіліс берді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің VІ шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында: «Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар субъектілерінің құқықтарын сотта қарау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді», – деген болатын. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан азаматтарының сотқа деген сенімі артып келеді. Оның бір дәлелі – азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сотқа шағым беру санының көбеюі, республика бойынша сот әділдігін жүзеге асыратын судьялар штатының жыл сайын артуы.
Тәуелсіз ел атануымыздың басты нәтижесі ретінде соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленді, соттар бір жүйеге біріктіріліп, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің оңтайлы және тиімді негізі қаланды.
Ендігі міндет – сот жүйесі, сот әділдігі үстем деп танылған алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына ену. Тәуелсіз қазақ елі бұл межені де еңсерері анық.
Арысбай ТІЛЕГЕНОВ, Түркістан қалалық сотының төрағасы міндетін атқарушы