1056
«Мемлекеттік тіл – менің тілім»
«Мемлекеттік тіл – менің тілім»
Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында»: «Тілді дамыту – Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі», сондай-ақ «Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек» делінген. Қазіргі уақытта осы міндеттерді жүзеге асыру үшін сан түрлі шаралар қолға алынуда.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиясында мемлекеттік тілдің қолданылу саласын кеңейтуді елдің әрі қарай даму артықшылықтарының бірі ретінде атады. Көптілділіктің мәнін Қазақстанның сөзсіз артықшылықтарының бірі ретінде атай отырып, Президент осы жүйенің ұлтты берік әрі мығымдайтын арқауы мемлекеттік тіл болып табылатынын көрсетті. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру. Бұл ретте қазақстандықтардың алдына мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру, мемлекеттік тілге деген сұранысты ұлғайту, тіл мәдениетін жетілдіру міндеттері қойылған. Бүгінде бағдарламаның алғашқы міндеттері айтарлықтай орындалып, мемлекеттік бағдарлама өз нәтижесін көрсетуде.
Әу бастан бағдарламаны жүзеге асыру үш кезеңге бөліп қарастырылған еді. Жоспар бойынша, мемлекеттік бағдарламаның алғашқы кезеңінде (2011-2013 жылдар) мекемеде жүргізілетін іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу, қазақ тілі кабинетін ашу, мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізетін, оқып-үйренетін қолайлы жағдайлар жасап, мониторинг жүргізу шаралары жүзеге асырылды. Ал екінші кезең (2014 – 2016 жылдар) аясында мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге көше бастады. Бұған қоса, мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу жөніндегі жұмыстары жалғастырылды.
Бағдарламаның үшінші кезеңінде (2017 – 2020 жылдар) мекемеде мемлекеттік тілде сөйлеуге қажеттілік тудыру, мемлекеттік тілдің тұғырын көтеруге үлес қосу, мемлекеттік тілдің меңгерілу деңгейіне жүйелі мониторинг жүргізу көзделіп отыр. ҚР тілдерді дамыту және қолдану мемлекеттік бағдарламасының 2017-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, жыл сайын тұрақты негізде республикалық конкурстар өткізіледі, осылайша мемлекеттік тілді БАҚ-та насихаттау, республиканың жастары арасында үштілдікті іске асыру мақсатында, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу бойынша «Тіл шебері» республикалық конкурсы, «Тілдарын» республикалық олимпиадасы өткізілді.
Қазақстан халқының тілдері фестивалі шеңберінде мәнерлеп оқу шеберлері арасында «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлігі» республикалық конкурсы қоғамның қолдауына ие болды. Сондай-ақ, «Түп-тамыры ежелгі әліпби: жалпы түріктік сәйкестігінің берік негізі» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және ілеспе-аудармашылардың дағдыларын арттыру мақсатында, қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне ілеспе аудару шеберлік-сыныбы өткізілді. Орыс тілді азаматтар арасында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» жобалары бойынша барлығы 36 іс-шара жүзеге асырылды.
Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Жамбыл облысында «Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауды іске асыру жолдары» атты республикалық онлайн семинар өтті. Семинар барысында мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау жолдарын онлайн режимі арқылы жүзеге асыру, озық тәжірибені зерделеу және қорыту, оқытудың қазіргі заманғы нысандарын, әдістері мен технологияларын тәжірибеге енгізу жолдары талқыланды. Тілдерді оқыту орталықтары мен республикаға белгілі үздік әдіскерлер шеберлік сабақтарын көрсетті.
Ал Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Тіл-парасат» қалалық байқауын өткізді. Байқауға 17-22 жас аралығындағы қазақ тілін жетік меңгерген әр түрлі этнос жастары қатысты. Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілді меңгерген жастарды анықтау және ынталандыру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру, тіл мәдениетінің деңгейін және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатымен ұйымдастырылған. Байқауға келген қатысушылар ұсынылған тақырып бойынша 3 минут уақыт ішінде мемлекеттік тілде алынған билет арқылы ауызша тұсаукесер жасау, 3-5 минут уақытта ұсынған тақырып бойынша алынған билет арқылы жұппен диалог құру және «Шабыт жұлдызы» кезеңі бойынша қазақша халық әндерін шырқап, театрландырылған қойылым көрсету шарттары бойынша өткізілді.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өткізді. Жалпы, іс-шаралар жоспарына сәйкес қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында Алматы қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі», «Абай оқулары», «Пушкин оқулары», қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Тіл дарын», «Тіл парасат» атты байқаулар ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл мерейі», «Ана тілім – ардағым», БАҚ өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты қалалық байқаулар өткізу дәстүрге айналып отыр.