235
Озықтан сабақ алмай сансыраған
Озықтан сабақ алмай сансыраған
Елімізде медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі 2020 жылға шегерілді. Биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап іске қосылуы тиіс жобаға жарна төлеу енді екі жылдан кейін қолға алынбақ. Денсаулық сақтау министрлігі қолға алған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасының «жыры» басталғалы талай жыл өтті. Жылдар бойы аталмыш жүйені енгізудің дұрыс-бұрыстығын әлі анықтай алмай келеміз. Енді медициналық сақтандыру жүйесін енгізу кейінге қалғандықтан, жұрттың көкейінде тағы да күмән пайда болатыны рас. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі неге кейін шегерілді?
Статусы анықталмаған 3 миллион адам
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бастапқыда 2018 жылдан бастап қолданысқа енеді дегенімен, Денсаулық сақтау министрлігі оны 2020 жылға дейін шегеріп отыр. Әуелде Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді кейінге шегеру мәселесі бойынша парламентке заңнамалық өзгерістер ұсынған болатын. Сөйтіп, Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін екі жылға шегеру туралы заңға қол қойды. Елбасы бұған дейін жаңа жүйедегі кемшіліктерге тоқталып, оны енгізуге асықпау қажеттігін айтқан болатын. «Бізде 2,7 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарында. «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам» деген сөз әлемнің қай түкпірінде қолданылады? Бұл – салықтан жалтару деген сөз. Денсаулық сақтау министрі, мен дұрыс айтып тұрмын ба? Осындай мәселе туындап тұрғанда сіз неге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеміз дейсіз? Халықтың бір бөлігі медициналық қызметті тегін алып жатқанда, келесі бір бөлігі «мен неге төлеуім керек?» дейді ғой. Мұны реттеу керек», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министріне қарата. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысын кейінге қалдыруды мамандар дәл осы статусы анықталмаған азаматтардың көптігімен байланыстырып отыр. Бүгінгі күні 3 миллионға жуық адамның нақты статусы анықталмаған. Тиісінше, олар мемлекет есебінен төленетін категорияға да жатпайды. Өзін-өзі қамтамасыз ететін бұл топ арасында жеке кәсіпкерлер, жалданып жұмыс істейтін, алайда әлеуметтік төлемдері жүрмейтін адамдар бар. Алдағы 2 жыл ішінде осы топтың нақты статусын анықтау жоспарланған. Әйтпесе, осынша көлемдегі халықтың жоспарлы медициналық көмектен қағылу қаупі бар. Айта кетейік, медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу мерзімі алғаш рет кейінге шегеріліп тұрған жоқ. Бұған дейін мемлекеттің қорға төлейтін жарнасының мерзімі 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылған болатын. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың қорға жарна төлеуі 2017 жылдың қаңтарынан шілдесіне ауыстырылса, мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейтін болып бекітілген. Алғашқы топ үшін жарна төлеу басталғанымен, мемлекеттің қорға аударым жасауы тағы екі жылға шегерілді. Медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асырудың кейінге шегерілуі туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Ерік Байжүнісов былай дейді: «Жұртшылық тарапынан айтылған сыни пікірлер мен елбасының тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Қазір заң жобасына қол қойылды. 2021-2022 жылдарға дейінгі екі жылдық өтпелі кезең жаңа заңда да сақталады. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі кешенді түрде шешуді талап етеді. Мұны мемлекет басшысы да айтқан болатын. Бұл мәселені шешіп, қызметін заңдастырмағандарды көлеңкелі айналымнан шығару үшін цифрландыру жұмыстарын жүргізу қажет. Барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, тұрақты жұмысы жоқ, өз күнін өзі көріп жүрген тұрғындарды экономикаға тарту шараларын қолға алуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттің қолдауына шынымен зәру азаматтардың нақты саны анықталады. Олар кімдер? Шын мәнінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар саны қанша? Бұл жағын анықтау алдағы уақыттың еншісінде».Қордағы қаржы қайда жұмсалады?
Жалпы, жұмыс берушілер үшін төлем жасау өткен жылдың 1 шілдесінен бері жүргізіліп келеді. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қордағы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымы мен төлем мөлшері 32,1 миллиард теңгені құрады. Аталған соманың 26,4 миллиард теңгесі (82,2 пайызы) азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде жұмыс істейтін жұмыс берушілер, 5,7 миллиард теңгесі (17,8 пайыз) жекеменшік кәсіпкерлер тарапынан келіп түсті. Аймақ бойынша ең көп сома Алматы, Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан түскен. 2020 жылы бұл ақша 206 миллиард теңгеге жетуі тиіс. Жоба уақытша тоқтатылғанымен, Үкімет салым жинауды жалғастыра беруге бел байлап отыр. Егер былтыр сақтандыру қорына салым 1 пайызбен аударылса, 2018 және 2019 жылдары бұл көрсеткіш 1,5 пайызға дейін көтерілмек. Ал 2020 жылы 2 пайызды, 2022 жылға қарай 3 пайызды құрайды деп те жоспарланған. Сондай-ақ, биыл министрлік өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың да салым мөлшерін қайта анықтап, бекітуі тиіс. Жалпы, елімізде мұндай санатта тұрған 2 миллионға жуық адам бар. 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар, т.б. үшін жарна аударады. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөлшері статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4 пайызын құрамақ. Өткен жылдың шілдесінен бері жарна аударып келе жатқандар қордағы қаржыға алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың алаңдауы да себепсіз емес. Тіпті, депутаттар медициналық сақтандыру қорындағы ақша зейнетақы қорының ізін қайталамай ма деп күдіктенген еді. Бұл сұраққа Ерік Байжүнісов: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, Қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. Екі жылдан кейін қаржы медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Оны басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған», – деп жауап берді. Қазақстанда ай сайын денсаулық сақтау саласына 30 миллиард теңге бөлінеді. Сала мамандары мұның аздық ететіндігін жиі айтады. Қажетті қаржы 50 миллиард теңгені құрау керек дейтіндер де бар. Ал сақтандыру жарнасынан құрылған қор бұл олқылықтардың орнын толтырмақ. Яғни, медициналық сақтандыруды денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көзі деуге әбден негіз бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласына бөлінетін жалпы қаржы көлемі артады. Қаржы көбейгендіктен, медициналық мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, жаңадан заманауи аппараттармен қамтамасыз етілмек. Мамандардың біліктілігін арттырудың маңыздылығы артып, жастарды шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігі молаяды. Ал азаматтардың медициналық қызметтер үшін қалтасынан төлейтін шығындары азаятын болады. «Жалпы, сақтандыруды енгізудегі мақсат медицинаны қосымша қаржыландыру. Өйткені бюджеттен бөлінетін қаржы технологиясы күн сайын қарыштап, тарифі шарықтап бара жатқан денсаулық сақтау саласына жетпейді. Бізде медицинаға бөлінетін қаражат ЖІӨ-нің екі пайызына да жетпейді. Бірақ халықты кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамту үшін қосымша тағы 500 млрд теңге қажет. Оны бюджеттен бөлуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан әр сала берілген қаржыны барынша тиімді жұмсауға тырысуы керек», – дейді Ерік Байжүнісов.Егделер Кореяда емделгенді жөн көреді
Бұл жүйе бәсекеге қабілетті медициналық орталықтардың сапалы қызмет жасауына жол ашады дейді мамандар. Мысалы, сапалы қызмет көрсетеді деген кез келген емханаға емделушінің тіркелу құқы болады. Содан кейін оның сақтандырушы жарнасы сол тіркелген емханаға тікелей аударылады. Жарна төлеуші тіркелген емханадан барлық медициналық көмекті ала алады. Ауыр ота жасату үшін жолдаманы сол емхана береді. Алайда тіркелуші емхананың қызмет көрсету сапасына көңілі толмаса, жылына екі рет басқа емханаға қайта тіркелуіне құқы бар. Осылайша, кез-келген орталық сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Себебі емделуші бас тартса, емхана сақтандыру жарнасынан айырылып қалады. Сақтандыру жүйесінің 2020 жылдан енгізілетініне қарамастан, емханалар қазірден бастап заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталып, ең мықты деген мамандармен келісімшарт жасауға тырысуда. Сақтандыру жүйесі іске қосылғанға дейін талапқа сай қызмет көрсетіп, ел сеніміне кіру үшін барын салады. Бұл бір жағынан қаржының сыртқа кетпеуіне оң ықпал етеді. Қазір кей адамдар қыруар қаржы жұмсап, шетелде емделіп жүр. Бізде көбінесе егде кісілер Корей еліне барып емделгенді жөн көрсе, жас балаларды Ресейге барып емдетеді екен. Өйткені тұрғылықты жердегі мамандарға сенбейді. Бірақ жүйенің жыл сайын кейінге сырғытылуы халықтың көкейіне одан әрі күдік ұялататын тәрізді. Алайда мамандар Қазақстанның сапалы медициналық қызмет көрсететін елдердің қатарына қосылатынына сенімді. Олардың сөзіне сүйенсек, дамыған елдердің түгелі дерлік сақтандыру жүйесіне көшкендіктен, өте жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетіп отыр. Бұл пікірмен таласа алмаймыз. Дегенмен еліміз шетелдік талай жүйені өз тәжірибемізге енгізуге тырысты емес пе? Соның бәрі сабақ болмағаны ма? Қалай десек те, жобаның жүзеге асуына әлі екі жыл уақыт бар. Осы уақыт аралығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің кем-кетігі түзетіліп, олқылықтар болмайтынына сенім артқаннан басқа қолдан келер шара жоқ.