Көк түтіннен шаршаған Бейжің ауаны тазартуға 4,5 млрд доллар жұмсады

Көк түтіннен шаршаған Бейжің ауаны тазартуға 4,5 млрд доллар жұмсады

Көк түтіннен шаршаған Бейжің ауаны тазартуға 4,5 млрд доллар жұмсады
ашық дереккөзі
342
Қытайдың үлкен қалаларындағы экологиялық ахуал оңала бастады, деп жазады Хабар 24. Билік бұл нәтижеге жылыту маусымы кезінде көмірді электр қуатымен алмастыру арқылы қол жеткізді. Қазір елдің солтүстік аймақтарындағы мегаполистерде көрсеткіш анағұрлым жақсарған. Осылайша Қытай 2020 жылға дейін көмір пайдалануды 60 пайызға дейін азайтпақ.  Бейжіңде электр қуатын пайдаланудың рекордтық деңгейі тіркелді. Қытай астанасында оның көлемі 17,8 млн кВт-ты құрады. Мамандардың айтуынша, жылытуды жаппай электр қуатына көшіруге байланысты энергетикалық жүктемеге күш түсті. Қазіргі жылыту маусымының ең қауырт шағында тоқты пайдалану өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артып отыр. Көмір жағуды азайтқаны ауа сынамасынан да сезілді. Қалада қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері 35 пайызға азайды. Бұл - соңғы 5 жылда болмаған көрсеткіш. «Көмір отынының орнын толтыру мақсатында Қытай қазір баламалы энергия көздерін дамытуға басты назар аударып отыр. 2010 жылдан бастап үкімет қоршаған ортаның сапасын бақылауға алды. Ал үлкен қалаларға ауаның ластану деңгейін 10 пайыздан асырмауы тиіс деген тапсырма жүктелді», - дейді Қаланы дамыту және қоршаған ортаны зерттеу орталығының директоры Пань Цзяхуа. Бейжіңдегі қатты отын жағып келген 1 миллионнан астам тұрғын үй тоқпен жылыту жүйесіне көшірілді. Энергетикалық жүктеменің 40 пайызы осы мақсатқа жұмсалып отыр. Мегаполистегі экологиялық ахуалдың жақсарғанын тұрғындар да сезгенін айтады. «Өткен жылдармен салыстырғанда биыл көк аспанды жиірек көретін болдық. Ешқандай маска кимей-ақ, жұмысқа көңілді барамын. Былтыр түтін күндері сыртқа шықпауға тырысатынмын, қазір олай емес», - дейді Бейжің қаласының тұрғыны Тао Лянь. Бейжің қаласының қоршаған ортаны қорғау басқармасы соңғы 2 жылда ауаны тазартуға 4,5 миллиард доллар жұмсады. Жылыту жүйесін электр қуатына көшіре алмай отырғандарға техникалық және материалдық көмек жасады. Енді мегаполистің әкімшілігі 2018-2022 жылдарға арналған жаңа жоспар әзірлеп жатыр. Қазір Қытай елдің солтүстік аймақтарын біртіндеп электр қуатымен қоса, табиғи газға да көшірмекші.  

Серіктес жаңалықтары