1921
Энергетикалық сусынға еріксіз байланғандар
Энергетикалық сусынға еріксіз байланғандар
Бүгінгі жастар шаршағанын басып, сергек жүру үшін энергетикалық сусындардың көмегіне жүгінеді. Тіпті, мұндай сусындарды қолдану кейінгі буын арасында сәнге айналғандай. Күш беретін «сиқырлы сусындарға» мектеп оқушылары да, студенттер де құмар. Бірақ мұндай сусындардың адам денсаулығына кері әсер ететіні жастарды мазалап жүрген жоқ. Энергетикалық сусындардың денсаулыққа зиян екенін медицина дәлелдесе де, еліміздегі сауда нүктелерінде еркін саудалануда. Ал өткен аптада болашақ ұрпақтың саулығы үшін алаңдаған Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков энергетикалық сусындар саудасына тыйым салуды ұсынды.
«Сиқырлы сусынның»
зияны сансыз
Энергетикалық сусын түрлерін көбінесе сынақ уақытында өздерін сергіту мақсатында студенттер, түнгі уақытта жұмыс жасайтын жұмысшылар, түнгі клубқа келушілер мен сонда жұмыс істейтін адамдар тұтынады. Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Бұл сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған, ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады. Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.
Энергетикалық сусындар адам денсаулығына өте қауіпті. Мұны кез келген медицина маманы растайды. Тіпті, сергіткіш сусындардың денсаулыққа, әсіресе жастар денсаулығына зиян екенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары да растаған. Сусындағы кофеин концентрациясы өте жоғары болса немесе оны алкогольмен араластырып ішсе, жасөспірім өліп те кетуі ықтимал. Алайда энергетикалық сусындардың қуат беретінін жақсы білетін жастар оның кері әсеріне назар салуға құлықсыз.
Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, еліміздегі 15 жастан асқан жасөспірімдердің 45 пайызы газдалған сусын ішеді екен. Оның ішінде синтетикалық кофеин, таурин, көмірқышқыл газынан тұратын энергетикалық сусындарды тұтынатындары да бар. Ал синтетикалық жолмен алынған кофеиннің зияны көп. Энергетикалық сусынның бір құтысында синтетикалық жолмен алынған кофеин 3-4 есеге жоғары. Бұл адам ағзасына кері әсерін тигізеді, сонымен бірге, тәттілік заты басым сусын қандағы қант деңгейін жоғарылатады. Одан кейін синтетикалық заттардың көп болуы зат алмасуды бұзады. Мамандардың сөзінше, жастайынан энергетикалық сусынды жиі ішетін жандардың клеткалары ластанып, ас қорыту жүйесінде қалдықтар жиналады. Зат алмасу процесі бұзылып, бауыр мен бүйрек жұмысы нашарлайды.
Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты деректерге көз салып өтелік. Мәселен, энергетикалық сусындарды пайдалануға байланысты шетелде бірнеше сот болған. Ирландиялық бір спортшы үш құты энергетикалық сусын ішкеннен кейін табан астында баскетбол алаңында жан тапсырыпты. Ал Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Тіпті, ресейлік мамандар да энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Осылайша олар да бұл сусыннан бас тартып отыр. Енді бізге қайтпек керек? Энергетикалық сусындардың қауіпті екенін біле тұра, оған неге тыйым сала алмай отырмыз?
Жуырда Калифорния ғалымдары энергетикалық сусындарды ең зиянды өнім деп бағалады. Яғни, Калифорниядағы америкалық кардиологтар энергетикалық сусындардың зиян екенін дәлелдеген. Олар зерттеу үшін Трэвис әуебазасының әскери қызметкерлеріне тәжірибе жасаған. Қызметкерлердің 75 пайызы энергетикалық сусындар ішкен. Кардиологтар зерттеуге қатысқан еріктілерді екі топқа бөліп, біріншісіне тек энергетикалық сусындар, екіншісіне құрамында кофеин бар сусын берген. Энергетикалық сусын ішкендерде QT интервалының 10 миллисекундқа ұзарғаны байқалған. Бұл жүрек қағысының аралығындағы үзіліс. Осы үзіліс не тым қысқа, не тым ұзақ болса жүрек жұмысы бұзылады. Бұл адам өміріне қауіп төндіреді.
Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді дегенге сенбейтін жан жоқ шығар. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы, яғни сергіткіш сусын ішкен адам өз энергия қорын пайдаланады. Сусын құрамындағы кофеиндік заттар адам бойындағы бір тәулікке жететін қуат мөлшерін 2-3 сағаттың ішінде жұмылдырып, адамның сол 2-3 сағат ішінде белсенділігін қамтамасыз етеді. Одан кейінгі тәуліктің басқа уақытында керісінше, депрессияға, зорығуға дейін алып келеді. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдың дірілдеуіне себеп болатын көрінеді.
Депутат ұсынысы қабылдана ма?
Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков Үкіметке жолдаған сауалында энергетикалық сусындардың құрамында зиянды заттардың барын, ол заттар жасөспірімдердің психологиясына кері әсер етіп, жүйке жүйесін құртатынын қадап айтқан. Сондықтан халық қалаулысы сергіткіш сусындарды сатуға тыйым салу қажет деп отыр. «Дәрігерлер өскелең ұрпақтың энергетикалық сусындарға тәуелділігін, мұндай сусындардың тосқауылсыз сатылатынын, жарнаманың көбейгенін айтып дабыл қағуда. Өйткені аталған сусын түрлері психотроптық зат санатында. Адамдардың жүйке жүйесін бұзады. Құқық қорғау органдары да энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтынатын жастар темекі мен есірткіге әуестеніп, бұзақылыққа жиі барады дегенді айтады. Сондықтан жасөспірімдер арасында осы сусындарды сатуға тыйым салу қажеттігін, сатылған жағдайда әкімшілік жаза тағайындау керектігін ұсынамыз», – дейді депутат. Халық қалаулысының ұсынысы орынды ма? Әрине, бұл бастаманы медицина мамандарының да, ата-аналардың да қолдайтыны даусыз. Дегенмен Үкімет бұл ұсынысқа қаншалықты назар салады? Осы жағы күмәнді болып отыр. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Энергетикалық сусындарға қатысты депутаттар бұған дейін де талай мәрте мәселе көтерген. Медицина мамандарының да бұл сусындардың кері әсерін айтып шырылдап жүргеніне сандаған жыл. Бірақ ешбірінің нәтижесі болмады. Адам денсаулығына зиянды сусындардың саудасына тыйым салуға не кедергі сонда? Шенділердің үнсіздігіне қарап, тиісті орган басшыларын ұрпақтың келешегі, ұлттың болашағы алаңдатпай ма деген ой еріксіз қаумалайды. Көршілес Қырғызстан үстіміздегі жылдың маусым айында кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салды. Билік мұндай шешімді бекер қабылдап отырған жоқ. Күш-қуат береді деп жарнамасы жер жарған сусындарды зерттеп-зерделеген ғалымдар «зиянды өнім балалардың денсаулығына қауіп төндіреді» деп дабыл қаққан болатын. Жастардың жаппай қызығушылығын тудырған мұндай энергетикалық сусындар дүкен сөрелерінде толып тұр. Оған қырғыз жастары сондай-ақ балалар да әуестеніп алған. «Құрамында алкоголі бар сусындар жасөспірімдердің денсаулығына зиян келтіреді» деп дәрігерлер дабыл қаққаннан кейін, тиісті шаралар қолға алынды. Енді 18-ге толмаған балаларға энергетикалық сусын сатылмайды. Қажет болса, сатушы төлқұжатын талап ете алады. Онда да күш береді деп жарнамаланатын сусындар тек арнайы дүкендерде сатылатын болды. Шешенстан энергетикалық сусындар саудасына әлдеқашан тыйым салған. 2014 жылы Шешенстан республикасының парламенті энергетикалық сусындар сату мен таратуға заңды түрде айыппұл енгізді. Шешенстан аумағында энергетикалық сусындарды сату мен таратуға салынатын айыппұлдардың көлемі 1,5 мың рубльден 2 мың рубльге дейін барады. Бұл мөлшер лауазымды тұлғалар үшін 3 мыңнан 4 мыңға дейінгі аралықты қамтиды. Бұған қоса, заңды тұлғалар үшін 30-40 мың рубль көлемінде айыппұл салып, тауарларды тәркілеу қарастырылған. Жалпы, Ресей елінде энергетикалық сусын тек кәмелеттік жасқа толған азаматтарға сатылса, Қытайда құрамында тыйым салынған үстемелер болуы мүмкін деген пайымдаумен дүкен сөрелерінен алынып тасталды. Дания, Түркия, Норвегия, Исландия сияқты мемлекеттерде, АҚШ-тың бірқатар штатында энергетикалық сусындарды сатуға мүлдем тыйым салынған. Еуропа елдерінің көбінде тыйым салынбағанмен, жасөспірімдерге сатуға болмайтын заң қабылданған. Швецияда кейбірі тек дәріханаларда сатылады. Энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияны туралы ескертулерді қазақстандық дәрігерлер де жасап жатыр. Бірақ біздің билік әлі де үнсіз. Алғаш кәсіби көлік жүргізушілері мен ұзақ қашықтықты игеруге ниеттенген спортшыларға арнап шығарылған энергетикалық сусынның тұтынушылары жыл санап артып келеді. Бүгінде елімізде энергетикалық сусындардың 10-нан аса түрі кездеседі. Сусындардың жарнамалары мен сан түрлі еліктіру бейнероликтері де еркін көрсетіледі. Кей деректерге иек артсақ, әлемнің 70 елінде энергетикалық сусындардың жылына 1 миллиард қалбыры сатылады екен. Мұның қаншасы Қазақстан нарығының үлесінде екенін нақты айта алмаспыз. Қалай десек те, бұл сусындардың қауіпті екендігіне мамандар ерекше назар аударып отыр. Ендеше, Денсаулық сақтау министрлігі мамандардың дабыл қағуына қарап, нақты бір қорытынды шығаруы тиіс. Олай етпеген жағдайда, дені сау ұрпақ тәрбиелеу мүмкін болмайтын түрі бар.