Жалақысы аз, жұмысы көп

Жалақысы аз, жұмысы көп

Жалақысы аз,  жұмысы көп
ашық дереккөзі
515
  Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі ең төменгі жалақы мөлшері белгілі болды. Бұл тізімде Қазақстан бес мемлекет арасынан төртінші орынға жайғасыпты. Биылғы жылы еліміздегі төменгі жалақы мөлшері 14 пайызға өсті. Алайда бұл Қазақстанды төменгі нәтижеден құтқара алған жоқ. Айта кетерлігі, еліміздегі төменгі жалақы мөлшері әлемнің бірқатар мемлекеттерінен әлдеқайда аз.

Ең төменгі жалақы – 28 284 теңге

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде аз еңбекақы төленетін Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері биыл 14 пайызға өскеннің өзінде 28 284 теңгені құрап отыр. Бұл сома 100 долларға да жетпейді. Өткен жылы еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 24 459 теңге болған. Ал бізден кейінгі соңғы орынға жайғасқан Қырғызстандағы төменгі жалақы мөлшері – 1 200 сом (шамамен 6 мың теңге). Одақ елдері арасында көш басында тұрған мемлекет – Ресей. Көрші елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 9 мың рубльді (45 мың теңгеге жуық) құрайды. Одан кейінгі орындағы Беларусь елінде ең төмен жалақы алатындардың табысы – 305 беларусь рублі (шамамен 51 мың теңге). Ал Армениядағы төменгі айлық көлемі – 55 мың драм (51 мың теңге шамасында). Қарап отырсақ, Қазақстандағы төменгі жалақы мөлшері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен салыстырғанда екі есеге жуық аз екен. Демек Ресей, Беларусь, Армения тұрғындарының әлеуметтік жағдайы бізден неғұрлым жоғары. Ең бастысы, Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері де 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 24459 теңгеден 28284 теңгеге ұлғайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың хабарламасына сүйенсек, биылдан бастап азық-түлік себетінің құрылымы да өзгереді. 2018 жылы ең төменгі күнкөрісті құрайтын тұтыну себетінде азық-түлік бұрынғы 60 пайыздан 55 пайызға азайтылып, азық-түлік емес тауарлар 40 пайыздан 45 пайызға көбейтілмекші. «Ресми статистика бойынша, халықтың тұтыну құрылымы өзгерген. Халықтың азық-түлік емес тауарлар мен қызмет көрсетуге жұмсайтын шығыны 45 пайызды құрағандықтан, азық-түлік себетінің құрылымын өзгертуге шешім қабылданды. Осылайша, себеттің өзгеруінен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 16 пайызға ұлғайып отыр», – дейді Светлана Жақыпова. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде ең төменгі жалақы және күнкөріс деңгейінің мөлшері ұлғайды деп сүйіншілетті. Бірақ одан қарапайым халықтың қалтасы қалыңдай қоймайтыны сөзсіз. Өйткені «жалақы мен зейнет­ақы өсті» деген ақпарат тарағаннан бастап, сауда орындарындағы азық-түлік пен өзге тауарлардың құны аспандап шыға келеді. Одан бөлек коммуналдық тарифтер де өсіп жатыр.

«Жалақым жоғары» деп кім айтады?

Еліміздегі жалақы мөлшерінің аз екені, тіпті кейбір сала мамандарының, қара жұмысшылардың тапқан табысы күнделікті ас-суынан артылмайтыны талай мәрте көтерілді. Тіпті, өткен жылдың соңына таман халық қалаулылары да осы мәселеге қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутат Әли Бектаев өзінің Үкіметке жолдаған сауалында кейбір сала мамандары, әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің айлық табысы тым төмен екендігін тілге тиек еткен еді. Әли Бектаевтың келтірген деректеріне қарап отырып, мұндай қызметкерлердің еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерінен сәл ғана артық айлық алатынын көруге болады. «Әлеуметтік салаларда күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандардың, нақты айтқанда, тәрбиешілердің, медбикелердің, фельдшерлердің, санитарлардың, сондай-ақ, басқа да тазалықты қамтамасыз етіп жүрген техникалық жұмыскерлердің бүгінгі таңда алатын жалақысы өте төмен. Олардың біліміне, дәрежесіне емес, атқаратын жұмысының күрделілігі мен ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай еңбекақы тағайындауға тиіс деп есептейміз. Осының барлығын ескере отырып, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз», – делінген депутат сауалында. Жалпы, біздің елде ұрпаққа білім беретін, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын мамандарды даярлайтын білім саласы қызметкерлері ең төменгі атаулы жалақы алады екен. 2017 жылдың үшінші тоқсанында жарияланған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір қызметкердің орташа айлық жалақысы – 147 988 теңге. Ал білім беру саласының қызметкерлеріне белгіленген орташа жалақы мөлшері – 90,4 мың теңге. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 38,9 пайызға төмен. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Үкіметке ұстаздардың еңбек­ақысын 50 пайызға көтеруді тапсырды. Бірақ мұғалімдердің жалақысы да жайдан жай артпақ емес. Ұстаздар категориясын көтеру үшін халықаралық стандартқа сай тест тапсырады. Әрі ұстаздар үнемі өзін-өзі жетілдіріп, ізденісте болуы тиіс. Жаңа әдіспен білім беруге көшкен оқытушылардың табысы 30-дан 50 пайызға дейін көбейеді. Ол үшін бюджеттен 67 миллиард теңге қарастырылған. Бір айта кететін жайт, мұғалімдер жалақысын көтеру мәселесі жыл сайын сөз болады. Жасыратыны жоқ, мектеп мұғалімдерінің еңбекақысына үстемелер қосылып келеді. Бірақ жоғары оқу орындарындағы ұстаздар көп жағдайда ескерусіз қалып жататын тәрізді. Себебі осы уақытқа дейін мұғалімдердің жалақысы туралы сөз болғанда, тек мектепте білім беретін ұстаздардың еңбекақысын есептеумен ғана шектеліп жатамыз. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарында сабақ беретін қарапайым оқытушылардың да жалақысы жоғары болып тұрғаны шамалы. Мойнына артылған міндеті көп болса да, университет мұғалімдері сол қызметіне сай жалақы алмайтыны анық. Сабаққа әзірлену, одан бөлек ғылыми жұмыспен айналысу, түрлі шараларды ұйымдастыру, ғылыми журналдарға мақала жариялау, құжат толтыру сынды жұмыстар жоғары оқу орнының оқытушылары үшін таңсық емес. Таңның атысы, күннің батысы университетте жүретін ұстаздардың «жалақым жеткілікті» дегенін еститіндер көп емес. Жалақының аздығынан бір емес, бірнеше оқу орнында сабақ беріп жүрген ұстаздар қаншама?!

