Алдамшы қызыққа уыстап ақша шашқан

Алдамшы қызыққа уыстап ақша шашқан

Алдамшы қызыққа  уыстап ақша шашқан
ашық дереккөзі
439
Жасыратыны жоқ, Жаңа жыл – жастың да, кәрінің де асыға күтер мейрамы. Онымен бірге ғажайып еріп келетіндей көріне ме, әйтеуір жылдың бір күніне бола асып-тасу әдетке айналған. Ең дәмді асты осы мерекеге дайындаймыз, ең әдемі көйлекті осы мейрамға киеміз. Тіпті, кейбіріміз бір жыл бойы еске алмаған туыс пен досты да осы күні іздейтініміз құпия емес. Жаңа жылға отбасы, ошақ қасы түгілі, ауыл, аудан мен қала көшелеріндегі дайындық та ерте басталады. Еліміз үшін ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күнін атап өткенше Жаңа жылға әзірлікті бастамаймыз деп бәтуалассақ та, баяғы жартас – сол жартас... Қазына қаржысынан мерекелік «еншісін» бөліп алғандар дайындыққа кірісіп кеткен секілді. Өзге қалалар қай істі бастаса да, әуелі Елордаға қарап елеңдейтіні белгілі. Жуырда Астанада желтоқсандағы мерекелерге орай қаланы безендіру тәртібі бекітілді. Соған сәйкес Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін, 18 желтоқсанда басталатыны белгілі болды. Астана әкімі қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында қаланың барлық аумағында осы талаптың орындалуын қадағалауды тапсырды. Елдің басты мерекесі атап өтілген соң шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компанясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтермек. Бұған қоса 2 жарық панносы, 18 жарық иллюминациясы, 52 жарық иллюминациялық аркасы, 5 көпір мен көлік жолайрығы орнатылатын болады. 3300 шағын және орта бизнес нысандарының қасбеті, 255 ағаш, 2 қала саябағы мен 1 гүлзар безендіріледі. Жаңа жыл қарсаңында қаланың әрін кіргізуге шағын және орта бизнес өкілдері де ынталы. Олар өз қаржыларына шаһар көшелеріне елуден астам шырша орнатып беруді ұсыныпты. Осы бір ұсынысқа қарап-ақ қоғамда қай мерекеге ынта-ықыластың ерек екенін аңғаруға болатындай. Алысқа бармай-ақ қояйық. Астана әкімінің Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен кейін басталады деген ескертуіне құлақ аспай, елордалықтарға мерекенің иісін сездіруге асыққан «Керуен», «Рахмет», «Хан Шатыр», «Сарыарқа» сияқты ойын-сауық орталықтарының ісіне не жорық? Олар қазірдің өзінде  жарқыраған шыршаларды орнатып, безендіру шараларын бастап кетті. Кейбір сауда дүкендері мен базарларда жаңа жылдық сыйлықтарды, безендіру құралдарын қараша аяқталмай сатылымға шығарған. Талапқа құлақ асқысы келмеген кәсіпкерлердің қылығы қала әкімі Әсет Исекешевтің құлағына жетіпті. Сөз ұқпағандарға ескертуді тағы бір шегелеп: «Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдылық сол мерекеге беріледі. Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын!», – деп әкім жетер жеріне жеткізіп-ақ айтты. Бірақ өз дегендерін ың-шыңсыз жасап жатқандар ескертуге құлақ аспайтын секілді. Еліміздің оңтүстік астанасында да дәл осындай жағдай. Алматы әкімдігі де Жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастамақ. Алайда қаладағы ірі сауда нысандары, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауға асыққан. Шыршасын орнатып, қызыл-жасылды шамдарын жағып, Жаңа жылдық жеңілдіктер мен акцияларын «айғайлатып» қойған кәсіпкерлер үшін бұл мереке – табысты еселеудің таптырмас мүмкіндігі. Тұтынушы тарту, пайда табу мақсатын алдыңғы орынға қоятындарға қай мерекенің қадірі қымбат екені айтпаса да түсінікті емес пе? Алматыда мерекенің басты шыршасы 18 желтоқсан күні жағылады. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңа жыл қарсаңында шаһарды безендіру үшін биыл аудан әкімдіктеріне 429 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға магистральді көшелерді ғана емес, қаланың 8 ауданының көшелері мен көпірлері жалпы ұзындығы 260 шақырым болатын гриляндамен, иллюминациялармен, 6800 дизайн элементтерімен безендіріледі. Шағын архитектуралық нысандар мен корнштейндер орнатылады. Қалалық Мәдениет және мұрағат басқармасы сатып алынған безендіру құралдары келесі жылы да пайдаға жарайтынын қаржы шамамен 10-15 жылға үнемделетінін ескертті. Көшедегі көрнекіліктер ұстағанның қолында кетпесе, әрине. Жыл сайын жергілікті тұрғындар тарапынан вандализм фактілері жиі орын алатынын әкімдіктегілер ашық айтып отыр. Олардың айтуынша, шырша ойыншықтары ұрланып, шағын архитектуралық нысандар қиратылады. Қып-қызыл ақшаға алынған бұйымдардың мереке аяқталғанша қаз-қалпында тұрарына кепілдік жоқ болғандықтан, үнем жайлы айтуға әлі ерте. Қалалар арасында шыршаның ең шырайлысын, ең қымбатын қою жарысы қыза түсетіндіктен бе, Жаңа жыл көпшіліктің ойында қылқан жапырақтылардың тамырына балта шабылатын мереке ретінде орныққаны жасырын емес. Бір-бірінен басып озу үшін желтоқсан айы басталмай жатып, жасыл шырша орнатып көзге түскен шаһарлар да бар. Мәселен, Өскемен қаласының қақ ортасына 25 метрлік қылқан жапырақты ағаш қойылды. Оны орманшылар сыйға тартқан деседі. Осылайша бір күндік мереке үшін мың жылдық шыршаның тамырына балта шабылды. Қала тұрғынын тамсантқан шыршаны әдемілеп безендіруге қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз. Жаңа жылдық дайындыққа былтырғыдан шамамен екі есе көп қаржы бөлген Атыраудың да бір ойлағаны бар сияқты. Жергілікті атқамінерлер Жайық бойында жарқыраған шырша тігуге 89 млн теңге жұмсамақ. Бәлкім былтырғы оқиғадан кейін сараңдық танытпауды жөн көрген болар. Өткен жылы мерекелік безендіруге 47 млн бөлген шенеуніктер ақша жеткізе алмай, әбігерге түскен-ді. Енді 2018-ді сән-салтанатпен қарсы алу үшін қаржыдан аянып қалмауға бекініпті. Ал ақтаулықтар биыл көрпесіне қарай көсілгенді құп көргендей. Қаланы жаңа жылға дайындау үшін бөлінген қаржы былтырғыдан аздау. Мерекелік безендіру жұмыстарына шамамен 14 млн теңге жұмсалмақ. Бұл қаржыға екі алаңда шырша тігіледі, көшелерге қызылды-жасыл шамдар орнатылады. Орал қаласында да жаңажылдық шараларды өткізуге 14 млн теңге бөлінген. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, бөлінген қаржының 4 млн теңгесі мерекелік безендіруге бағытталмақ. Өткен жылы бұл мақсатта 7,144 млн теңге бөлінгенін ескерсек, қала әкімдігінің үнемдеуді үйренгені қуантады. Биыл биіктігі 24 метр бас шырша жаңа алаңда орнатылмақ. Жаңажылдық шыршалар сондай-ақ, Абай алаңында (15 метр), қалалық мәдениет және демалыс саябағында, Жайық өзені жағалауында, «Лепесток», №20 орта мектеп алдындағы саябақтарда, Деркөл кентінде бой түземек. Жаңа жылға жылдағыдан аз қаржы жұмсаған өңірлердің қазына қаржысын үнемдегені ел ақшасын жылтыраққа оңды-солды шашудан тартынбайтын өзге аймақтарға үлгі. Алайда мемлекет қаражатына шын жанашырлықтың қандай болатынын Солтүстік Қазақстан облысы көрсетті. Биыл Петропавлда жаңажылдық шырша орнатуға және көшені безендіруге бір тиын да шығындалмайтын болды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мерекелік дайындыққа басы артық шығын шығармай, өткен жылғы безендіру құралдарын қайта қолдануды тапсырды. «Қалада былтырғы шыршалар, иллюминациялар мен шамдар бар. Соларды қолдану керек. Мұз қалашықтарын демеушілердің көмегімен салуға болады. Бізге бюджеттің қаражатын жұмсауды тоқтатқан жөн», – деді аймақ басшысы. Облыс әкімінің жергілікті қазына қаржысы бірінші кезекті қалалар мен ауылдарды абаттандыруға, жолдарды жөндеп, қалпына келтіруге, ауыз су жеткізуге, бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың мұқтаждарына, әлеуметтік мәселелерге бағытталатынын жеткізді. Петропавлда өткен жылы жаңажылдық шырша құрып, көшені безендіруге 8 миллион теңге, ал 2015 жылы 24 миллион теңге шығындалғанын ескерсек, облыс басшылығының биылғы шешімі – қуантарлық қадам. Ерте ме, кеш пе, еліміздің барлық өңірінде бірнеше күндік шоу үшін миллиондарды желге ұшыру тыйылар. Жылтыраққа бөлінген қаражатты қала мұқтажына жұмсағалы отырған Солтүстіктің, екі жыл бойы тамаша бастама көтеріп, жаңа жылдық шыршаға қажет 80 миллион теңгені Балалар үйіне аударған Оңтүстіктің ізгі ісін жалғаушылар көбейер. Солай боларына сенейік.      

Серіктес жаңалықтары