Құпия сыр бүккен биткоин

Құпия сыр бүккен биткоин

Құпия сыр бүккен биткоин
ашық дереккөзі
685
Биткоин – сандық валюта, интернет желісінде ғана жұмыс істейді. Аталған валюта арқылы ғаламтордан кез келген тауарды сатып алуға болады. Мұны ешбір мекеме, банк бақыламайды. Осы ретте, ешқандай мекеме бақыламайтын биткоин арқылы сауда жасау алаяқтыққа соқтырмай ма деген күмән туындайды. Мамандар да бұл сандық валютамен жұмыс істеудің әлі толық қауіпсіз еместігін жасырмайды. Бірақ бұған назар аударып жатқан жан жоқ. Керісінше криптовалюта бүгінгі күннің басты трендіне айналып отыр. Тіпті, жақын болашақта әлемдік танымал валюталардың өзін ығыстыруы ықтимал. Өйткені халықаралық сарапшылар 2018 жылы кейбір елдер криптовалютаны ресми түрде бекітуі мүмкін деп болжауда. Дегенмен әзірге мемлекеттердің криптовалютаға деген көзқарасы әрқилы. Мәселен, өткен жылы Аустралия, Германия, Нидерландтар, Жаңа Зеландия, Сингапур биткоинды ашық насихаттаса, Индонезия, Қытай, Ресей, Украина мемлекеттері шектеу қойған. Чехия билігі криптовалютадағы стартап жобаларға тыйым салмаса да, жұмыстарына кедергі келтірмейді. АҚШ-та криптовалюта жергілікті деңгейде ғана мойындалған. Ал 2017 жылдың басында Еуропалық одақ электронды валютаға еркіндік беріп, Еуропалық сот «биткоин мен өзге де виртуалды валюта операцияларына қосымша құн салығы салынбау керек» деген шешім шығарды. Өткен жылдың соңына таман Венесуэла президенті Николас Мадуро өздерінің жеке криптовалютасын енгізетіндігін мәлімдеді. Мадуроның мәлімдемесіне сүйенсек, криптовалюта «El Petro» деп аталмақ. Ал Қазақстан криптовалюта туралы заңнаманы жетілдіруге кіріспек. Көршілес Ресей аталмыш заң жобасын алдағы маусым айында қабылдайды. Беларусь өзінің атақты технопаркінде криптовалютамен есептесуге рұқсат берген. Және 2023 жылға дейін ешқандай салық салынбайды. Қалай десек те, өткен жылы биткоин валютасының танымалдығы арта бастады. Жасыратыны жоқ, 2017 жыл биткоин валютасы үшін «рекорд жылы» болды. Тіпті, жұрт назары аталмыш сандық ақша құнының көтерілуі мен түсуінде болды десек артық айтқандық болмас. Биткоин бағасы өте құбылмалы, бір жыл ішінде 47 есеге өсті. Мәселен, өткен жылдың басында бір биткоин 1000 доллар болса, желтоқсанда 20 мың долларға дейін өсіп кетті. Бірақ желтоқсан айының соңына таман биткоин құны құлдырай бастады. Сарапшылар мұның бірнеше себебін атады. Ең алдымен, Bitcoin.com компаниясының негізін қалаушы Эмиль Олденбург өзінің бүкіл биткоинын сатып жіберген болатын. Онысымен қоймай, көзге көрінбейтін ақшамен сауда жасаудың болашағы жоқ деп салды. Одан кейін Сингапурдың қаржы-несие басқармасы мәлімдеме жасап, криптовалютаға құйылған инвестиция үлкен қатерге бас тігу екенін ескертті. Осы жаңалықтар биткоинді біраз әлсіреткен сияқты. Алайда халықаралық сарапшылар биткоин құнының әлі де өсетіндігін айтуда. Тіпті, биылғы жылы биткоин бағасы 50 мың долларға дейін жетуі мүмкін.  

Серіктес жаңалықтары