309
Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған 6-сынып оқушысы көпшілікті таңғалдырды
Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған 6-сынып оқушысы көпшілікті таңғалдырды
Алтыншы сыныпта оқитын алматылық оқушы Мирас Көшербаев шағын құс фабрикасын ашып, жеке кәсібін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мирас әр күн сайын өзінің құс фабрикасының жұмысын тексеріп барып қана мектепке жол тартады. Жас та болса жалынды өрен «Таmоs» физика-математика бағытындағы мектептің 6-шы сынып оқушысы.
Жас бала кішкентай кезінен-ақ квадрацикл сатып алуды армандаған екен. Мирастың әжесі немересіне квадрациклды сатып алуға ақшаны неге өзің таппасқа деп ұсыныс білдіріпті. Тіпті әжесі кәсіп бастау үшін алғашқы қаржыны немересінің қолына ұстатып, ақыры Мирас бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісіп кеткен.
«Үйдің ауласында бос жатқан үлкен алаң бар. Мирас өзінің кәсібі үшін осы аумақты пайдалануды шешті. Жазғы демалысында фазендада әкесіне көмектесті. Әкесі мал ұстап, көп болмаса да тауық асырайтын еді. Осы себепті, Мирас тауық асырауға мақсатты түрде кірісті», - дейді жас кәсіпкердің әпкесі Гүзәл Сағынтаева.
Жаңасын сатып алуға қалтасы көтермегендіктен, Мирас балапандарды асырауға арналған брудерлердің (жылы орынға қойылатын қорап) сызбасын интернеттен көріп, балапандарға арналған жылы «мекенжайды» өз қолымен жасап алған.
«Мирастың кәсібі осылай ілгері басты. Алдымен 100 балапан сатып алды. Бұл оның бірінші партиясы болатын. Қажетті жемді әр түрлі жеткізушілерден алды. Балапандарға талапқа сай келеді деген жемді берді. Тауықтарға антибиотик немесе гармондардан тыс, тек экологиялық таза жем түрлерін береді. 45-50 күн асырағаннан кейін туыстарына сатады. Бірінші партиядан түскен ақшаға Мирас тағы 200 балапан сатып алды», - дейді Гүзәл Сағынтаева.
Қазір бала кәсіпкер тіпті бір адамды жұмысқа орналастырып қойыпты. Мақсаты - тауықтың санын мыңға жеткізіп, қаз, үйрек, күркетауық секілді өзге де үй құстарын өсіру. Сонымен бірге, Мирас ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалайтын жеке дүкенін ашуды көздеп отыр.
«Мирастың кішкене кезінен еңбекке деген құлшынысы ерекше. Өзі де мал бағып өскен бала. Атамыз белгілі агроном Шыныбек бәрімізді жазда ауылдағы жұмысқа көмек қолын созуға үйреткен. Отбасымыздың еңбекке әуес болуының себебі сол атамыздың тәрбиесі деп ойлаймын», - дейді Гүзәл Сағынтаева.