Бірлікті нығайтудың басты факторы

Бірлікті нығайтудың басты факторы

Бірлікті нығайтудың басты факторы
ашық дереккөзі
354
Елімізде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама осы жылдар ішінде өзінің тиімділігін көрсетті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Тіл – Қазақстан халқын біріктіруші құрал болуы тиіс. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып, дамытуымыз қажет. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үлесімізбен толыға түскен қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз», –  деп атап өткен болатын. Бағдарламаның басты мақсаты – ұлт бірлігін нығайтудың алғышарты ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданылуын қамтамасыз ету, тіл саясатын қоғамдағы тұрақтылыққа нұқсан келтірмей үйлесімді жүзеге асыру. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында көзделген барлық іс-шаралар ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамытудың басымдығына негізделген және азаматтардың рухани-мәдени және тілге қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруға бағытталған. Бағдарламаны іске асырудың табыстылығы жоспарланған іс-шараларды іске асырудың тиімділігін қамтамасыз еткен жағдайда, қажетті нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, негізгі бағдарламалық іс-шараларды мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына кіріктіру жолымен қамтамасыз етілетін болады. Аталмыш бағдарламада белгіленген міндеттер бойынша мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлердің үлесі 2017 жылы – 50, 2020 жылы – 90 пайызға жетуі тиіс. Ал қазақ тіліндегі БАҚ-тың ақпарат үлесін 2017 – 60, 2020 жылы – 100 пайызға жеткізу көзделген. Бағдарлама бойынша 2017 жылы кітапхана қорының үлесі 20, ал 2020 жылға қарай – 80 пайыз болуы қажет. Сондай-ақ, үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген қызметкерлер үлесі 2017 жылы – 8 пайызға, 2020 жылға қарай 10 пайызға ұлғайту міндеттелген. Мемлекеттік тілді оқитындар саны 2017 жылы 30, 2020 жылы 70 пайызға дейін өсуі қажет деп көрсетілген. Сондай-ақ, бағдарламада мемлекеттік тілді меңгерген елдегі ересек тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай 80 пайызға және 2020 жылға қарай 95 пайызға арттыру міндеті қойылған. Аталған үлесті Қазақстанда азаматтардың мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – «ҚАЗТЕСТ» тапсырудың нәтижелері арқылы анықтау белгіленген. «ҚАЗТЕСТ» жүйесі 2006 жылдан бастау алады, 2008 жылдың 11 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен жүйені дамыту мен енгізу тұжырымдамасы қабылданды. Жүйенің негізгі бағыты күнделікті әлеуметтік ортада азаматтардың қазақ тілін қолдана білу дәрежесін анықтау, яғни қазақ тілінің функционалдық қолданысын бағалау. Тілдің күнделікті тұрмыста қолданылу дәрежесін бағалау арқылы тіл меңгерудің көлемін білу әлемде кең етек жайған. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру шаралары, әрине, тек кешенді әрекеттерді орындағанда ғана іске асырылатыны белгілі. Соның бірі қазақ тілін оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен оны стандарттау. Бұл мәселе тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында негізгі міндет ретінде анықталған. Қазақ тілін оқытудың әртүрлі әдістемелері болғанымен, әлі күнге дейін мектеп бағдарламасында өзге тілді мектептердегі қазақ тілі сабақтары тек грамматиканы жаттау мен бір сарынды жаттығуларды орындаумен шектеліп келеді. Осыдан барып, қазақ тілі пәнінен бестік алған оқушы ешқандай-да коммуникацияға дайын болмай шығады, яғни қазақ тілінде сөйлей алмайды. Елбасының тапсырмасы – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың бір парасы – ол әрбір өңірде қазақ тілін оқытудың орталықтарын ашу қажеттігі болатын. Осыған сәйкес барлық облыс орталықтарындағы ірі қалаларда барлығы 130-ға тарта мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылып, жұмыстарын бастаған еді. Оқыту орталықтарының негізгі тұтынушылары қазіргі таңда әртүрлі қызметтегі ересек азаматтар. Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тілді қашықтан оқу үшін жағдайлар жасау  мақсатында   «Тilalemi.kz» порталы, бірыңғай ономастикалық «Atau.kz», орфографиялық «Emle.kz», терминологиялық «Termincom.kz»  базалары  жұмыс істейді. Мемлекеттік тілді оқыту бойынша ең жаңа әдістеме негізінде «Қазақ сөзі» (500 және 900 сөзден тұратын) оқу құралдары әзірленді. Қазіргі уақытта республиканың барлық өңірлерінде және Астана, Алматы қалаларында тегін оқытатын 87 мемлекеттік орталық бар. Барлық өңірлерде орналасқан мемлекеттік орталықтарда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жұмыссыздар, уақытша жұмыссыздар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, оралмандар оқи алады. Курстар халықтың ересек  топтарына арналғанын атап өтуге тиіспіз. 2016 жылы 78 157 адам тілдерді оқыту курстарынан өтті, оның ішінде 70 мың адам қазақ тілі курстарында оқыды.  Қазақ тілін меңгеру деңгейі  ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша анықталады. 2011-2015 жылдары осы жүйе бойынша 130 мыңға жуық адам өтті. 2016 жылы  ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша  тестілеуден 73 732 мың адам өтті, оның ішінде  39 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілер. Биылғы 2017 жылы Алматы қаласында қазақ тілі курсының 69 тобы жасақталып, 721 тыңдаушы қазақ тілі курсына тіркелді. Ағылшын тілі бойынша 27 топта 350 мемлекеттік қызметші курстан өтуде. Алматы қаласы бойынша осы жылы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін 6013 қызметкер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуге қатысты. Шаһардағы тілдік ахуалды әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша сұралған респонденттердің – 81 пайызы әртүрлі деңгейде қазақ тілін, 86 пайызы – орыс тілін, 15 пайызы – ағылшын тілін, 12 пайызы – әртүрлі деңгейде үш тілді меңгергендіктері анықталды. Елімізде өзге ұлт өкілдерінің ана тілдерін сақтау мен дамыту мақсатында жексенбілік мектептер жүйесі құрылған. Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктерде қазақ тілімен қатар неміс, поляк, әзірбайжан, шешен, осетин, кәріс, түркімен тілдері оқытылады. Сондай-ақ, оңтүстік астананың көшелеріндегі деректемелер мен көрнекі ақпараттарда Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Деректемелер мен көрнекі  ақпараттарды орналастыруға рұқсат алу кезінде жарнама мәтіндерінің  мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нұсқасын міндетті түрде тиісті мемлекеттік органмен келісу тәртібі белгіленген. Қазіргі таңда Алматы қаласында 56 795  баланы қамтитын 478 мемлекеттік және жеке меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар. Оның ішінде қазақ тілінде білім беретін 180,  орыс тілінде – 130, аралас тілде – 168  мемлекеттік балабақша жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары