294
Дүрбелең басы – допинг
Дүрбелең басы – допинг
Келер жылдың ақпан айында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында Қысқы олимпиада ойындары шымылдығын түреді. Қазір әлем елдері дүбірлі спорт шарасына қызу дайындық үстінде. Ал көршілес Ресей спортшыларының тағдыры осыған дейін жұмбақ болатын. Өткен аптада Халықаралық олимпиада комитеті соңғы шешімін қабылдады. Комитет шешімі бойынша, Ресей құрамасы Қысқы олимпиададан түпкілікті шеттетілді.
Әділдік қымбат бәрінен
Ресей спортшыларының тағдыры Швейцарияның Лозанна қаласында өткен ХОК-тың атқарушы комитетінің жиналысында шешілді. Томас Бах бастаған ХОК мүшелері Ресей құрамасын олимпиададан шеттетіп қана қоймай, Ресейдің вице-премьері Виталий Мутконы, тағы бірқатар лауазымды адамдарды, спорт министрінің орынбасарларын, спорт функционерлерін алдағы уақытта болатын барлық Олимпиада ойындарынан өмір бақи аластату туралы шешім шығарды. Муткоға Сочи олимпиадасы кезінде жетекшілік қызметінде болғаны үшін допинг дауына тікелей қатысы бар деген айып тағылып отыр. Ресей олимпиада комитетінің ХОК-тағы мүшелігі де осыған байланысты тоқтатылды. ХОК-тың басшысы Бахтың айтуынша, Олимпиалық қозғалысқа бұрын-соңды болмаған нұқсан келтірілген. Сондай-ақ, Ресей ХОК-тың допинг бағдарламасы аясында тәуелсіз зерттеу жүргізетін орталықтың құрылуына жұмсалатын 15 миллион доллар көлеміндегі шығынды өтеуге міндетті. Халықаралық олимпиада комитетінің Ресей спортшыларын осылай қатаң жазалауына 2014 жылғы Сочи олимпиадасындағы допинг дауы себеп болып отыр. ХОК бүгінге дейін Ресейдің Сочиде чемпион және жүлдегер атанған 25 спортшысын допинг қолданғаны үшін өмір бойына спорттан шеттетті. Айта кетейік, Сочиде өткен олимпиада ойындарындағы допинг дауына байланысты жүргізген зерттеу жұмыстары 17 айға созылды. Сочи олимпиадасының қорытындысы бойынша бірінші орында тұрған ресейліктер күн санап рейтингте құлдырап, үшінші орынға түсіп қалды. Допинг дауы былай тұрсын, Ресей спорт шенеуніктері осынау дүбірлі жарыста нағыз алаяқтыққа жол берген. Латвия шанашылары Ресей командасы белгіленген екпін алар зонадан ұзағырақ жүгіргенін айтып, алтын медальдің Ресей спортшыларына әділетсіз берілгенін Сочи олимпиадасынан соң-ақ айтып, шағымданған болатын. Бір таңданарлығы, Ресей тарапы мұны мүлдем мойындаған жоқ. Спорт шенеуніктері бетбақтырмады. Ресей шанашыларының расымен ереже бұзғаны енді толықтай дәлелденіп, алтын медальден біржола қағылды. Қазір арнайы құрылған тексерушілер тобы қатаң бақылаудан өткізілген спортшыларға ғана Олимпиадаға қатысуға рұқсат бермекші. Ал Ресей құрамасының басшылары Олимпиада ойындарына мүлдем кіргізілмейді. Бұл ресейлік жанкүйерлер мен спортшыларға өте ауыр тиіп отыр. Көпшілік допинг дауына басты себепкер ретінде спорттық шенеуніктерді айыптайды. Кремль болса, өз спортшыларының допинг қолданғанын жоққа шығарудан танар емес. Тіпті, халықаралық жанжалдың саяси астары бар деп те талай мәрте мәлімдеме жасаған болатын. Ал Ресей құрамасы атынан Қысқы олимпиадаға жолдама алған спортшылар арасында допинг дауына ілікпеген споршылардың тағдыры не болады? Бұл сұрақ спортшыларды да, жанкүйерлерді де мазалайтыны рас. ХОК шешімімен бұл спортшылар Пхенчхандағы олимпиада ойындарында өнер көрсете алады. Тек олардың Ресей атынан емес, Олимпиада туы астында ғана қатысуға мүмкіндігі бар. Яғни, ресейлік спортшылар жеңіске жетсе, Олимпиада әнұраны шырқалады. Бұған қатысты пікірлер де екіге бөлініп отыр. Бірінші топ спортшылардың дүбірлі додада бейтарап ту астында бақ сынағанын құптайды. Екінші бір топ Ресей туы астында өнер көрсетпейтін болса, Олимпиадаға мүлдем қатысудың қажеті жоқ дегенді алға тартады. Ал осы бір тартысты мәселеге қатысты пікір білдірген Ресей президенті Владимир Путин алғашқы топтың ойын қолдайтындығын жеткізіп, Ресей спортшыларының Кореяда өтетін 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына бейтарап түрде қатысуына кедергі жасалмайтынын айтты. «Спортшыларымызға Олимпиадаға қатысуға кедергі болмаймыз. Олар бүкіл өмірін осы ойындарға дайындықпен өткізіп келеді, бұл олар үшін өте маңызды. Сондықтан, ешкімге тыйым салмаймыз», – деді Владимир Путин. Ресей басшысы спортшылардың олимпиадаға қатысуына кедергі болмайтындығын айтқанымен, Кремльдегі шенділер бұл тақырыпқа әлі де бас қатырып отырғаны анық. Әрине, әлі де бетбақтырмайтын мінез танытып, ХОК-тың шешімін мойындамауға болады, бірақ әлемнің көзі жеткен шындықты жасырып жабуға бола қоймас...Допинг дауының түбірі
Дүбірлі додаға қатысты даудың басы допингтен басталғаны жалпыға мәлім. Осыдан бір жарым жыл бұрын Риода өтетін Жазғы олимпиада ойындарының алдында канадалық профессор Ричард Макларен ресейлік допинг, допингтік сынақ үлгілері, Сочи олимпиадасының теріс тұстары жайлы баяндама жазып, Кремльмен «жаға жыртысып» қалған болатын. Осы даудан кейін Халықаралық олимпиада комитеті екі комиссия құрып, Маклареннің келтірген деректерін тексеруге кіріскен. Тексерудің нәтижесі ХОК-тың өткен аптадағы жиналысында белгілі болды. Яғни, Ресей Сочиде өткен Қысқы олимпиада ойындары кезінде антидопинг ережелерін өрескел бұзғаны нақтыланды. Сонда да, Ресей өз дегенінен қайтар емес. Әлі де «спортшыларымыз допинг қолданбады» дегеннен танар түрі көрінбейді. 2014 жылы Сочидегі олимпиада ойындары кезінде антидопингтік зертхананы басқарған Григорий Родченков Ресейдің мемлекеттік допинг бағдарламасы аясында және биліктің тапсырмасымен өзі ойлап тапқан атлеттердің ағзасында анықталуы қиын, бірақ ағзаға үлкен күш беретін химиялық қоспа туралы атышулы мәлімдеме жасаған еді. Осыдан кейін New York Times басылымы Сочидегі қысқы олимпиада ойындарына қатысқан ресейлік ондаған атлет, оның ішінде жүлде алған кем дегенде 15 спортшының «мемлекеттік допинг бағдарламасына» қатысы бар екендігін жазды. Родченковтың хабарлағанындай, ресейлік допингке қарсы сарапшылар мен арнайы қызметкерлер допинг іздері бар несеп үлгілерін құпия түрде бірнеше ай бұрын жиналған «таза» сынамаларға ауыстырған. Олар әр түн сайын бірнеше сағаттан бір шам ғана жағылған зертханада жұмыс істеп, несеп бөтелкелерін олардың сынаққа келесі күні дайын болуы үшін қабырғадағы құпия тесік арқылы беріп отырған. Родченковтың бағалауынша, Олимпиада ойындары өткізілген мерзімде Ресей спортшыларының 100-ге жуық «лас» допинг-сынамалары ауыстырылды. Ресей құрамасы Сочидегі олимпиада ойындарының медальдік есебінде 33 медаль (соның ішінде 13-і - алтын) иеленіп, жеңіске жетті. Ал Сочи олимпиадасында тыйым салынған препараттардан әзірленген «коктейльдің» күшімен алтыннан алқа таққан чемпиондардың қатарында шаңғышы Александр Легков, бобслеист Александр Зубков пен скелетонист Александр Третьяковтың есімдері аталды. Онсыз да қиын жағдайда қалған Ресейдің Спорт министрлігін одан әрі абыржытқан Родченков 2015 жылы қызметінен босатылғаннан кейін, Мәскеуден кетіп қалған. Содан бері Родченков Ресейдегі допинг қылмысын ашатын ВАДА-ның басты «көзі мен құлағы» болып жүр. Ал Григорий Родченков елден кету мақсаты дәл осы, яғни, Ресей спортындағы допинг былықтарын ашу болғанын айтудан қашпайды. Ресейден қашуға мәжбүр болған жеңіл атлет Степанова да талай былықтың бетін ашты. Родченков қазіргі уақытта Ресейдегі допинг мәселесіне қатысты басты куәгер. Әлі күнге дейін әлемдік басылымдардың бәріне түрлі пікірлер білдіріп, допинг дауының сырын ашуға барын салып жүр. Өткен аптада норвегиялық журналистерге сұхбат берген Григорий Родченков Сочи олимпиадасындағы ресейлік биатлоншылар мен шаңғышылардың допинг қолдануына қатысты дәлелдерді тізіп шығу үшін ұзақ уақыттың, өте көп қағаздың қажет екендігін айтып қалды. Оның сөзінше, Сочидегі допинг-бағдарлама өте ауқымды және ұзақ. Сондықтан, бұл бағдарламаның сырын ашу оңайға соқпайды.Астана айдағанға жүрмейді
Ресей өзінің Пхенчхандағы олимпиададан қол үзіп қалатындығын әуелден-ақ сезген секілді. Ал спорттық додадан шеттетілісімен көршілес елдерді «Ресей құрамасы олимпиада ойындарына қатыспаса, ниеттестіктерін білдіріп, олимпиададан бас тартуға» үгіттей бастады. Мәселенің төркіні Милоновтың сөзінде жатыр. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Виталий Милонов БРИКС құрамындағы елдер, Беларусь пен Қырғызстанның ұлттық олимпиада комитеттерінен Ресеймен ынтымақтастығының белгісі ретінде жарысқа қатыспауды сұрады. «Біздің елмен ынтымақтастықтарыңызды көрсетіп, Ресей құрамасы қатыспайтын болса, Олимпиададан бас тартуды ұсынамын. Біздің елдер үнемі солтүстік атлантикалық имперализммен бетпе-бет келіп жүр. АҚШ пен оның жақтастары әр уақытта елдерімізге саяси қысым көрсетіп, экономикалық тұрғыда бопсалап келді. Қазір Сэм көкеміздің басты нысанасы Ресей. Бірақ Батыстың экономикалық аранының тоқпағына ертең сіздің де Отаныңыз ұшырамайтынына кім кепіл?», – деп мәлімдеді Милонов. Депутаттың пікірінше, Ресей Халықаралық олимпиада комитетінің құрбаны болып отыр. Милоновтың осы бір мәлімдемесінен кейін қазақстандық спортшылар да, жанкүйерлер де Астанаға елеңдей қарады. Әрине, бәрінің көңілінде «биліктегілер көрші елді қолдаса қайтпекпіз?!» деген ой болды. Дегенмен, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Ресей Думасының депутаты Виталий Милоновтың сауалына қатысты пікір білдіріп, көпшіліктің көкейіндегі күдікті сейілтті. «Ресей президенті Владимир Путин аталған олимпиадаға қатысатын спортшыларға кедергі жасалмайтынын айтты. Олар жарысқа баратын болды. Ал Халықаралық комитет жарысқа тек «таза» спортшылар қатысатынын жеткізді. Олар допингті пайдаланбайды. Біз допингке мүлдем төзбеушілік қағидасын ұстанамыз. Сондықтан таза спортшылар үшін Олипиадаға жол ашық. Біз Олимпиадаға қатысамыз», – деді Сәкен Мұсайбеков. Ал бұдан кейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәселенің нүктесін қойып, Қазақстанның 2018 жылғы Қысқы олимпиада ойындарына қатысатындығын қадап айтты. «Бұл бір адамның пікірі. Және кез келген адам пікір айта алады. Ал енді біз әркімнің сөзіне жауап беріп жатсақ, бұл дұрыс емес. Қазақстандық спортшылар қызу дайындық үстінде. Қазіргі таңда біздің қоржынымызда 17 лицензия бар. Біздің мақсатымыз осы лицензияның санын арттыру және Олимпиадада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Демек, Милонов сындылардың сөзіне назар аударудың мүлдем қажеті жоқ. Ресей құрамасының Қысқы олимпиада ойындарындағы жағдайы белгілі болды. Бірақ допинг дауының мұнымен де бітпейтін түрі бар. Өйткені Григорий Родченков уақыт өткен сайын жаңа бір мәлімдеме жасап, жұртты аузына қаратып отыр. Ал Қазақстан спортшылары әдеттегідей өз Туының астында ел намысын қорғайтын болады. P.S: Ең өкініштісі, адамзат спорттың ең таза, ең әділ сала екеніне ежелден сеніп келген. Олимпиада хартиясының басты талабы да осы: әділ жарыс! Алайда Сочи олимпиадасынан соң «таза» спортшы, «таза емес» спортшы деген тіркестер сөздік қорымызға дендеп еніп барады. Ал допинг пайдалануды мемлекеттік бағдарлама негізінде жолға қою нағыз алаяқтық екеніне ешкім дау келтіре қоймас.