Мың жылдық шаһар һәм бір күндік мұз

Мың жылдық шаһар һәм бір күндік мұз

Мың жылдық шаһар һәм бір күндік мұз
ашық дереккөзі
807
Қақаған қыста шаһарлардың шырайын келтіретін – мұздан қашалған қалашықтар. Тіпті, соңғы жылдары мұз қалашықтарын салу әлемдік трендке айналып кетті. Қалаға көрік беретін мұз қалашықтары тұрғындардың да демалыс күндерін есте қаларлықтай өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан да аязы бет қаритын Астана әкімдігі бірнеше жылдан бері қыс мезгілінде мұз қалашықтар тұрғызуды дәстүрге айналдырды. Бұл – жақсы бастама. Бірақ күн жылынысымен еріп кететін мұндай демалыс орындары үшін миллиондаған қаражат жұмсаудың қажеті бар ма?

Қазақтар мұз мүсінге неге құмар?

Жалпы, Астана жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында ертегілер әлеміне айналып, бас қала адам танымастай өзгереді. Осы әдеттен танбаған Астана қаласының билігі биыл да елорда тұрғындары мен қонақтарының қысқы демалыстарын ұйымдастыру үшін мұз қалашықтарын тұрғызды. Негізгі және ең үлкен мұз қалашығы ЭКСПО көрмесінің аумағында орналасқан. Астанадағы мұз қалашықтың тақырыбы – «ЭКСПО – 2017» Болашақтың энергиясы» деп аталды, сондықтан Лондонның Гайд-паркінде 1851 жылы ашылған бірінші ЭКСПО көрмесі мен 1889 жылғы көрмедегі кіреберіс қақпа – Эйфель мұнарасының мұз көшірмесі қойылды. Бұдан бөлек қалашықта мұздан жасалған шырша композициялары, танымал кинокомикстер мен мультфильм кейіпкерлерінің мүсіндері, биіктігі 6 метр болатын Диснейлэнд сарайы мен футуристік стильде орнатылған мұз мұнаралар, сонымен қатар түрлі түсті мұздан Аяз Ата мен Ақшақардың мүсіндері, түрлі жарық-иллюминациялық шағын архитектуралық пішіндер жасалды. Ал жарық-динамикалық жарықтандырылған мұздан жасалған лабиринт кішкентай қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Оның ұзындығы 80 метрден асады. Тағы бір мұз қалашығы қалалық әкімдік алдындағы алаңда ашылды. Онда да ЭКСПО аумағындағыдай үлкен және екі кішкентай сырғанақ бар. Мұнымен қоса мұздан Аяз Ата мен Ақшақардың мүсіндері, Шығыс күнтізбесіндегі шоқжұлдыздардағы 12 жануардың мүсіндері қойылды. Үшінші мұз қалашығы «Студенттік» саябақта орналастырылды. Мұнда да үлкен сырғанақ жасалды. Өткен жылы мұз қалашықтар «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының жанында, қалалық әкімдік жанындағы алаңда, Есіл өзенінің жағалауында, «Студенттер» паркінің жанында орналасқан болатын. Бір қуантарлығы, биылғы жылы көрген жанның көзін қуантатын көркем көріністерді салуға қазақстандық суретшілер мен дизайнерлер жұмылдырылған. Өткен жылдары бұл міндет шетелдік мамандарға жүктелген еді. Астана әкімдігі өкілдерінің сөзінше, бұрын қазақстандық мамандардың мұз қалашығын тұрғызуда тәжірибесі болмаған. Сондықтан елорда төрінен орын алған мұз қалашықтарының құрылысын жүргізу үшін мамандар шетелден шақыртылған. Ал қазір отандық суретшілер мен дизайнерлердің біліктілігі артып, тәжірибесі толысып, мұз қалашықтарының жұмысын өз қолдарына алған көрінеді. 2015 жылы Астанадағы мұз қалашығын салу ісі қытайлық мамандарға сеніп тапсырылды. Ол уақытта Қытайдың Харбин қаласынан 70 дизайнер мен мүсінші шақыртылды. Мамандардың дәл Харбин қаласынан шақыртылуының да өзіндік сыры бар. Қытайдың солтүстік-шығысында орналасқан бұл шаһарда 30 жылдан бері мұздан жасалған мүсіндердің фестивалі өткізіліп келеді. Одан бөлек Харбин қаласынан келген дизайнерлер мен мүсіншілер түрлі түсті мұз бен қарды әзірлеудің технологиясын жақсы меңгерген. Сондықтан қытай мамандарының мұз қалашығын тұрғызуда тәжірибесі мол. Айта кетейік, Харбиндегі мұз мүсіндерінің фестивалі биыл да жалғасын тапты. Кезекті фестиваль 6 қаңтар күні басталды. Биыл Харбинде 14 елдің өкілдері өз туындыларын ұсынып отыр. Мүсіншілердің арасында кәсіби мұзға бедер салушылар да бар.

Мұз мүсінге жұмсалған миллиондар

Жыл сайын елордада мұз қалашығының құрылысы үшін миллиондаған қаржы бөлінеді. Бірақ мұздан салынған уақытша қалашықтарға нақты қанша қаражат жұмсалатындығы әлі күнге белгісіздеу. Қоғамымыз қанша шығын кететініне онша қызықпай ма, әйтеуір «Ій, оны біліп не керек?», – деп қолын сілтей салатындардың саны көп. 2017 жылдың соңына таман Астана қаласының мәдениет және мұрағаттар мен құжаттар басқармасы елордадағы мұз қалашығының көлемі мен бюджеті ауа райына байланысты болатындығын ғана хабарлады. «Бюджетке келсек, оны айту қиын. Қазір жұмыстарымызға түзетулер енгізіп жатырмыз. Егер кеш бастап жатсақ, тағы да жұмыс күштерін жұмылдыруға тура келеді. Әзірге дәл соманы айта алмаймыз. Қалалық әкімдік мұз қалашығын салуда кәсіпкерлерге де есік ашқан. Оларға арнайы жер беріп, электр сымдарын өткізіп беруге қолдау көрсетіп отыр», – деп мәлімдеген Астана қаласы Мәдениет және мұрағаттар мен құжаттар басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина. Содан бері мұз қалашықтарын тұрғызуға қанша қаражат жұмсалғаны әлі де жарияланбады. Бізге тек Астана қаласының 2017 жылы қаланы мерекеге орай безендіру үшін 381 миллион 437 мың теңге жұмсағаны ғана белгілі. Тарқатып айтар болсақ, Алматы ауданында – 190 млн 759 мың, Сарыарқа ауданында 32,5 млн, Есіл ауданында 158 млн 178 мың теңге жұмсалған. Ал мұз қалашықтарына кеткен шығын да осы қаржының ішінде қарастырылған шығар, сірә?! Мұз қалашықтары Астана қаласында ғана тұрғызылған жоқ. Еліміздің бірқатар шаһарларында тұрғындар мұздан жасалған мүсіндерді тамашалауға мүмкіндік алды. Мұндай қалалардың қатарында Көкшетау, Қостанай, Семей бар. Көкшетауда тұрғындар мен қонақтарға жаңа жылдық көңіл күй сыйлау мақсатында шаһарды әрлеу барысында мұз қалашығына да назар аударылды. Жалпы, Ақмола облысының орталығында қаланы жаңа жылдық безендіруге 19 млн 500 мың теңге қарастырылған. Ал Қостанайдағы безендіру жұмыстарына 18 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 млн теңгеге артық. 2017 жылы шаһарда үш мұз қалашығы мен лабиринті салынды. Қостанайдың орталығында Аяз Ата мен Ақшақардың, ертегі кейіпкерлері мен биылғы жыл иесі – иттің мұздан жасалған бейнесі орналастырылды. Семей қаласының алаңдарында мұздан жасалған 10 мүсіндер тобы жасалды. Бұл жұмысты атқарған мердігерлер қызметіне 2,4 млн теңге жұмсалыпты. Ресейдің Екатеринбург қаласы да мұз қалашықтарымен танымал екені белгілі. Жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында мұздан сарай тұрғызатын шаһар тұрғындарға тамаша демалыс сыйлау үшін қаржысын аяп қалмайды. 2017 жылы Екатеринбург мұз қалашықтарын салуға 22,9 млн рубль жұмсады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 млн рубльге артық. Жаңажылдық мұз қалашықтары 2018 жылы өтетін футболдан әлем чемпионаты мен Екатеринбург қаласының 295 жылдығына арналып салынды. Ал қала билігі 2015 жылы мұз қалашықтарын салуға 19,3 млн рубль жұмсаса, 2014 жылы 18,7 млн рубль шығындады. Қарап отырсақ, Екатеринбургтің мұз қалашықтарына жұмсаған қаржысы жыл санап артып келеді екен. Ал Ресей құрамындағы Удмурт республикасының астанасы – Ижевск қаласында мұз қалашығын тұрғызуға 2,2 млн рубль жұмсалыпты. Мұнда өткен жылы да мұздан қала салуға осындай сомада қаржы бөлінген болатын. Бурят ресупбликасының бас қаласы Улан-удэде де мұз қалашықтарының құрылысына 2,4 млн рубль жұмсалған екен. Қала тұрғындарының бәрі бірдей мұндай мұз қалашықтарын тамашалауға құмарта бермейді. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, кейбір қала тұрғындары «тез еріп кететін миллиондарға» оң көзқарас танытпайтын көрінеді. Қала қазынасынан жұмсалатын миллиондаған қаражаттың халық үшін қажетті басқа салаға жұмсалғанын қалайтындар біздің елімізде де жетерлік. Жалпы алғанда, бюджеттің миллиондаған қаржысының екі-үш айда су болып еріп кететіндігі көңілге кірбің түсіреді. Әкімдіктегілер мұз қалашықтарына қанша қаражаттың жұмсалғанын ашық айтпаса да, аз ақша еместігін қарапайым халық жақсы ұғынады. Сондықтан уақытша сауық-сайранға жұмсалған қаражатты мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерді бітіруге неге жұмсамайды деп күңкілдейтіндердің де уәжі теріс деуге тіліміз бармайды. Бір жағынан, шаһарлардың шырайын келтіретін мұз қалашықтардың болғаны да жөн секілді. Халықтың көз қуантып, мұздан жасалған қалашықты тамашалағаны да ғанибет емес пе? Бұл да қақаған қыста әдемі демалыс орны. Қыстың күні саябақта серуендеудің сәні келіспейтіндіктен, мұз қалашықтарды аралау тұрғындардың тынығуына үлкен мүмкіндік береді. Алайда бірнеше айлық сұлулық үшін миллиондардың мұздай еріп кететіні де көңілді түсіреді. Қалай десек те, миллиондаған қаржыға мұз қалашықтары салынды. Енді жұртшылық жасалған дүниенің рахатын көргені дұрыс.

Серіктес жаңалықтары