282
Алматы тұрғындарына 954 пәтер кілті берілмек
Алматы тұрғындарына 954 пәтер кілті берілмек
Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 954 пәтер кілті беріледі, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Арнаның хабарлауынша, баспана алуға өтініш беру мерзімі қаңтардың 10-ы мен 16-сы аралығында жүргізілді. Бағдарлама бойынша пәтер алуға өтініш бір апта ішінде берілуі тиіс болған. Осы аралықта халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы қыза түскен. Әсіресе, электронды цифрлы қолтаңба алушылар осы кезде 34 пайызға артқан.
«Бағдарлама бойынша өтініш беру күні басталғаннан бергі 7 күнде 20 мыңнан астам адам электронды цифрлы қолтаңбасын алуға келген. Өткен бір айда дәл осы қызмет түріне 14 мыңдай жан жүгінген еді. Бірақ біз, нақты қанша азаматтың веб-портал арқылы үй кезегіне өтініш бергенін, айта алмаймыз. Өйткені электронды қолтаңба алғандардың әрқайсысына көрсетілетін қызмет әртүрлі», – дейді Алматы қалалық халыққа қызмет көрсету департаментінің директоры Әсел Мамыржанова.
Ал, басқармадағылар болса пәтер алу өтініш берумен бітпейтіндігін айтады. Кезекке тұрғандар саны анықталысымен, тексеру жұмыстары жүреді. Содан кейін ғана өтініш иесіне жауап қайтарылуы тиіс көрінеді.
«Әрбір өтініш иесі өзінің веб-порталдағы жеке кабинетінен өтініштің жағдайын бақылап отыруына болады. Өтініштің жауабы келген кезде, яғни ол кісіге жолдама берілген уақытта сәйкес қаржылық операторға төлем қабылетінен өтуге бару қажет. Бағдарлама шеңберінде әрбір шаршы метрді жалға алу 786 теңгеден бастап 1120 теңгеге дейін құрайды», – дейді Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Алтынай Әлімханова.
Алтынай Әлімханова, сондай-ақ, ең бірінші кезекте көп балалы аналарға, толық емес отбасылар мен оралмандарға, мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға «Жас қанат» тұрғын кешенінен пәтер кілті табысталатындығын айтады. 954 пәтерді Қазақстан Ипотекалық компаниясы үлестіреді. Ал, сатып алу құқығы мен жалға алу мерзімі – 20 жыл.
Өткен жылы Алматыда кезекте тұрғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасымен 4 618 пәтер берілген. Биыл әзірге 1300-дей пәтер кілтін табыстау жоспарланған. Бірақ үйлер үлестірілгенімен, тізім қысқарар емес. Бүгінде 20 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр.