297
Жанармай бекетіне шабуыл жасаған қарақшылар әлі ұсталмады
Жанармай бекетіне шабуыл жасаған қарақшылар әлі ұсталмады
Петропавлда бензин бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар әлі ұсталмай жатыр, – деп хабарлайды 31 арна.
Арнаның хабарлауынша, «Қазмұнайгаз» жанармай құю орнында касса қызметкерін ұрып-соққан екі адамға облыс бойынша іздеу жарияланды.
Пеньково ауылының маңындағы «Қазмұнайгаз» бекетіне жасалған қарақшылық шабуыл 31 желтоқсан күні кешкі сағат ондар шамасында болған. Бетпердемен жүздерін жасырған белгісіз екі адамның бірі бекет күзетшісіне, екіншісі кассадағы әйелге жұдырық ала жөнеледі. Бірақ кассадағы қаржыны қолды етпек болғандарға қолына таяқ алған күзетші мен ешбір қарусыз тойтарыс берген кассир кедергі келтірген.
Тіпті, өзінен әлдеқайда кеуделі азаматтармен арпалысқан әйел бірінің бетпердесін жұлып алған. Ал күзетші қарақшылардың біріне төрт рет оқ атқан. Сондықтан қаскөйлердің біреуі дене жарақаттарымен ауруханаға түсуі мүмкін. Бекет басшылығы батыл кассирдің ерлігі еленіп, қызметкерге жалақысына қоса сыйақы тағайындайтын болыпты. Аямай опық жеген 52 жастағы Татьяна бірнеше жарақат алып, уақытша еңбекке жарамсыз болып қалған. Үш күн өтсе де қарақшыларды полиция әлі таба алмай отыр.
«Іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы үшін арнайы жедел тергеу тобын құрдық. Жігіттердің бетпердемен жұмыс істеуі істі кішкене ауырлатып отыр», – дейді СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Сағындық Жантеміров.