Төмен жалақы намысты таптайды

Елімізде тұрақты жалақының тым аз болуына байланысты өз-өзін жұмыспен қамтып жүрген жандар көп. Олардың олай етпеске амалы да жоқ. Бүгінгі күні 30-40 мың теңгенің күнделікті ас-ауқаттан артылмайтынын ескерсек, төмен жалақыға ешкімнің де жұмыс істегісі келмейді. Келмейді дейміз-ау, ондай мөлшердегі жалақыға қарап отыра алмайды. Өйткені бала-шағасын тамақтандыру керек, оқыту керек, киіндіру керек. Ал оның бәрі қып-қызыл ақша. ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 940 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, пайда тауып жүр. Олардың барлығы жалақыны конвертпен алады. Өткен жылдың соңында Астанада өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова: «Ондай жалақыдан бюджетке ешқандай төлемдер жасалмайды. Зейнетақы қорына да ақша аударылмайды. Демек, ол адамдар болашақта зейнетақыға қалай шығатындарын ойламайды. Әлеуметтік сақтандыру қорына да ақша төлемейді. Ертең еңбекке жарамсыз болып қаламын, бала көтеремін, я болмаса, мүлдем жұмыссыз қаламын деп, бір сәт ойлану керек қой», –  деген болатын. Рас, олар ертеңгі күнді ойламайды. Себебі ертеңін ойлауға мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі күннен отбасым аман-есен өтсе екен, қарны тоқ болса екен, киімі бүтін болса екен, суықта тоңбаса екен деп ойлайды. Айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген жандар еріккеннен тұрақты жалақысы бар жұмыстан қашып жүрген жоқ. Өзі болмашы айлықтың бір бөлігін зейнетақы қорына, бір бөлігін медициналық жарнаға аударса, қолында қалатын қаражаттың түкке де жетпейтінін білгендіктен сондай қадамға барады. Ал жеке кәсіпкерлікпен айналысып, кәсібін заңдастырмай отырған жандардың жөні бөлек. «Бұдан бөлек, 178 мың адам өздерін жеке кәсіпкер деп таныстырған. Алайда олардың барлығы тиісті мемлекеттік органдарда тіркелмеген болып шықты. Сонда олар кәсіпкерлікпен айналысса да, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер сияқты бюджетке ешқандай салық төлемейді, зейнетақы мен әлеуметтік қорға ақша аудармайды. Демек, Қазақстанда барлығы 1 миллионнан астам адам өз кәсібін заңдастыруы қажет», – дейді Светлана Жақыпова. Айта кетейік, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын сынға алды. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды тіркеу шаралары ойдағыдай жүргізілмейді. Содан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кейінге шегеруге тура келді. Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің мәртебесін анықтап, белгілі бір топқа қосыңдар деп талай рет айтқан болатын. Президенттің бұл сөзін Тамара Дүйсенова елемеген секілді. «Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отыр. Адамдарды жұмысқа тарту үшін мүмкіндік беріп, жеке кәсіп бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», – деді Елбасы. Расында да, ел азаматтарының әлеуметтік ахуалын жөнге келтіріп, халықтың жұмыспен қамтылуына жағдай жасалуы қажет. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тікелей артылатын міндет. Сондықтан ведомство басшылығы түйткілдің түйінін тарқатуға асыққаны абзал.            

Серіктес жаңалықтары