Алаш жерінде "ақылды қалалар" көбеймек

Алаш жерінде "ақылды қалалар" көбеймек

Алаш жерінде "ақылды қалалар" көбеймек
ашық дереккөзі
334
Өңірлердегі жылу беру маусымының барысы, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде көрсетілген технологияларды енгізу жағдайы, «Ақылды қалалар» жобаларын жүзеге асыру жайы кезекті Үкімет отырысында талқыланды.

Жиын басында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жылу беру маусымының барысы жайында баяндама жасады. Энергетика министрі тұтынушылардың электр қуатымен және жылумен толық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Министрдің сөзінше, электр стансаларында биылға жоспарланған жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Бүгінге дейін 8 энергетикалық блок, 57 қазандық, 35 турбина, 24 мың шақырым электр желісі жөнделді. Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев еліміздегі электр стансаларының отын қоймаларында 4,3 млн тоннадан астам көмір, 111 мың тонна мазут жиналғанын айтты. Ал орталық жылумен қамту аумақтарының қазандықтарында 792,4 мың тонна көмір, 108 мың тонна мазут жиналыпты. Сонымен бірге, Қанат Бозымбаев бұл бағытта орын алып отырған олқылықтарға да тоқталды. «Кейбір жерлерде жөндеу жұмыстары кешіктірілуде. Мысалы, 2015 жылы басталған Шардара су электр стансасында 2 гидрогенераторды жаңарту осы күнге дейін аяқталмаған. Осыған байланысты стансада су мақсатсыз, бос ағып жатыр. Оның жұмыстарын аяқтау тек келесі жылға жоспарланған. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет», – деді Энергетика министрі.

Одан кейін сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көмірді тасымалдаудың есебін жасады. Министр келтірген деректерге сүйенсек, елімізде көмір тасымалдауға арналған ашық вагон паркі 50 мыңнан асады. Жылыту маусымына әзірлік басталғалы 43,5 млн тоннадан астам көмір тасымалданып үлгеріпті. Бұл белгіленген жоспардың 98 пайызын құрайды. «Тасымалдауды толық қамтамасыз ету үшін жүк жөнелтушілер, жүк алушылар мен тасымалдаушы арасында ішкі республикалық тасымалда жүк жөнелту бойынша тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Жазғы уақытта көмір тасымалдау көлемінің тең бөлінуі қамтамасыз етілді», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға жылу беру маусымының барысын бақылауда ұстап отыруды тапсырды.

Әрі қарай Үкімет мүшелері ЭКСПО-2017 көрмесінде көрсетілген технологияларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын талқылады. Бұл мәселе жайында Энергетика министрі мен Білім және ғылым министрі баяндады. Жиында белгілі болғандай, Энергетика министрлігінің сараптамалық жұмыс тобы төрт бағыт бойынша ЭКСПО-2017 көрмесінің шетелдік павильондарында көрсетілген 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктеп алыпты. Енді іріктелген тізім ұлттық, жекеменшік компанияларға және әкімдіктерге жөнелтілмек. Айта кетейік, бұл тізім әлі де нақтыланады. «Әкімдіктер қазіргі уақытта енгізу үшін 40 технологияны іріктеп алды, оның төртеуі 2018 жылы енгізіледі. Ұлттық компаниялар өндіріске енгізу мақсатында 15 технологияны іріктеп алды, оның екеуі 2018 жылы енгізіледі», – деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесінің ғылым-білімді дамытуда жаңа идеялардың пайда болуына ықпал еткеніне тоқталды. Бұл ретте Премьер-министр облыстық әкімдіктерге жаңа технологияларды енгізу кезеңіне көшу жұмыстарын жалғастыруды міндеттеді.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – «Ақылды қалалар» жобасын жүзеге асыру барысы. Бұл мәселе бойынша ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Министр жобаны жүзеге асыру мақсатында қолға алынған шараларға тоқталды. Айта кетейік, Smart City тұжырымдамасы барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Дәурен Абаевтың сөзіне сүйенсек, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – еліміздің бес ірі қаласында Smart Astana, Smart Karagandy, Smart Ontystuk, Smart Almaty, Smart Aktobe секілді Smart City-ді дамыту.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы дайындалған. Бұл құжат Smart City технологияларын енгізудің негізгі ережелерін, тәсілдерін, мақсаттарын, басымдықтары мен міндеттерін айқындайды. «Жобалар мемлекет-жекеменшік әріптестігі, ақпараттандырудың сервистік моделі, бюджеттік қаржыландыру және жеке инвестициялар шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар жобаларды бенчмаркингті пайдалану, яғни үздік әлемдік және отандық тәжірибеге бағдарлау арқылы жүзеге асыру жоспарланған», – деді Дәурен Абаев. Үкімет отырысында «Smart City» жобасын жүзеге асыру мәселесі бойынша Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та есеп берді.

Үкімет отырысында заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарының орындалуы мен келер жылға арналған жоспардың жобасы да сөз болды. Бұл тақырып бойынша Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады. Әділет министрі Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының биылғы жылға арналған жоспары бойынша 28 заң жобасын әзірлеу көзделгенін, жыл бойы енгізілген түзетулерді ескере отырып, 22 заң жобасын әзірлеу жоспарланғанын жеткізді. Ал заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары бірауыздан бекітілді.

Жиын соңында Үкімет валютаны бақылау саласындағы заң жобасын мақұлдады. Бұл заң жобасында шетелдік ұйымдар филиалдарының қазақстандық контрагенттерімен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру ұсынылып отыр. Аталмыш заң жобасын Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қоятын болса, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Серіктес жаңалықтары