487
Ирандағы наразылық жалпыхалықтық төңкеріске ұласуы мүмкін
Ирандағы наразылық жалпыхалықтық төңкеріске ұласуы мүмкін
Жұмыртқа мен тауық етінің қымбаттауынан басталған ирандықтардың наразылығы жалпыхалықтық төңкеріске айналып кетуі мүмкін, – деп хабарлайды 31 арна.
Арна тілшілерінің хабарлауынша, Иранның ең ірі төрт қаласындағы шеруде көшеге шыққан жұрттың әлеуметтік талаптары саяси талаптарға ұласты. Иран басшылары шеруге шыққандарды шетінен тұтқындап, елдегі әлеуметтік желілерді бұғаттап тастаған. Тіпті, 20 шақты адам қаза болды. Ал еліміздегі саяси сарапшылар Ирандағы толқудың Қазақстанға әсері қандай болатынын болжай бастады.
Наразы халықтың басым бөлігі жастар. Тіпті, Иранның ресми орындары тұтқындаған адамдардың 90 пайызы 25 жасқа толмаған. Сондықтан үкімет бұл «жастардың бүлігі» деп көрсетуге тырысқан. Жастардың басты талабы қымбатшылықты жою, жұмыссыздықты азайту. Наразы халық енді «басшылар орын босатсын» деп ұрандатуда. Халықты барынша сабырға шақырған ел президенті толқудың артында АҚШ, Ұлыбритания және Сауд Арабиясы тұр дейді.
Ал АҚШ тарапы Ирандағы жағдайға байланысты Біріккен ұлттар ұйымында шұғыл басқосу ұйымдастырып жатыр. Қауіпсіздік кеңесі қаза болғандар мен қамауға алынғандар мәселесін талқыламақ. Ал барлық ақпаратты батыстық басылымдардан алуды жөн көретін саясаттанушы Әзімбай Ғали Ирандағы толқулар басылады деп болжайды. Одан бөлек, Иран билігі Қазақстан қамбасындағы астықтан көбірек сатып алуы мүмкін дейді.
Бұған дейін Каспий теңізіндегі үлес бес елге теңдей бөліну керек деген Иранның аптығын Ресей басқан. Сарапшылардың пікірінше, маңайындағы елдерде Иранға одақтас мемлекет те жоқ екен. Араб әлеміне де сыйы қалмаған бұл елде халық талабы толық болмаса да орындалуы мүмкін.