383
Кибершабуылға қарсы әрекет жасамағандар жауапқа тартылады
Кибершабуылға қарсы әрекет жасамағандар жауапқа тартылады
Елімізде кибершабуылдарға қарсы қам-қарекет жасай алмағандар заң алдында жауап беретін болады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, Үкімет киберқауіпсіздік саласын жетілдіру мақсатында осындай шешім қабылдады. Себебі таяуда қазақстандық бірнеше сайт вирустық шабуылға тойтарыс бере алмай, құнды мәліметтер ұрланған. Оның үстіне, электронды үкімет порталына төнген қауіп те сейілер емес.
«Еgov.kz» – мемлекеттік құнды деректер мен азаматтардың жеке бас мәліметі жинақталатын елдегі ең маңызды ақпараттық жүйе. Бұл порталдың киберқауіпсіздігі жан-жақты күшейтілген. Бірақ күн өткен сайын хакерлік шабуылдар азаяр емес. Өткен жылдың өзінде қазақстандықтардың тең жартысы қолданатын электронды үкімет қызметіне 100 мыңнан астам киберсоққы жасалған.
«Былтыр біздің киберқауіпсіздігімізге қатысты 60 миллиардтан аса оқиға тіркелді. Оның 100 мыңы ақпараттық жүйелер жұмысын нақты бұзуға бағытталды. Бірнеше рет хакерлер өз дегеніне жеткен кездер болды. Абырой болғанда, қауіптің бетін тез қайтара білдік. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбасы үшін жұмыс істеп жатырмыз», – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ атқарушы директоры Виталий Ли.
Жыл басында отандық ғаламтор кеңістігінде кибершабуылдың тағы бір толқыны байқалды. Хакерлердің кесірінен ең алдымен жекеменшік сайттар зардап шекті. Бір ғана бухгалтерлік «balans.kz» порталынан 10 мыңнан аса мәлімет ұрланып, кейін хакерлік жабық форумдардың бірінде саудаланған. Дегенмен жауапты органдар жағдайдың қазір тұрақталғанын хабарлады.
Бұдан былай елімізде компьютерлік вирусқа мезгілінде қалқан қоймаған сайт иелері заң алдында жауап береді. «Хакерлік айла-тәсілдерге дәрменсіздік танытқандар енді қауіпсіздікке айрықша ден қоюы тиіс», – дейді мамандар. Айта кетейік, кейбір мемлекеттік органдар да ақпараттық жүйелерін тек тоқсан сайын тексеріп, қауіпті вирустардың кең таралуына жол беріп отыр. Бұл жағдайға IT саласындағы білікті мамандар тапшылығы себеп.
Жалпы қоғамда ақпараттық технологиялар кеңінен таралып, пластикалық карталы құжаттар да көп қолданылып келеді. Сондықтан азаматтардың жеке бас мәліметі һәм мемлекеттің құнды құпиясы қолды болмас үшін қауіпсіздікті жан-жақты күшейту қажет.